Құрметті оқырман! Тәжірибе жүзіндегі жиі қойылатын сұрақтарға тоқталып өтсек.
Сұрақ: Қандай жағдайларда медиация рәсімі жүргізіледі, ал қай жәйттерде өткізілмейді ?
Жауап: Медиация рәсімі сотқа дейін, сот кезінде-соттан тыс, немесе сот шешімінің орындалу сатысында да жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар арасында, тараптар таңдаған бейтарап және тәуелсіз медиатордың қатысуымен өтетін рәсім. Медиация рәсімін жүргізу немесе өткізбейтін жағдайлар ҚР «Медиация туралы» Заңымен толығымен қарастырылған. Бұл жерде, Қазақстан патриоты ретінде айтарым: негізі, шет жерлерде жүргенімде, немесе осы медиация тақырыбына, сол басқа елдердің өкілдерімен кездескенімде «ауыз толтырып» айтатыным: Біздің елде медиация рәсімі барлық жағдайларда қолданылады. Қатынас азаматтық болсын, коммерциялық болсын, немесе қылмыстық жағдайларда да, қолданылатын рәсім. Барлық жәйттарда. Тек үш жағдайда ғана қолданылмайды. Қолданылмайтын жағдайлар үшеу ғана. Бірі, егер дауларда сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделері қозғалса немесе қозғалуы мүмкін болса, медиация рәсімі қолданылмайды. Сосын, тараптардың бірі мемлекеттік орган болғанда немесе егер сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
Сұрақ: Ауыр қылмыстық істер бойынша медиация жүргізілсе, ал ол істер қысқартылуы мүмкін бе?
Жауап: Ия. Көрсетілген жағдайлардан басқа барлық жерлерде, айтқандай сотқа дейін, соттың барысында, соттан тыс және орындалу өндірісі кезінде жүргізіледі. Ауыр істер бойынша, өте ауыр істер кезінде де медиация жүргізіледі. Енді, істердің қысқартылуына келсек, ол басқа жағдай. Біздің еліміздегі талаптарға сүйенсек, егер тұлға алғаш рет ауыр қылмыс жасап, онан соң медиация жүргізіліп, келісімге келген жағдайда ауыр қылмыс қысқартылуы мүмкін. Біріншіден, егер қылмыстық істер бойынша, жағдайда тарап қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Ал егер, ауыр қылмыс жасалынып, ол бойынша қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, 58 жасқа толған немесе одан асқан әйелдер, 63-ке толып, онан асқан еркектер, егер олар жәбірленушімен, медиация тәртібімен келіскен жағдайда, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Ал егер, бұған жатпайтындар жасаған жағдайда: ауыр қылмыста-жазаның жоғарғы деңгейінен 2\3 нен, өте ауыр қылмыста жазаның жоғарғы деңгейінен 3\4-нен аспайды.
Сұрақ: Медиаторлардың қызметін қалай қолдануға болады?
Жауап: Медиаторларды реестрінен табуға болады. Кәсіби медиаторларды медиатор орталығының сайттағы реестрінен, ал кәсіпқой емес медиаторларды жергілікті атқарушы органдардың реестрінен таба алады. Әр бір азамат медиаторды таңдауға құқылы.
Сұрақ: Кім медиатор бола алады?
Жауап: Қазақстанда кәсіби, немесе кәсіпқой емес медиаторлар қарастырылған. Реестрде тіркелген бейтарап тұлға және өз келісімін берген тұлға «Медиатор» бола алады. Медиация рәсімінде 5 қағидат бар. Еріктілік пен құпиялық /бұл бәріне қатысты, медиаторға да-қатысушыларға да/, тараптардың теңдігі, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы және рәсімге үшінші тұлғалардан ешкімнің араласпайтыны.
Сұрақ: Медиация рәсімі қалай басталады? Өткенде мен медиацияға барғым келді, ал менің жұбайым, ол басқа тарап боп тұрып, «бармаймын» деп медиаторға барудан бас тартты.
Жауап: ҚР «Медиация туралы» заңында көрсетілгендей – Медиация туралы келісім шартқа тараптардың қолы қойылғаннан бастап өз күшінде болады.
Сұрақ: Мен медиаторлық сабақ өтіп, медиатор болғым келеді. Ол дәрісті қайдан алуға болады?
Жауап: Егер жасыңыз 25 ке толған болса, жоғары біліміңіз болғанда (жоғары білім қандай мамандық болса да), арнайы сабақтан өтіп, емтихан тапсырып, реестрге тұрғаннан соң ғана кәсіби медиатор бола аласыз. Кәсіпқой емес медиатор болу ұшін арнайы оқудың қажеті жоқ. Егер, жасыңыз 40-қа толған болса,
жергілікті әкімдікке барып арыз жазасыз, тіркеген жағдайда – сіз медиаторсыз. Алайда, кәсіби емес- рәсімді тегін жүргізесіз.
Сұрақ: Медиатор тек сол тұрған жерінде ғана медиатор бола ала ма?
Жауап: Нотариус, болмаса басқа тұлғаларға қарағанда медиатор Қазақстанның кез-келген жерінде жүргізе алады. Мен өз басым 477 рәсім жүргіздім, оның ішінде Қазақстан мен басқа елдердің де өкілдері болды. Мысалы Ресей-Қазақстан, Қазақстан-Германия… тағы тағы.
Сұрақ: Медиация рәсімі қалай аяқталады?
Жауап: Медиация рәсімі – ортақ келген келісіммен аяқталады. Медиация туралы келісім-шартпен басталады. Бір қызығы, медиатордың барлық құжаттарын толтыру ол жатқан тәжірибе. Шет елдерде «медиатор» атағын алу үшін бірнеше жыл оқиды, сол оқуда дәрістер кезінде көптеген құзыреттілікке үйренеді. Оның бірі, құжаттарды толтыру, тараптармен сөйлесу, оларды «ортақ келісімге жетектеп әкелу», т.б., т,б. Бұл кәсіптің құпиялары жеткілікті. Оларды, өкінішке орай, мектеп пен институтта оқытпайды.
Келесі жүздескенше, сау-саламат болғайсыз, ОҚЫРМАН !