Бiз өмір сүріп отырған қоғамда шешімі күрделі мәселенің бірі сыбайлас жемқорлық. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеуі керек. Әділет министрлігіне көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Білім және Ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алғаны жөн» деп айтқанындай балалардың тәрбиесіне аса қатты мән бергеніміз абзал.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың маңызы БҰҰ құжаттарында атап көрсетілген. Қазақстан да 37 мемлекет қабылдаған конвенцияға қосылған. Және 1998 жылы 2 шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылдады. Елімізде сонымен қатар сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық, тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікті реттейтін арнайы нормативтік –құқықтық актілерде қабылданды. Оларға «Мемлекеттік қызмет туралы» (1995) және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (1998) ҚР заңдары жатады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше,
мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек.»
Бүгінде жемқорлықпен тиянақты күрес жүргізіп, айтарлықтай табысқа ие болған елдердің қатарына Нидерланды, Финляндия, Ұлыбритания, Швеция, Жаңа Зеландия, Канада, Норвегия, Швейцария, АҚШ, Австралия, Сингапур, Люксенбург, Ирландия, Израиль, Дания, Австрия, Жапония, Германия, Исландияны жатқызуға болады. Бұл елдерде сыбайластық дертін ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде қарайды. Сондықтан онымен күрес көлемді және кешенді сипат алған. Айталық, Данияда жемқорлыққа қатысты оқиғалар бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жарияланады. Бұл жариялылық өз кезегінде ұлттық аудиторлық бюро мен парламенттік омбудсмендердің талқысына түседі. Ал Швецияда тәуелсіз және нәтижелі сот жүйесі қалыптасқан. Бұл елде табысы өте жоғары шенеунікке күдікпен қаралады. Кірісі күдікті жолмен өскен шенеунікке қоғамдық пікір күшейеді. Соның салдарынан ол қызметтен кетуге мәжбүр болады және жауап беруге міндеттеледі.
Сингапурда сыбайлас жемқорлық жоққа тән деуге болады. Бұған бір кездегі премьер-министр Ли Куан Ю-дың зор еңбегі ықпал етті. Бұл елде шенеуніктердің қызметі қатаң реттеліп, заңдардағы екі мағыналық жойылды. Көптеген рұқсат ету және лицензиялау түрлері алынып, биліктің органдарының қызметі қарапайым әрі этикалық стандарттардың сақталуы қатаң қадағаланды. Ли Куан Ю үкімет мүшелеріне және оның жақын туыстарына да қарсы тергеулер жүргізді. Жемқорлықпен ұсталған министрлер бас бостандығынан айырылды.
Қытайда кәсіпкердің жеке меншігіне ешкімнің заңсыз қол сұғуына жол жоқ. Бұл мемлекеттік ауыр қылмысқа жатады. Жеке меншік пен кәсіпкерлік мемлекет тарапынан қорғалғандықтан кәсіпкерлікпен құлшына айналысу үлесі артты. Жергілікті билікке сенгендіктен шетелдік инвесторлар көптеп келе бастады. Оның салдары Қытайдың экономикалық өсіміне әсер етті. Бұл елде кәсіпкер қандай да бір шенеуніктің кесірінен зиян шексе, оның орнын мемлекет толтырады. Ал мемлекет ол шығынды кінәлі шенеуніктен немесе уысқандарынан өндіріп алады.
Канадалық шенеуніктерге қызмет барысында сыйлық алуға болмайды. Әйтсе де аталмыш елдердің бірқатары «бармақ басты, жең ұшы» әдетінен толық арыла алған жоқ. Айталық, бірер жыл бұрын Қытайда қоғамдық қауіпсіздік министрі қызметін атқарған Чжоу Юнкан өмір бойы қамауға алынды. Оған сыбайлас жемқорлық, билікті асыра пайдалану және мемлекеттік құпияны жариялау бабы бойынша айып тағылды. Оның баласы Чжоу Бинь де әкесімен «сыбайлас» ретінде ұсталды. Бразилияның бұрынғы президенті Луис Игнасиу Лула да Силва сыбайлас жемқорлық үшін 9,5 жылға сотталды. Ресейдің экономикалық даму министрі қызметін атқарған Алексей Улюкаев 8 жылға бостандығынан айырылды.
Әлемдік тәжірибенің сәтті, сәтсіз тұстарын сараптай келе елді заңмен қорқытып ұстау немесе үрейлендіру арқылы сыбайластықты жою мүмкін еместігі анықталған сыңайлы. Демек сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың тетігі парасат идеясына тірелетіндей. «Асап тоймаған, жалап тоймайды» дейді бабаларымыз. Қоғамда парасат мәдениетін қалыптастыру, тойымсыздық тәрбиесіне тосқауыл қою маңызды болмақ. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне үлкен қауіп әкеледі» дейді әл-Фараби. Кез-келген қазақстандық жемқорлықтың Отанға опасыздық екенін түсініп, ізгілік жолымен жүрсе, еліміз әлемдік биікке көтерілері анық.
Жанар Рахиева, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот отырысының хатшысы