Өркениетті елдерде кіші және орта қылмыстар мен дау-дамайларды сотқа жеткізбестен медиациялық қызметтің көмегімен шешу үрдісі әлдеқашан қалыптасқан. Егемен елімізде бұдан бірнеше жыл бұрын «Медиация туралы» заң қабылданып күшіне енген болатын. Содан бері облыс орталықтары, қалалар, аудан орталықтары мен ауылдық округтерде сот жүйесіне медиациялық қызметті енгізу, халыққа медиациялық қызмет көрсету кеңінен қолға алынуда.
Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис қаламызда да медиация мәселесіне жіті көңіл бөлініп отыр. Сот жүйесінде медиацияны қолдану үрдісі шаһарымызда артып келеді. Өйткені, медиациялық қызметтің даулы мәселені шешуде екі тарапты да қанағаттандырып бітістіретіндігі, сотқа жүгінуден гөрі уақыттың да қаржының да аз кететіндігі сияқты ұтымды жақтарының барын түсінген шымкенттіктер медиациялық қызметті пайдалануға ден қоя бастапты.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Мәлік Майсақановтың айтуынша аталмыш ауданаралық экономикалық сотқа шымқалалықтардан 500-ге тарта азаматтық іс түсіп, оның 205-і татуласу тәртібімен аяқталған. Бұл миллионды қалада медиацияның жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Сот төрағасының айтуынша, азаматтардың өзара татуласуы – судьялардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймайды, сот процестерінің сапалылығын да арттырады. Сонымен қатар дауласушы тараптарды баж салығынан да құтқарады. Сондықтан, бұл мақсатта арнайы пилоттық жобалар қолға алынып, тиісті судьялар да бекітілген.
Ал 2019 жылдың 12 айында азаматтық істер бойынша сотқа 4206 талап-арыз және 145 іс түскен. Арасында Шымкент қаласы әкімдігі мен кәсіпкерлер арасындағы істер де бар. Бұдан бөлек, банкроттық бойынша 80-ге жуық іс қаралыпты.
Медиация мен медиаторлық қызметтің тиімділігін жан-жақты насихаттаудың нәтижесінде жыл санап мегаполисте сот жүйесінде медиациялық қызметке жүгіну артып келеді.
Аман СЕЙІТҰЛЫ.