Республика бойынша «ТАТУЛАСУ: СОТҚА ДЕЙІН, СОТТА» пилоттық жоба 2018 жылдың сәуір айынан басталған.
«ТАТУЛАСУ: СОТҚА ДЕЙІН, СОТТА» пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында Қазығұрт аудандық сотында 2018 жылы «Медиация» кабинеті ашылды, ал 2019 жылдан бастап татуластыру судьясы тағайындалған.
2019 жылдың қантар айында Түркістан облысы Қазығұрт ауданында Қазығұрт ауыл әкімдігі ғимараты жанынан медиация кабинеті және Татуластыру орталығы ашылды.
Татуластыру орталығы қоғамдағы даудың деңгейін төмендету, соттан тыс рәсімдерді жан-жақты дамытуға, ертеден келе жатқан қазақ халқының бітімгершілік дәстүрді қайта жаңғыртуға Медиация, Билер институттарын дамыту, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ашылған.
Қазығұрт ауданының тұрғындары 106 мыңнан асады, ауданда 64 елдімекен 13 ауылдық округке біріктірілген. 26 қоғамдық медиатор тіркелген, 26 азамат Би ретінде сайланған, 18 кәсіпорын жұмыс істейді.
Татуластыру орталығында медиаторлар кесте бойынша кезекшілікке тұрып, дауласқан тараптарды қабылдайды, ал 13 ауыл әкімдігі ғимаратының жанынан медиация кабинеті жұмыс істейді.
Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ, ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады.
Өңірімізде тегін көмек беретін кәсіби емес медиаторлардың, татуласу орталығының, билер кеңесінің көмегімен сотқа дейін – 214 азаматтың шағымы қаралып, онын ішінде – 202 (94%) шағым бойынша татуласу келісімі бекітілген.
Қазығұрт аудандық сотының статистикалық деректерге сәйкес сотта: 2018 жылы – 80 азаматтық іс бойынша дауды /жанжалды/ медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі бекітіліп, азаматтық іс өндірістен тоқтатылған, ал 2019 жылы – 77 іс медиация тәртібімен өндірістен тоқтатылған.
Қылмыстық істер бойынша 2018 жылы – 28 іс бойынша медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі бекітіліп, өндірістен тоқтатылған, 2019 жылы – 20 іс медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі бекітіліп, өндірістен тоқтатылған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес Кодексінің 73,73-1,73-2 (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу) баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзұшылық туралы істер жәбірленушінің арызы бойынша ғана қозғалады және ол әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғамен татуласқаннан кейін тоқтатылуға жатады.
2018 жылы Кодексінің 73,73-1,73-2 баптарында көзделген – 155 әкімшілік іс қаралды, оның ішінде – 47 (30 % ) іс медиация тәртібімен татуласқанына байланысты тоқтатылған, ал 2019 жылы – 161 әкімшілік іс қаралды, оның ішінде – 103 (64%) әкімшілік іс медиация тәртібімен тоқтатылған. Осы көрсеткіштерден халықтың бітімгершілік жолмен дау-дамайды шешуге деген сенімінің артып келе жатқанын көруге болады.
«ТАТУЛАСУ: СОТҚА ДЕЙІН, СОТТА» пилоттық жобасының және медиацияның мақсаты – дауды сотқа дейін шешіп, нәтижесінде дауласып жатқан тараптардың арасында жақсы қарым-қатынасты сақтау, уақыт пен қаражатты үнемдеуге, сотсыз тараптарға мүмкіндік беріп, өзара бір-бірлеріне деген ашу араздықтарын болдырмауға, ізгілікті қарым-қатынастарды сақтап, дауды азайту және құқықтық мәдениетімізді жоғарылату болып табылады.