Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Шымкент қалалық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы
Ерте кезден билеріміз «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» дегенді айтып келеді. Дала билігінің дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған би-шешендердің ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілікпен шешіп, елдің бірлігі мен ынтымағын, халқымыздың татулығын және жеріміздің тұтастығын сақтауға бар ақыл-ойы мен күш-жігерін жұмсағаны тарихтан мәлім. Еліміз егемендік алған күннен бастап, бірлік пен татулық туралы дана билеріміз айтқан осындай нақыл сөзді соттарымыз күнделікті өмірде жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсап, қолдағы бар мүмкіндіктерін пайдаланып, өздерінің үлестерін қосып Қазақстанда ел бірлігі мен тыныштығын сақтау жолында татулықты ту етіп ұстап келе жатқаны анық. Дегенмен, жыл өткен сайын даулардың саны артып отырғаны бәрімізді де ойлантады. Осы ретте, дауларды мүмкіндігінше сотқа жеткізбей тараптарды татуластыру арқылы шешудің дұрыс екендігі айтпаса да түсінікті ғой деп ойлаймын.
Шымкент қалалық соты 2018 жылы шілде айында құрылған күннен бастап, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды соттан тыс шешу тәсілдерін жетілдіру және тараптарды татуластыру мақсатында бірқатар ауқымды іс-шараларды атқарып келеді.
Бұдан 7 жыл бұрын бітімгершілікке байланысты Елбасымыз: «Татуластырумен медиаторлар ғана емес, бірінші және апелляциялық сатыдағы судьялар мен адвокаттар да айналысатын болады. Татуластыру шарасын кеңінен қолдану сот жүйесіндегі жүктемені азайтады, ал, ең бастысы, дауды шешу мерзімін қысқартады», – деген болатын.
Осыған байланысты, 2015 жылы жаңадан қабылданған Азаматтық процестік кодекске ( бұдан әрі – АПК) «Татуласу рәсімдері» деген жеке тарау қосылған еді. Бұл дауды татуластырушы судьяның жәрдемімен сот медиациясы арқылы немесе медиатордың көмегімен шешу рәсімі сияқты істерді қараудың баламалы тәсілдерін қолдануды заңдастырды. Мұнымен қоса дауды тараптардың адвокаттары арқылы реттеуді көздейтін партисипативтік рәсім институты енгізілді. Осының барлығы ең алдымен тараптардың өзара татуласуына қызмет етсе, екіншіден, соттарда қаралатын істердің жүктемесін төмендетуге, тараптардың материалдық шығынын қысқартып, істі қысқа мерзім ішінде қарап бітуге мүмкіндік ашты.
Осындай мүмкіндіктің нәтижесінде, 2016 жылы облыста медиация тәртібін қолданып аяқталған істер саны 1567-ге жетіп, 2015 жылғы 1012-мен салыстырғанда 555 іске өскен еді. Егер әрбір азаматтық істе кемінде 2 тарап қатысатынын ескерсек, өңірде сотқа бір-бірімен дауласып, жаға жыртысып келген 3134 адамның сот процесінде келісімге келіп, төс қағысып татуласуы біз үшін қуанарлық жайт.
Әлбетте, қоғам дамыған сайын адамдар арасында түрлі шиеленістер мен дау-дамайлардың орын алатыны белгілі және мұндай көріністер соттарда қаралып жатқан істерден де байқалады. Бұл ретте, азаматтар арасындағы дау-
дамайды татуласу арқылы сотқа дейін және сотта шешуде медиацияны қолданудың артықшылығы мен пайдасы, оның тиімділігі туралы халық арасында түсіндіру мақсатында жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп және дауларды сотқа жеткізбей-ақ шешетін медиаторлардың рөлін арттыру бағытындағы жұмыстарды үнемі жүргізіп келеміз. Мұндай шаралар азаматтардың заңдық сауаттылығын арттыруға және сот дауларының санын азайтуға септігін тигізуде.
Келісім туралы айтқан кезде, Шәңкі бидің:
«Келісіммен сөйлесек, Ердің құны екі ауыз сөзбен бітеді.
Келісімге келмей керісе берсек, Елден береке, ерден қадір кетеді.» деген сөзі еске түседі. Біздің судьяларымыз, бұрынғы билеріміз айтып кеткен, осындай жақсы қағидатты күнделікті қызметімізде жүзеге асыру жолында бар мүмкіндікті пайдаланудамыз. Мысалы, осы мақсатта қалада әрбір дауласушы тараптарға сотқа дейін де, сотта да татуласуы үшін жан-жақты жағдайлар жасалып, нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтсам, қалалық және аудандық соттарда медиация тәртібімен тараптарды татуластыру әрекеттерін жүзеге асыру үшін арнайы кабинеттер бөлінген. Барлық аудандық соттарда да медиация кабинеттері жұмыс істеуде.
2016 жылы 21 қарашада өткен Қазақстан Судьяларының VII съезінде Президентіміз: «Судьяларға қатысты жүктемелердің жоғары болу проблемасы әлі де сақталып отыр. Соңғы жылдары сот істерінің саны жыл сайын 200 мыңға өсіп отырды, ал ол істерді қараудың сапасы мен мерзімдеріне тікелей ықпал етеді. Жүктемені төмендету үшін 2014 жылдың өзінде-ақ менің шешіміммен аудандық соттар судьяларының штаттық саны 450 бірлікке және соттар аппаратының саны 540 бірлікке ұлғайтылған болатын. Біз соттар аппаратының санын үнемі ұлғайта бере алмаймыз. Сондықтан бітістіру процедуралары мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерінің іс-қимылын ұлғайту жөніндегі шаралардың неліктен күткендегідей нәтиже бермей отырғандығына мұқият талдау жасау қажет. Бұл жерде елеулі кемшіліктер бар. Халықпен жүйелі негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Азаматтарға істі сот процесіне жеткізгеннен гөрі, өзара бітісудің әлдеқайда тиімдірек екенін түсіндіру қажет. Өйткені, қазір, егер тараптар татуласар болса, тіпті, төленген баж салығының өзі кері қайтарылады емес пе. Сонымен, құқықтық ағарту мәселесі өте маңызды болып табылады. Азаматтардың құқықтық сауаттылығының арқасында сот дауларының санын бірнеше есеге дейін қысқартуға болады. Әділет министрлігі тиісті қызметтерінің бұл орайдағы күш-жігерінің жеткіліксіз екені байқалып тұр. Бюджеттен құқықтық мәдениетті арттыруға бөлінген қаржыны ти-імді пайдаланған жөн. Азаматтарды құқықтық ағарту саласында мемлекеттің барлық заңгерлік қызметтерінің қосымша күш-жігерлері қажет. Бұл – жергілікті жерлердегі судьялардың да ең басты міндеттерінің бірі. Халықпен жиірек кездесіп, оларға құқықтар мен қазіргі күшінде тұрған заңдарды түсіндіру қажет. Бұған айрықша көңіл бөлу керек» деген болатын. Қандай болмасын жаңа бастаманы, соның ішінде «Медиация туралы» Заңды жергілікті тұрғындарға жан-жақты түсіндіріп және оны күнделікті өмірге мықтап енгізу уақытты, қажырлы еңбекті талап ететіні белгілі. Медиацияның қоғамымызға жыл санап кең енуіне соттардың халық арасында жүргізіп отырған үгіт-насихат жұмыстарының үлкен әсері бар екенін атаған жөн. 2018 жылы Жоғарғы Соттың Төрағасы Жақып Қажыманұлы Асанов, сот жүйесінің негізігі мақсаттарының бірі, ол қоғамдағы даудың деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы шешу дауласушы екі тарапқа да тиімді екенін айтып, оны жүзеге асыру үшін қалалық, облыстық соттарға жергілікті кәсіподақтармен, адвокаттармен, әкімдіктермен, т.б. жұмысты күшейтуді және еңбек ұжымдары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Осыған байланысты, өткен жылдың 12 айында аудандық, қалалық соттардың судьялары «Медиация туралы» Заңды тұрғындарға түсіндіру мақсатында 25 елді мекенге барып халықпен кездесті және 47 еңбек ұжымдары мен оқу орындарында болып дәріс (лекция) оқыды. Сонымен қатар, жергілікті соттарда 40 «дөңгелек үстел» мәжілісін және 87 семинар ұйымдастырып өткізді. Осы іс-шаралардың барлығына бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі – БАҚ) өкілдері шақырылып, олар бұл жөнінде газеттерге мақалалар жазып, эфирлерден телехабарлар көрсетті. Судьялар мен сот мамандары медиацияны насихаттауға байланысты республикалық және жергілікті басылым беттерінде 67 мақала жариялап, 22 рет теле-радиоларға сұқбаттар берді. Сонымен қатар, қала соттарында татуластыру рәсімдерімен аяқталған істер бойынша қазақ және орыс тілдерінде 85 х 2 = 170 баспасөз хабарламасы қалалық соттың сайтына шықты. Алайда, бұл мәселемен негізінен соттар ғана айналысып келе жатқандықтан, медиацияның насихаты жеткіліксіз болып, оның көрсеткіші де аздау болып отыр. Сондықтан, «Медиация туралы» Заңын іске асыруға еліміздегі барлық құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімдер және БАҚ өкілдері жұмылдырылса, медиацияның тиімділігін халық толық сезініп, оның игілігін де көрер еді.
«Медиация туралы» Заңын іс жүзінде қолдануға және оны түсіндіріп, жан-жақты насихаттауға байланысты БАҚ өкілдерімен бірлесе бірқатар жұмыстар атқарылды және алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасатын болады. Жалпы, 2019 жылы «Медиация туралы» Заңды тұрғындарға және тараптарға түсіндірудің нәтижесі болды. Бұл жөнінде, қалалық соттың төрағасы Ербол Рахымбеков 2019 жылды қорытындылауға арналған кеңейтілген кеңесте дауларды баламалы тәсілдермен шешу оң нәтижесін бергенін нақты айтқан болатын. Ол өз сөзінде: «Егер 2018 жылы 130 іс бітімгер-шілік, 973 іс медиациялық келісімді және 85 іс партисипативтік келі-сімді бекітумен аяқталса, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 589 іске өсіп, 289 іс бітімгершілік, 1448 іс медиациялық және 42 іс партисипативтік келісіммен аяқталған. Яғни, дауларды медиация тәртібімен шешу былтыр 67%-ға артқан» – деді.