Шығыстың ғұлама данышпаны «Заңның ең жаманы да – жақсы. Заң болмаса адамдар бірін-бірі жеп қояр еді» деп ойын түйіндеген екен. Сот жүйесі ықылым заманнан бері әр-бір қоғамда өз орнын белгілеп алған. Кінәліні жазалап, кінәсізді ақтап қалудың адам өмірінде мәні зор екені барлығымызға мәлім.
Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өткен.
Мұндай шаралар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар соттар мен сот рәсімдері қазіргі заман талабына сай болуға және азаматтарымыздың, бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауға тиіс. Президент қандай жағдай болғанда да сот жүйесін жаңғыртуды жалғастыра беретінін атап өтті. Енді осы жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жою қажет екенін де тілге тиек еткен болатын.
Сот – ел билігіміздің бір тармағы. Әр елдің өз заңы бар. Заң аясындағы баптары да бөлек. Заманына қарай, тұрмыс-тіршіліктеріне, салт-дәстүрлеріне байланысты заңдарын қолданысқа ендіріп отырған.
Тәуелсіздік жылдары сот жүйесін дамытудың бірқатар негізгі нәтижелеріне соттардың тәуелсіздігі мен судьялардың мәртебесі айрықша бекітілуі, сот құрылымы мен сот ісін жүргізуде түбегейлі өзгерістер орын алған еді.
Тарихқа көз сала кетсек, 1993 жылғы Конституцияның арқасында елдің сот жүйесі биліктің дербес тармағы мәртебесін алды. 1994 жылдың ақпанында сот жүйесін реформалау жан-жақты баяндалған, құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, сот органдарының қызметі реттелді. Әсіресе, судьялардың кәсіби деңгейін көтеру, бұл органды ұйым тұрғысынан нығайту, іс қарауда соттардың ешкімге тәуелді болмауын қамтамасыз етудің жаңа жобасы жасалды. Судьялардың қызметтік міндеті түпкілікті бекітілді.
Соттардың қызметін қамтамасыз ету функциялары Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіне берілді. Экономикалық, әкімшілік, әскери, ювеналды және қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттар өз жұмысын бастады. Жоғарғы Сот жанында Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құрылды.
Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио, бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына мүмкіндік ашты. 2011 жылы дауларды шешудің балама әдісі ретінде «Медиация туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар, 2014 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік Кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі қабылданды. 2015 жылдың 31 қазанында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік Кодексіне бүкіл жұртшылықтың алдында жариялы түрде қол қойып, аталған Кодекс 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.
2014 жылы онлайн сервистерге және сот органдарының қызмет көрсетулеріне қолжетімділіктің жалғыз терезесі болып табылатын «Сот кабинеті» электрондық жобасы іске қосылды. Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, сот өндірісінің барлық сатыларын жетілдіру, құқық қорғау әлеуетін жүзеге асыруға мол мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда, электрондық құжат айналымының біріңғай жүйесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып, ақпараттық технологиялар арқылы Қазақстан халқына көптеген ақпараттық қызметтер көрсетіліп, Республиканың сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі және ашықтығын одан әрі арттыруға қажетті жағдайлар жасалған.
Сонымен қатар, 2020 жылы қабылданып, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізіле салысымен жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Әкімшілік әділет институты бойынша дауларды қарау кезінде азаматтардың мүддесінің басым болуына мән беріледі.
2022 жылғы қаңтардан бастап ҚР Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістер іс қарауда қолданылып, азаматтарды татуластырудың жаңа институты «сотқа дейінгі хаттама» пайда болды. Бұл өзгерістер елдегі көптеген маңызды мәселелерді оңтайлы шешіп, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге, өз құқықтарын сауатты қорғауға мүмкіндік беруде. Елімізде сот жүйесін жаңғырту жұмыстарының белсенді жүргізілуі, сот өндірісін жеңілдетіп қана қоймай, сот төрелігіне ашықтық, жеделдік, қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Сот билігінің негізгі міндеті – қоғам және мемлекет өмірінде туындайтын жанжалдар мен дауларды шешу, бұзылған құқықтарды қайтару, құқықтық тәртіпті және заңды бұзғандарды жазалау.
Қазақстан Республикасында сот билiгi тұрақты судьялар, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен қылмыстық сот iсiн жүргiзуге тартылған алқа заседательдерi арқылы соттарға ғана тиесiлi.
Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкiлеттiгiн немесе сот билiгi функцияларын иеленуге құқығы жоқ.
Қазақстан Республикасының сот жүйесiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес құрылатын жергiлiктi және басқа соттар құрайды.
Жоғарғы Сот жергілікті және басқа да соттардың қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, оларға қатысты кассациялық саты функцияларын жүзеге асырады және нормативтік қаулылар қабылдау арқылы сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндірулер беріп отырады.
Жоғарғы Сот Төрағадан және судьялардан тұрады.
Жоғарғы Сотта сот алқалары құрылады және мамандандырылған құрамдар құрылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жанында ғылыми-консультативтік кеңес, халықаралық кеңес және баспасөз органы құрылады. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жанында Сот төрелігі академиясы жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бірініші сатыдағы соттың ержелері бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), Референдумның орталық комиссиясының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істерді қарайды.
Жергiлiктi соттарға мыналар жатады:
– облыстық және оларға теңестiрiлген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары);
– аудандық және оларға теңестірілген соттар (қалалық сот, ауданаралық сот).
Қазақстан Республикасында басқа соттар, оның ішінде мамандандырылған (әскери, қаржылық, экономикалық, әкiмшiлiк, кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi және басқа) соттар құрылуы мүмкін.
Мамандандырылған соттарды облыстық немесе аудандық сот мәртебесімен Қазақстан Республикасының Президенті құрады.
Шын мәнінде, сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту ісі жалғасын табады. Алдағы кезеңде реформаға қатысты маңызды міндеттерді шешуіміз керек. Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағымды өзгерістер күтіп отыр. Осы сенімді ақтау қажет, – деген еді президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев. Әділдік іздеген халықтың да үміті осында, құрметті оқырман.
Берік Құрамысов.
Ақмола облысы Степногор қалалық сотының судьясы.