Британдық Economist басылымының статистика мәліметтеріне сүйенсек, 19 миллион ғана халқы бар Қазақстан алғашқы ондыққа кіріп отыр. Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасудың негізгі себептері ерлі-зайыптылардың тұрмыста бір-бірін түсінбеуі, біреуінің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, сондай-ақ отбасындағы материалдық қиындықтар болып отыр. Осы орайда жастарымыз неге «отбасының бірлігі мен берекесін сақтап қалуда құлықсыз?» деген сауал туындайды. Әлбетте ажырасудың себебін біржақты іздеуден аулақпыз. Десек те «қазақтың жастары неге өз ұрпағының болашағына немкетті қарап, балаларын тірі жетім етіп қалдырады?» «Жалпы бұл қоғамдық дерттің себеп салдары неде?» деген сауалнама жүргізген едік.
Ботабек, юрист;
Жалғыз ағаш қорған емес
Әлбетте, жалғыз ағаш қорған болмайды дегендей, жалғыз ана немесе жалғыз әке баланы жан-жақты етіп тәрбиелей алмайды. Әсіресе, әке тәрбиесі ұл балаға өте керек. Ұл балаға ұлағат – әкеден. Бұл бір ғана отбасының әңгімесі емес, тұтас ұлттың мәселесі. Ажырасудың себебі жайында ел ішінде түрлі көзқарас қалыптасқан. Кейбір азаматтарымыз «қазіргі қоғамда әйелдер жалғыз қалудан қорықпайды. «Сенсіз де өмір сүремін» деген менмендік талай отбасының берекесін кетірді» деген пікірлер айтады. Бұл дұрыс та шығар. Кейбір отбасыларда әйелінің табысы күйеуінен асып кетіп жатады. Тіпті жұмыс таба алмай жүрген бауырларымыз бар. Өзім қызыл дипломы бар досымның құрылыста істеп жүргеніне куәмін. Сол досымның келіншегі араласатын ортасына күйеуін көрсетуге намыстанады. Тіпті онысын ашық айтып отырғанын да естігенмін. Олар әзірге ажыраса қойған жоқ. Бірақ досымның бір күні шыдамы бітетіні анық. Ондай жағдай орын алса «еркек кінәлі» демес едім.
Қасымхан, зейнеткер;
«Әкең келе жатыр…»
Менің ойымша бұл мәселе біздің өткенімізбен байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаппай дағдарыс басталды. Еркектер жағы жұмыс таппай сенделіп кетті. Тұрақты жалақыға, бірыңғай табысқа үйреніп қалған жігіттер не істерін білмей қалды. Кейбірі араққа салынып кетті. Сол жылдары ажырасып кеткен көптеген таныстарымыз болды. Бүгінде солардың балалары жетілді. Азамат болды. Бірақ әке тәрбиесін көрмеген соң, жауапкершілігіне салғырт қарайтын сияқты. Өзі әкесіз өсіп, әкенің қатал мінезін көрмегендіктен әкелік міндеттің не екенін түсіне алмайды деп ойлаймын. Бұрындары аналарымыз бізді «әкең келе жатыр…» деп қорқытатын еді. Қазір ол үрдіс сиреді. Қазір «пәлен баланы өзім жетілдірдім» деп отыратын әйелдер көбейді. Сол әйелдердің сөзін естіген жас қыздардың санасында «еркексіз де баланы тәрбиелеуге болады екен» деген түсінік қалыптасатын сияқты. Соның салдары ажырасуға соқтырады.
Мария апа, зейнеткер;
Баланы әкеден айырмау керек
Бір абысынымыздың қызы ажырасып келсе, енесі «ол баламнан алимент өндіріп алу үшін ажырасты» деп жүр дейді. Дені дұрыс әйел алимент үшін ажыраса ма? Мен ол құдағиды да, баласын да білемін. Баласы тұрақсыз, қыз қырқынға құмар, жалқау жігіт. Өз баласына қарамақ түгілі, алимент төлеуден қашып жүр. Әкелік міндетін түсінбейтін ол жігітке не деуге болады? Өкінішке орай ондайлар көп. Бірақ қалай болғанда да бала үшін әкенің орны бөлек.
Сондықтан ажырасып кетсе де баланың әкесімен кездесуіне тыйым салмау керек.
Сонда бала әкенің де, ананың да жылуын сезінеді. Кімнің кім екенін өсе келе өзі түсініп алады.
Қазір мектептерде де көбінесе әйелдер сабақ береді. Үйде анасының, мектепте әйел ұстаздардың тәрбиесін алған бала біржақты болып қалады. Сондықтан ерлі зайыптылар ажырасып кетсе де, өздерінің қарым-қатынасты үзбей, балаға қолайлы жағдай туғызуы керек.
HALYQ MEDIATORY ақпарат