Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсызақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін өзі таныта білуде. Он жылдай уақыт бұрын біз «Медиация туралы заң» қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек.» – дегені көпшілікті елең еткізді.
Президент айтқандай, кейбір әкімдер мен миинистрлер медиацияны дамыту мәселесіне мейлінше мән беріп, оны насихаттауға жеткілікті көңіл бөлмеген секілді? Ал биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесінде 2012 жылдан бері Жоғарғы Соттың бастамасымен және жергілікті соттардың қолдауымен медиацияны дамыту жолында ауқымды жұмыстар атқарылып, соңғы бес жылдың өзінде 160 мыңнан астам азаматтық іс татуластырушы судьяның жәрдемімен, яғни сот медиациясымен қаралған. Сонымен қатар, өткен 9 жылда жергілікті сот қызметкерлерінің тарапынан мыңдаған мақалалар жарияланып, жүздеген жиындар өткізілді.
Өздеріңізге белгілі, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты 2018 жылы Түркістан облыстық және Шымкент қалалық соттары болып бөлінгенге дейін Шымкентте бірнеше республикалық, өңірлік семинарлар өтті. 2012 жылы 3 шілдеде қаладағы «Алтын Орда» Бизнес-орталығында ҚР-ның Жоғарғы Соты мен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы үйлестірушісінің ұйымдастыруымен «Қазақстанда медиация институтын енгізу» тақырыбында өткен өңірлік семинарға Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің жауапты қызметкерлері, Қызылорда, Жамбыл, ОҚ облыстарының судьялары мен облыс әкімдері аппаратының бөлім меңгерушілері және Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалаларындағы «Медиаторлар одағы» қоғамдық бірлестігінің басшылары мен медиаторлары және бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) өкілдері қатысты. ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріповтың семинарда сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі таңда, «Медиация туралы» Заңның қолдану аясын кеңейту және оны насихаттау мақсатында биылғы 6 айда 21 «дөңгелек үстел», 10 елді мекенде халықпен кездесу өткізіліп, 49 мекемеде лекция оқылды және баспасөз беттерінде 40 мақала жарияланып, телерадио арқылы 13 сұхбат берілді. Медиаторлардың қатысуымен жергілікті соттарда 25 азаматтық және 17 қылмыстық істер бітімгершілікпен аяқталды.» дегені есімде.
2011 жылғы 5 тамызда «Медиация туралы» Заңның күшіне енуі, шын мәнінде сот билігіне қатысты елеулі өзгерістің бірі болғаны анық. Медиацияны қарапайым тілмен айтқанда бітімгершілік деп түсінуге болады. Яғни, қандай да бір мәселе бойынша жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар арасында келіспеушілік болғанда, оны соттан тыс өзара келісім жағдайында шеше алады. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы жүзеге асырылады. Кезінде қазақ қоғамындағы неше түрлі даулы мәселелерді, екі ауыз сөзбен ғана шешкен аузы дуалы билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. 2013 жылы Астанада өткен судьялардың VI съезінде Елбасы: «Қазақстанның құқық жүйесін дамытудың ауқымды әлеуеті, әсіресе, әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалық жолдарын енгізуде жатыр. Медиация туралы заңнаманың жетілмегендігі біздің еліміздегі даулы жағдайларды реттейтін соттық емес институттардың дамуын тежеп отыр. Биылғы жылы барлық істің 1 пайызы ғана медиация тетіктерінің пайдаланылуымен қаралды. Медиация туралы отандық заңнаманы халықаралық стандарттармен сәйкестендіру керек. Бұл Қазақстанның сот жүйесіне оң ықпал етеді, соттардың жүгін жеңілдетуге септігін тигізетін болады.» деген сөзінен сол жылдары медиацияның қарқыны өте төмен екендігі байқалады.
Осы тапсырмаға сәйкес, 2015 жылы жаңадан қабылданған ҚР-ның Азаматтық процестік кодексінде (АПК) «Татуласу рәсімдері» деген жеке тарау енгізілді. Бұл дауды татуластырушы судьяның жәрдемімен медиация арқылы немесе медиатордың көмегімен шешу рәсімі сияқты істерді қараудың баламалы тәсілдерін кеңінен қолдануды реттейді. Мұнымен қоса дауды тараптардың адвокаттары арқылы реттеуді көздейтін партисипативтік рәсім институты енгізілді. Бұлардың барлығы ең алдымен тараптардың өзара татуласуына және соттарда қаралатын істердің жүктемесін төмендетуге, тараптардың материалдық шығынын қысқартып, істі қысқа мерзім ішінде қарап бітіруге мүмкіндік ашты. Осылайша, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген, АПК-ның жаңа тарауы бір-екі жылда өз тиімділігін дәлелдеп, соның нәтижесінде елімізде медиацияны қолданумен аяқталған істер саны жылдан жылға біртіндеп өсті.
2016 жылы облыс әкімі Б.Атамқұлов облыстық сотқа келіп, судьялармен кездесіп, меморандумға қол қою кезіндегі сөзінде: «Облыстық соттың статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылдан бергі 5 жыл ішінде облыс соттарында қылмыстық істің 2256-сы, азаматтық істің 2056-сы және әкімшілік істің 1674-і бойынша даулар медиация тәртібімен қаралып, екі жаққа да тиімді шешімдер шығарылған. Ал, биылғы 5 айда азаматтық істің 416-сы медиация, 95-і партисипативтік рәсім тәртібімен және қылмыстық істің 243-і, әкімшілік істің 121-і медиация тәртібімен қысқартылған. Осы көрсеткіштен-ақ, азаматтық істерді шешудің баламалы тәсілдерін қолдану ауқымы кеңейгені байқалады. Медиация Заңның түп-тамыры әріден, қазақ даласындағы билер сотынан бастау алатындықтан, медиацияны іс жүзінде кеңінен қолдану үшін, облыстық әкімдік пен барлық құқық қорғау органдары бірлесіп кірісу керектігін, даулы істерді тергеу органдары мен сотқа жеткізбей-ақ, жергілікті ардагерлер кеңесі мен ауыл билерінің, заңгерлер мен беделді азаматтар, кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың көмегімен шешуге мейлінше көңіл бөлу қажеттігін баса айтқым келеді. Осыған байланысты, бүгін облыстың судьяларымен кездесіп, меморандумға қол қойып, осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет деп есептеймін.» деген болатын.
Тағы бір статистикалық деректе, 2016 жылы медиаторлардың көмегімен облыста 2843 іс татауласумен аяқталды. Соның ішінде, кәсіби медиаторлардың қатысуымен – 900 іс бойынша татуластыру рәсімі өтті. Қоғамдық медиаторлардың қатысуымен – 639 іс, сот медиациясы бойынша – 953 іс, ал партисипативті (тараптардың қорғаушыларының қатысумен) – 171 және татуласу келісімі негізінде (дауласушылар өздері бітімге келіп, келісімдерін сотқа бекітуге келді) – 181 іс медиаторлардың көмегімен шешілген. 2017 жылы бұл көрсеткіш 3603-ке дейін жетіп, өткен кезеңдегі 2843 іспен салыстырғанда, 760 іске артқаны туралы айтылған.
Республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысының берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен, азаматтық сот өндірісіне судьяның қатысуымен бітімгершілік рәсімдерді енгізудің қанатқақты (пилоттық) жобасы іске асырылды. Оны халыққа түсіндіру мақсатында жергілікті соттарда БАҚ-пен белсенді жұмыс жүргізіліп, соның нәтижесінде мамыр-қараша айларында облыс соттарында сот медиациясымен 467 азаматтық іс қаралды. Осы жылдары қалада және облыста медиацияны кәсіби негізде жүргізетін бірнеше орталықтар ашылып, жалпы тіркелген кәсіби емес медиаторлардың саны 570-ке жетті.
Еліміздің сот жүйесінде 2018 жылдан бері Жоғарғы Соттың Төрағасы Ж.Асановтың бастамасымен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы қолға алынып, жергілікті соттарда ауқымды жұмыстар атқарылды. Жобаны іске асыру аясында 2018 жылы 15 маусымда Шымкенттегі «Қазақстан халқы Ассамблеясының» ғимаратында Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшісі С.Сүлеймен оңтүстік өңірінің зиялы қауым өкілдерімен «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» тақырыбында кездесу өткізді. Оған зиялы қауым өкілдері, ардагер судьялар, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысып, кездесу шеңберінде қоғамдағы дауласу деңгейін төмендету мүмкіндіктерін талқылады.
Жоғарғы Соттың «Татуласу – сотқа дейін, сотта» жобасын жүзеге асыру мақсатында, Шымкент қаласының соттарында қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды соттан тыс шешу тәсілдерін жетілдіру бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылды. 2018 жылы қалалық соттың бастамасымен аудандық және оған теңестірілген соттарда татуласу кабинеттері ашылып, «Татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасын іске асыру мақсатында татуластыру рәсімдерін жүргізетін тәжірибелі судьялар бекітілді. Қаладағы татуластыру орталықтары халыққа белсенді түрде қызмет көрсетуде.
Осындай жұмыстың нәтижесінде, татуластыру тәртібімен 2018 жылы 39 мың, 2019 жылы 49 мың іс қаралыпты. Бұл жобаға республикадағы 97 сот қатысып, еліміз бойынша 118 татуластырушы-судья даудың бітіммен аяқталуына атсалысқан. Өткен екі жарым жылда Жоғарғы Сот пен жергілікті соттардың тарапынан қыруар жұмыстар атқарылып, еліміздің 17 облысы мен қаласында 47 «Татуласу орталығы» ашылып және аудандық, қалалық соттардың жанынан Билер кеңестері құрылып, жұмыс істеуде. Осылардың көмегімен мыңдаған дау-дамайлардың бітіммен шешіліп жатқаны жөнінде Жақып Қажыманұлының айтқанынан жұртшылық хабардар.
2019 жылдың 28 қаңтарында дау-жанжалдарды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеудің институттарын жан-жақты дамыту және белсенді түрде енгізу мәселесі бойынша Шымкент қалалық әкімдігімен өзара әрекеттестік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Ал, ақпан айында ҚХА-ның Шымкент филиалымен бірлесіп, аудандық Билер кеңестерінің мүшелері мен кәсіби емес (қоғамдық) медиаторлардың құқықтық білімін арттыру мақсатында қалалық сотта «Татуластыру рәсімдерін жүргізу ерекшеліктері» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Осындай іс-шараларды аудандық соттар өздерінің аумақтарында өткізді. Былтыр 20 ақпанда Қаратау аудандық соты аудандық әкімдіктер жанынан ашылған медиатор кабинеттерінің жұмысындағы, оңды өзгерістерді көрсету мақсатында «Сотқа дейін және сотта татуластыру рәсімдерін қолдану тәжірибесі» тақырыбында «дөңгелек үстел» барысында Билер кеңесімен өзара іс-қимыл жасау орталығымен жұмысты үйлестіру, дауды баламалы жолдармен шешудің тиімділігі туралы мәселелер көтеріліп, судьялар қауымдастығы мен медиаторлар медиация институтын дамыту бойынша пікір алмасты. Жиынға БАҚ өкілдері қатысып, талқыланған мәселелер телеарналар арқылы насихатталды.
Өткен жылы қаңтарда Татуластыру рәсімдерін қолданудың аясын кеңейту бағытында белсенді жұмыс атқарған судьялар мен кәсіби және қоғамдық медиаторлар төрағаның «Алғыс хатымен» марапатталды.
2019 жылғы сәуір айында қоғамда жанжалдың деңгейін төмендетуге ықпал ететін медиацияны жан-жақты дамыту жөніндегі бірлескен іс-шаралар өткізу мақсатында Шымкент қалалық соты мен Әділет департаменті, Нотариалдық палатасы, Адвокаттар алқасы, қалалық ҚХА филиалы және «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақ бірлестігі өзара Меморандумға қол қойылып, оның шеңберінде тараптар өңірде медиацияны, дауларды сотқа дейін реттеудің басқа да институттарын Достық, қоғамдық келісім кеңесі мен ардагерлер үйлерінің базасында дамытуға ықпал етуге уағдаласты. Шымкентте Құқықтық қызмет көрсету орталығындағы кабинеттерде кәсіби медиаторлар азаматтарға қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, соттан тыс татуластыру орталықтары аудандық әкімшіліктерде 4, ҚХА-ның Шымкент филиалында 1 кабинет, білім беру ұйымдарында 6 медиация кабинеті және Шымкент қаласы бойынша кәсіподақ ұйымында медиация орталығы бар.
Былтыр мамыр айында Қаратау аудандық сотының бастамасымен Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында тұңғыш «Татуласу алаңы» ашылды. Ал маусым айында Қаратау, Еңбекші аудандық соттарының бастамасымен қаладағы №80, №57, №24, №46 және №89 мектептерде медиация кабинеттері ашылып, оның қызметіне мектеп мұғалімдері, ауыл билері және кәсіби емес медиаторлар жұмылдырылды. «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобасын іске асыру мақсатында Абай аудандық сотының 2019 жылғы10 маусымдағы Өкімімен «Отбасы шуағы» жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеуде. Топтың құрамында медиатор, психолог, нарколог, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту ұйымдарының, ішкі істер органдары мен қоғамдық бірлестіктердің және БАҚ өкілдері бар. Топ мүшелері әр сейсенбі сайын жиналып, аудандық соттың өндірісіндегі отбасы қатынастарынан туындайтын дауласушы тараптардың келісіміне сәйкес, олармен сұхбат жүргізеді. 6 айда топтың 22 отырысы өтіп, 200-ден астам дауласушы тараптармен сұхбат жүргізудің нәтижесінде 103 іс татуластыру рәсімін қолдану арқылы тоқтатылса, ал 61 іс бойынша талап қоюшылар талап қою арыздарын қайтарып алған.
Қолға алынған осындай жұмыстың арқасында 2019 жылы аудандық соттарда 1779 азаматтық іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталған (оның 1447-сі медиацияны қолдану арқылы, 42 іс партисипативтік тәртіппен және 290 азаматтық іс бітімгершілікпен аяқталған. Апелляциялық алқада 53 іс медиация және 10 іс бітімгершілікпен келісім жасаумен біткен. Өткен жылы жергілікті соттарда Медиацияны дамыту бойынша 30 «дөңгелек үстел», 59 семинар өткізіліп, 36 мекемеде лекция және 18 жерде халықпен кездесулер ұйымдастырылды. Сот қызметкерлері 71 рет БАҚ-қа шықты және 74 баспасөз хабарламасы сайтқа салынды. Қыркүйек айында Шымкент қалалық сотында ашылған ФРОНТ-КЕҢСЕде тараптарды медиация тәртібімен келісімге келтіруге арналған Татуласу бөлмесі және медиаторға, прокурорға арналған жеке кабинеттер бар.
Баршаңызға белгілі, Ж.Асанов айтқан: «Татуласу – дауды шешудің ең дұрыс жолы» – деген сөзін дауласушы тараптардың құлағына күн сайын құя беруіміз керек. Осы ретте, журналистер мен блогерлер, медиаторлар мен заңгерлер, т.б. азаматтар бізді қолдайды деген пікірдемін. Өйткені, біздің бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» – деген. Ол жөнінде, өзім де өткен айларда ЖС-тың Төрағасы Ж.Асановтың оқырманға арнаған үндеуін жұртшылыққа жеткізу мақсатында бірнеше мақалалар жаздым.
Тағы бір мақаламда: «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды», – деп, сөзді айтушыға да, оны тыңдаушыға да қатаң талап қойған. «Сөзге тоқтау» деген – сөзге сенуден туындаған ұғым. Адамдар бір-біріне сене білген, қазылық айтар билердің әділеттілігіне сенген.» – дедім. Мұндағы мақсат дауласқан тараптарды татуласуға, бітімге, келісімге шақыру. Сонымен қатар, Шымкент қалалық және аудандық соттардың судьялары «Ońtústik», «Айғақ», «Отырар-ТВ», т.б. телеарналарға барып, он сегіз сұхбат берді, газетке 60-тан астам мақала жазды. Әлбетте, «татулас, келісімге кел» – деп, 60-70 рет айтқан, жазған аздық етуі мүмкін! Бұл «Алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билеріміздің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы деп түсінгеніміз жөн.
Сонымен қатар, жағымды жаңалықтың бірі, ол биылғы 22 маусымда медиация бойынша «ҚР-ның Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістер туралы» Заңның күшіне енгені. Осы Заңда татуластыру рәсімін кеңірек қолдану жағы да қарастырылған және медиация тетіктерін процестік жағынан реттеу, судьялардың медиацияны жүргізу және ол келісімді бекіту рәсімдері де жазылған. Содан бері қаладағы 11 татуластырушы-судья азаматтық, еңбек, отбасылық дауларды, т.б. істер бойынша медиацияны қолданып, тараптарды өзара бітімге шақыру мақсатында белсенді түрде жұмыс жүргізуде. 24 маусымнан 18 қыркүйекке дейін Шымкент қаласының соттарына 2232 азаматтық іс түсіп, оның 434-і талапкерге қайтарылған. Ал 312 іс медиация тәртібімен аяқталып, 901 іс бойынша тараптар медиацияға келіспей, сот тәртібімен қарауға жолданған. Алғашқы үш айдағы нәтиже Шымкентте сот медиациясының кеңінен қолданысқа енгізілгенін көрсетеді. Алдағы уақытта тараптарды татуластыруға байланысты сот медиациясының саны да арта түсетіні анық! Медиацияны іске асыруға еліміздегі барлық құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімдер және БАҚ өкілдері жұмылдырылса, медиацияның тиімділігін халық сезініп, оның игілігін де көрер еді.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Шымкент қалалық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы