Бұл Заңға сәйкес азаматтық, еңбек, отбасы және басқа да құқықтық қарым-қатынастан туындаған дауларды медиация жолымен шешуге әбден болады. Мәселен, ерлі-зайыптылардың арасындағы некені бұзуға, ата-ана құқықтарына, балалардың тұратын орнын анықтауға, оларды асырауға қосатын үлестеріне қатысты мәселелер медиация жолымен реттелуі мүмкін.
Сондай-ақ аса ауыр емес және орташа ауыр қылмыстық істер бойынша да тараптар медиатордың көмегіне жүгіне алады. Алайда, дау екі тараптан басқа тағы біреудің немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделерін қозғаса, мұндай іске медиаторлар араласа алмайды.
Сондай-ақ тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүддесіне қарсы және сыбайлас жемқорлыққа қатысты істерге медиация қолданылмайды.
Ең бастысы, Заң екі жақты дауларды қараудың сапалылығын арттырады.
Сотта қаралған қылмыстық істердің көпшілігі жәбірленушінің сотталушыға кешірім беріп, өзара татуласып, келген залалдың орнын толтыруына байланысты өндірістен алынады. Сондай-ақ кез-келген уақытта тараптар бітімгерлік рәсімдерді жалғастырудан бас тартып, жалпы тәртіппен сотқа жүгіне алады.
Заңның құпиялық туралы бабы бойынша медиацияға қатысушы тұлғалардың бітімгерлік рәсімдер барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген тараптың келісімінсіз жария етуге құқығы жоқ.
Сонымен қатар, медиатор тараптармен бірлескен немесе жеке кездесулерді өткізуге, қажет болған жағдайда даудың техникалық аспектілері бойынша сарапшының қорытындысын талап етуге құқылы.
Тек бұл ретте тараптар оған байланысты шығындарды төлеуі тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, бітімгердің өзінің қызметін жүзеге асыруына кедергі келтіретін мән-жайларды білген жағдайда істен өздігінен бас тарта алады.
Соттың қарауында азаматтық дауларды реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалса, онда сот істі жүргізуді тоқтата тұрады.
Кішігірім қылмыстардан туындайтын істер бойынша дауларды реттеу кезінде бітімгерлікті өткізу туралы шарт жасалған күннен бастап отыз күнде аяқталуы тиіс. Қажет болған жағдайда оны тараптардың келісімімен тағы да ұзарта алады. Алайда, ол мерзімнің алпыс күннен аспағаны ләзім.
Бітімгершіліктің басты мақсаты – қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жазаларымен жазалау емес, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру.
Бітімгершілік үрдісі сот сияқты ашық емес, құпия жүргізіледі.
Сот отырысы тараптардың бірінің еркінен тыс өткізілуі мүмкін, ал бітімгершілік тек ерікті түрде басталады.
Судья тағайындалады, бітімгер сайланады. Сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал бітімгершілік барысында шешім тараптардың мүддесін ескере отырып, бірақ Заң аясында қабылданады. Сот барысы тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін, ал медиация жедел және бейресми түрде өтеді. Сотта екі жақ сайысса, бұл жерде тараптар ынтымақтаса әрекет етеді.
Previous Article«Медиация туралы» Заңның қоғамдағы алатын орны қандай?
Next Article «Медиация туралы» заңның қандай ерекшеліктері бар?
Related Posts
Add A Comment