Қайсібір ұлттың болмасын рухани байлығы – Ана тілі. Атадан балаға, сан ғасырлар бойы ұрпақтар сабақтастығымен үзілмей келе жатқан қасиетті Ана тілі кез-келген халықтың асыл мұрасы. Тіл адамдар арасындағы қатынас құралы ғана емес, тұтас ұлттың айнасы, болмысы, әлимсақтан бергі жаратылысының көрінісі.
Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” деген сөзінде мәні терең шындық жатыр. Қазақ елінде мемлекеттік тіл Қазақ тілі екені Ата заңымызда анық көрсетілген. «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп жазылған. Сонымен қатар, «Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті, өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті» делінген. Тіл мен тәуелсіздіктің егіз ұғым екенін ескерсек, солай болуы заңды да. Өз тілі, ұлттық мәдениеті болмаса халық ешқашан тәуелсіз, егеменді ел бола алмайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде». Конфуций: «Маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді (түсіндірілмейді). Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген екен. Қытай философының осы пікірі ғасырлар бойы құндылығын жоғалтқан жоқ. Қазақстан тарихи себептермен көпұлтты мемлекет болып қалыптасты. Әртүрлі ұлттың мәдениеті, діні мен дәстүрі ортақ қазанда біте қайнасып келеді. Әйтсе де елдің басты иесі қазақ ұлты екенін ескере отырып, қазақ тіліне басымдық беру керектігі де айқын қажеттілік. Себебі Елбасымыз айтқандай: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз». Ана тіліміз біздің ұлттық қазынамыз, байлығымыз. Рухани мәдениетімізді сақтаудың таптырмас құралы. Қазақ тілі – тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанды Отаным деп санайтын әрбір азаматтың тілі. Оны қадірлеу, мәртебесін асыру, мерейін көтеру әрбіріміздің міндетіміз. Мемлекеттік мәртебеге ие болғалы ана тіліміздің, қолдану аясы кеңейіп келеді. Өнер мен әдебиетте, мәдениет, баспасөзде қазақ тілі жандана бастады. Бұл кешегіміз бен бүгінгімізді сараптай отырып жүргізген мемлекеттік тіл саясатының жемісті нәтижесі. Қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайта отырып, мәртебесін көтеру ісі ішкі саясатымыздың басты басымдығы бола бермек. Өйткені Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлттық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгенін нақтылап айтты. Мемлекеттік тіл патриотизм мен мәдени тұтастық ұғымымен байланыса отырып, елдің ішкі қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі. Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі. Тілді қадірлеу арқылы тұтас халықтың тарихын, тұрмысы мен әдеп-ғұрпын және салт-дәстүрін терең тануға болады. «Қай халықтың болса да қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады.
Қай халықтың болса да ақыл-ой тереңдігі, сана-сезімі, сергектігі көп салалармен тармақтана-молыға келіп, тағы да сол алтын қорына қосыла береді. Ана тілі қоры көбейіп, ажарлана береді. Қай халықтың болса да басынан өткен дәуірлері, қилы-қилы кезеңдері ана тілінде із қалдырмай өте алмайды. Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі» деген екен заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов. Демек бүгінгі ұрпақтың негізгі ұстанымы туабітті жанымызға сіңген тіліміздің қадір-қасиетін бағалау болмақ. Тәуелсіз мемлекеттің мемлекеттік тілі өз тұғырына берік орнауына үлес қосу әрбір азаматтың азаматтық борышы екенін есте ұстаған жөн. Қоғамның толыққанды, тең дәрежелі адамына айналу үшін сол елдің мемлекеттік тілін меңгеру қажет екенін әрбіріміз ұғынуымыз қажет. Ахмет Байтұрсыновтың: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген қасиетті қағидасын әрдайым есте сақтағанымыз абзал.
Ахметова Мөлдір Нұрлыбайқызы, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы