Жастар үйленер алдында өздеріне үлкен жауапкершілік артылғанын толық сезінуі керек. Ер адам – отағасы, отбасының асыраушысы екенін, әйелі мен балалары үшін жауапты боларын ұғына білсе, қыздар – үйдің берекесі, отбасының ұйытқысы, ардақты ана және адал жар болу жауапкершілігін толық сезінгені жөн. Отбасы беріктігінің негізгі қағидасы әрдайым ақылды басшылыққа алу, әрбір ортақ шешімді ой таразысына сала білу екені даусыз. Отбасын құруға талпынған әрбір жұп сабырды серік етіп, сыйластықты серік ете алса бұл – отбасы бақытының кілті болар еді. Осы орайда бүгінгі жастардың болашақ отбасылық өмірге дайындығы, бақытты да баянды өмір сүруіне әзірлігі мен қажеттілігі жайында сауалнама жүргізген едік. Бір сөзбен айтқанда, «Сіз отбасын құруға дайынсыз ба? Бақытты отбасының сыры неде?» деген сауалнамамызға берілген жастардың жауабы түрлі бағытта өрбіді.
Дархан, студент:
Қыздар махаббатқа сенбейді.
Қазіргі қыздар сезім, махаббат дегенге көп сене бермейді. Мәселен менің тобымдағы қыздар болашақ күйеулерінің машинасы, қызметі, ақшасы болғанын қалайды. Оны отырыстарда, өз арамыздағы әңгімеде айтып отырады. Үйде табысты болмаған еркектің отбасында қадірі болмайды деп ойлаймын. Сондықтан әзірге үйленуге дайын емеспін. Бірінші кезекте оқуымды бітіріп, көлік, үй алып, тойға ақша жинап алуым керек. Содан кейін ғана отбасын құруға дайындаламын. Менің ерте үйленген достарым бар. Көпшілігі қалада тұрады. Пәтер жалдайды. Кейбірінің жалақысы пәтерақысына жетпейді. Өзімнің бірге оқыған досым жалақысын пәтерақыға беріп, өз әйелінің айлығына күн көреді. Екі баласы бар. Соларға жәрдемақы алатын шығар. Бірақ ол балаларының керек жарағынан аспайды. Қатты қиналып жүр. Соларға қарап отырып, отбасы болу үшін алдымен материалдық жағдайымды туралап алуым керек деп ойладым.
Мирас, такси жүргізушісі:
Мен жұмысымды, сүйіктім мені тастап кетті.
Мен екі жоғары оқу орнын бітіргенмін. Бірақ жұмыс табылмаған соң, такси жүргізушісі болып жүрмін. Алғашында намыстанатын едім. Кейін үйреніп кеттім. Екінші дипломымды алған соң, мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп көргенмін. Бес ай жұмыс істеп көрдім, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы аз екен. Біз секілді жас мамандар болмашы тиын тебен алады. Біраз тәжірибе жинап, мансабың өскенше көретін күнің сол. Мен жұмыстан кейін адам тасып қосымша табыс табатын едім. Байқап отырсам, таксиден түсетін пайда жалақымнан көп екен. Әрі ешкім бастық болмайды, өз еркің өзіңде. Сондықтан жұмысымды тастап кеттім. Есесіне сөйлесіп жүрген қызым мені тастап кетті. Ол менің «үлкен бастық» болғанымды қалады. Ал мен ол жердегі жалақымен жуық арада «үлкен бастық» болмайтынымды түсіндім. Такси болып жүріп қосымша саудамен айналысамын. Алыс қалаларға жолаушыларды жеткізіп, қайтарымда қымбат көліктердің бөлшектерін алып келемін. Оған арнайы тапсырыс қабылдаймын. Сөйтіп жүріп жер алып, үй салдым. Қазір көлігім жаңа, үйім бар, бірақ қыздарға деген сенім жоқ. Жасым отызға келіп қалды, ата анам үйленуімді қалайды. Бірақ менің құлқым жоқ.
Мәдина, кондуктор:
Бақытты отбасы болу екеумізге ортақ міндет.
Болашағын ойлайтын, ақылды, саналы азамат жолығып жатса, тұрмысқа шығуға дайынмын. Мен үшін жігіттің ақшасы емес, еңбекқорлығы маңызды. Жалқаулыққа салынбайтын, отбасының міндетін ауырсынбай арқалай алатын, сенімді жігітке тағдырымды сеніп тапсырар едім. Диплом, машина деген алдамшы дүние. Екі арада ортақ түсіністік болса, жұмыстан қашпаса, адал еңбекпен-ақ көлікке де, үйге де жетуге болады. «Еркектің тапқанын ұқыпты ұстап, берекесін кіргізіп отыратын әйел» деуші еді апам. «Ақшаны орнымен жұмсауға келгенде ұқыптымын», деп мақтанып қояйын.
Ғалия, жас маман:
Биыл шаңырақ көтереміз.
Сөйлесіп жүрген жігітім бар. Биыл шаңырақ көтереміз деп уәделесіп қойдық. Мен жұмыс істеймін. Ол да жоғары оқу орнында сабақ береді. Бірақ, жеке үйі, көлігі жоқ. Екеуміз де жұмысқа жаңадан кіргенбіз. Өз басым «алдымен үй, машина, отбасы содан кейін» дейтіндерді түсінбеймін. Бір біріңді қалап, ұнатып қосылған соң, барлық қиындықты жігіттің мойнына артып қоймай, бірге көтеру керек. Әркім өз табысын өзіне жаратып жүрген үйде береке болмайды. Болашақта біреуміздің табысымызды отбасының қажеттілігіне жаратып, біреуміздің табысымызды пәтерге жинаймыз деп келістік. Қазір мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Жас отбасы ретінде сол бағдарламаға ілініп кетеміз. Адамның болашаққа деген сенімі болса, алмайтын қамалы болмайды.
Мұхтар, жеке шаруа:
Ауылға кеттік, қалқатай…
Әкем «биылдан қалмай үйленесің» деген талап қойып отыр. Өзім де үйленуге дайынмын деп ойлаймын. Әкем тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жеке шаруашылық ашқан. Енді сол кісінің тірлігін мен жалғастырып жатырмын. Үш ағам Алматыда, екі ағам Шымкентте тұрады. Әпкелерім тұрмыста, үйдің кенжесімін, бойдақпын. Әкемнің тапсырмасынан кейін жеңгелерім жабылып қыз іздеп жатыр. Өзімнің сөйлесіп жүрген қызым «ауылда қалатын болсаң тимеймін» деп тұрмысқа шығудан бас тартты. «Сенің сиырыңды сауып жүргім келмейді» дейді. Негізі ақыға жұмыс істейтін малшыларым, сауыншыларым бар. Бірақ қыздың сөзіне қырсықтығым ұстап «саумасаң қоя ғой» дедім. Ол қалада мұғалім. Жалақысы өзіне жетіп артылады. Сондықтан, өзі секілді жалақыға жұмыс істейтін адамды күтіп жүрген шығар. Ал мен ата-анаммен ауылда тұратын боламын. Менің де дипломым бар, бірақ оның керегі болмай қалды. Шаруашылықпен айналысып жүрген адамның мекемеде жұмыс істеуге уақыты да бола бермейді. Сондықтан ата-анама қарайтын, жақсы келін болатын, шаруашылыққа икемі бар қыз табылып жатса, «ауылға кеттік, қалқатай» деп бүгін үйленуге дайынмын.
HALYQ MEDIATORY ақпарат