«Жер бетінен кетер едік жойылып, Жерді сақтап қалмағанда сол бабам!»
Қанды қырғын ұрыстан кейін бейбітшілік жолмен бітімге келу үшін қазақ пен ойрат бір-біріне мəмілегер елшілік жібермек болады. Жоңғария хонтайшысы (сірə Цеван-Рабтан болса керек) “Қазақтың атақты үш биінің бірі келсін. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған иісалмас біреу келсе, бітім болмайды” деп қолқа салады. Төле би Қазыбек биге өзінің ағалық батасын беріп жібереді.
Хош. Қазақтан келген елшілерді сынау үшін хонтайшы қарапайым киініп, белін жіппен буынып, түсіне кəрілік сипат өң беріп, жотасына бөстек-өркеш өңгеріп, Қазыбектер түскен үйге келеді. Əңгімеден əңгіме туындап, бара-бара сұрақ-жауап додасы басталып кетеді.
– Əуелінде не бар? Ортасында не бар? Ақырында не бар? – деп бүкір кейпіндегі хонтайшы Қазыбекке шаншыла қарайды.
– Арға мінəжат етілсе, барға қанағат етілсе, əуелінде ынтымақ, ортасында береке, артында шүкірлік тұрмас па, – деп Қазыбек бір түйіп қойыпты.
– Аспан мен жердің арасы қаншалық жол? – деп “бүкір” хонтайшы қыңырая қадалыпты.
– Бір-ақ шақырым жол ғана. Олай дейтінім, ешкім аспан мен жердің арасын құлаштап өлшеген жоқ, қадамдап басқан жоқ. Күн күркіреп жауғанда, ел дүрлігіп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркірі шақырым жерден жететін. Кемпірқосақ құрылып, аспан мен жерді табыстырып кететін. Доғаланған иіні шақырымдай-ақ жерден өтетін, – деп Қазекең тағы бір қайырып тастапты.
– Батыс пен шығыстың арасы қаншалық жер? – деп кірпіше жиырылған хонтайшы кіржие қалыпты.
– Небəрі күншілік жер ғана. Олай дейтінім, азанда шығыстан атқан күн ымыртта батысқа шаршап батады. Күншілік жер жүріп өтіп ұясында қалжырап жатады. Ал кереметті көзбен көрген, шығыс пен батыстың арасында зымыраған күнге ерген адамзатты естіген емеспін, – деп соңғы рет кесіп түскенде, хонтайшы үн-түнсіз шығып жүре беріпті.
Содан көп кешікпей келіссөз басталып кеткен ғой.
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басынан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дəм-тұзымызды ақтай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ болсаң, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз,
Сен темір болсаң, біз – көмір, еріткелі келгенбіз.
Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз,
Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,
Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз,
тұтқыр сары желіммін жабысқалы келгенбіз.
Берсең жөндеп бітім айт, не тұрысатын жеріңді айт,
– деп атақты Қаздауысты Қазыбек бабамыз дəл осы сапарында айтуы да мүмкін деген пікірді
қостағымыз бар. Не десек те, осы елшілік екі елдің арасындағы дау-жанжалды бейбіт жолмен тындырып, бітім тапқызып, екі елдің жер шебін белгілеткен. Сөздің құдіретімен би – шешендеріміз екі елдің арасын соғыссыз бітістіріп, жерімізді сақтаған.
Ал қазіргі көрініс қандай? Жер дауы, əлі ғасырдан ғасырға ұласып кете бере ме?
Ендігі кезекте жер мəселесіндегі дау бұрынғыдай екі ел арасында емес, халық пен билік арасындағы даулы мəселеге айналып отырғандай?.
Олай дейтініміз жер туралы заңға байланысты халықтың наразылығы, шет елдіктерге сатылмасын деген пікірлері мен ұйымдастырылған митингтер биліктің көршілер елдер мүддесіне емес өз еліміздің мүддесіне сай келетін шешімдер шығаруын ұдайы талап етуінде болып отыр.
Мамырдың 6-сы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі даулы өзгерістердің күшіне енуіне 2016 жылдың аяғына дейін мораторий енгізу туралы жарлыққа қол қойып, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын.
«Ұсынылған заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жəне шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген. Сонымен қатар заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктермен жəне шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалану мерзімінің ұзартылмайтыны жəне олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында жер мəселесі қашанда халқымыз үшін аса маңызды екенін жариялай отырып, шетелдіктерге жəне шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды», – деді. (Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанынына дейін екенін ескеруіміз қажет).
Министрдің айтуынша, аталған тапсырма Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асырылды. Осыған орай, тиісті заң жобасы əзірленіп, биылғы 15 наурызда Мəжіліске енгізілді.
2015 жылы 2 қарашада Қазақстанның Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ондағы 24 бапқа сəйкес, бұдан былай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды. Ал осы уақытқа дейін телімдерді 49 жылға дейін жалға алып, шаруасын дөңгелетіп отырған отандастарымыздың керісінше мұндай құқығы шектелді. Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін қазақстандықтар жаңа заңға сай жерді тек аукцион арқылы жекеменшікке сатып алуға міндеттелді.
Маңызды шешімдер қабылданып, жер төңірегіндегі дау шешілген соң комиссия өз жұмысын тоқтатты. Ал мораторий енгізу туралы заңға экспрезидент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 23 желтоқсанында қол қойды.
Енді сол уайымның бұлтын өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сейілткендей болды. Президент Қазақстан халқына жолдауы кезінде келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мəселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жоятынын еске салды. Əрі бірден «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды» деп кесіп айтты.
Тағы бір мəселе Атырау облысындағы Көптоғай ауылының Ресей жеріне бірнеше километр жерін бір сəтте шекаралауы халықтың наразылығын тудырды. Осы орайда баспасөз беттерінде ақпараттарды əлеуметтік желіде қазақтың жері Ресейге беріліп кетіпті деген видео тарады. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырды. Саясаттанушы, журналист Жанболат Мамай екі ел басшылары арасында келіссөз жүргізіп, бұл мəселені біздің азаматтарымыздың пайдасына шешуге шақырады.
Атқарушы органдардың халықтың митингке шығуына қарсы біржақтама ойлауы, бір жақтама əрекет етуі – шек қоюмен шектелуі, жоғары жақтан келген бұйрықты орындаумен шектелетіндігі халық пен билікті алшақтатып көрсетеді. Митинг бейбіт болғанымен халық арасында билік жерді шет елдіктерге сатып жібергендей көрініс табады.
Сосын тағы бір мəселе – латифундия. Яғни, жерді көп басып алғандар. Оңтүстік жақта жері де көп, халық саны да көп, бірақ латифундия дегенді жұрт біле бермейді. Есесіне Солтүстік Қазақстанда мыңдаған гектар жерді бір өзі иеленген немесе оны дұрыс пайдаланбай жүрген азаматтар бар. Жерді жекешелендіріп алып, бірақ, пайдаланбай не салығын төлемей жүргендер бар. Саясаттанушы Айдос Сарым оларды ашық көрсетуіміз керектігін назарға салған еді өз кезегінде.
Депутаттардан шешім күтетін халық оларды да тыңдап өтсек. Бекболат Тілеухан «Қазақ үшін жер мəселесі экономикалық сипаттағы ұғым емес, қазақ үшін жер киелі, рухани сипаттағы ұғым» деп өзімен қоса Жанарбек Əшімжан, Берік Əбдіғалиұлы бірқатар депуттардың түбегейлі қарсы екенін баса айтып өтті.
Қалай десекте бабамыздың қанымен, аналардың жасымен, найзаның ұшымен сақталған ұлан ғасыр жерімізді қорғап қалу, сақтау əрбір еліміздің азаматтары мен азаматшаларымыздың болашақ ұрпақ үшін борышы.
Halyqmediatory ақпарат.