Жоғарғы Сот Ф.Эберт атындағы Герман қорымен және ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен «Соттардың БАҚ-пен өзара байланысы» тақырыбында сарапшылар кездесуін ұйымдастырды.
Іс-шараға Жоғарғы Соттың судьялары, заңгерлер қауымдастығының өкілдері, сот-құқық тақырыбына маманданған журналистер мен блогерлер қатысты.
Жоғарғы Соттың өкілдері Аслан Түкиев, Назгүл Рахметуллина, Елена Максюта, Елдос Жұмақсанов пен Айдос Садуақасов сот ісін жүргізудің ашықтығы мен жариялылығы қағидаттарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Қатысушылар сот ақпаратына қол жеткізу мәселелерін, жариялылық туралы нормативтік қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды талқылады.
Судьялардың съезінен кейін кейбір блогерлер «Сот істерін дауға айналдыру» ұғымын қоғамға біржақты жеткізгенін айта келе, А.Түкиев осы бағытта түсініктеме берді.
Сындарлы әңгіме барысында Жоғарғы Соттың спикерлері қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, соттардың қоғаммен өзара байланысы туралы хабардар етті.
Қатысушылар соттардың азаматтармен кері байланысы және сот ақпаратымен қамтамасыз ету сапасының жақсарғанын атап өтті.
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі