Аумалы-төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешкен халқымыздың өзіндік басқару жүйесі де болған: ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеп, жағдайын ойлаған шешендері, əділдіктің ақ туын түсірмеген білімпаз билері өткен. Билер халықтың көкейіндегісін айтқан, көмейіндегісін жарыққа шығарған əділет жоқшысы болған. Бұл тұлғаның ерекшелігі сонда, биді байлық та, барлық та жасай алмаған. Би тұғырына топты жарып, таразы басын тең ұстап, əділдікті сақтап, қара қылды қақ жарып айтатын парасатты адамдар көтерілген. Биге табиғи дарын, текті ақыл, алыстан көріп, барлай алатын, оны зерделей білген дана, сөздің «майын» ағызатын дүлдүл шешендер жатқан.
Міне, осы би ұғымының мəнін ашатын: «Түгел сөздің түбі – бір, Түп атасы – Майқы би», деген сөз тарихта қалған. Қазақтың атақты билері: Төле, қаз дауысты Қазбек, Əйтекеден қалған сөз билігі дəстүрі ғасырлар бойы үзілген емес. Олардың заманында , Ахмет Байтұрсынов пікірімен айтқанда, «əділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын таптырмас дəрі еді». Билер жақсы мен жаманды, жақын мен алысты, қымбат пен арзанды, қиын мен жеңілді салыстырып алға тартқан. Мал дауы мен жер дауына, ар дауы мен намыс дауына кесімді билік айтып, «тілмен түйіп, тіспен шеше алмас» тұжырым жасаған. Кез келген қазақ ол кезде мылжыңдықты, далбасалықты, жағымпазды мін көріп, қорлық санаған. «Сөз шынына тоқтайды, пышақ қынына тоқтайды» деп шындықтың туын көтерген «от ауызды, орақ тілді» шешендерін қастерлеп өткен. «Су түбін шым бекітеді, дау түбін сөз бекітеді» деп те ретіне қарай келістіріп отырған. Бейнелі, дəлелді, қисынды уəж айтқан. Билер билік айтарда ауытқып, бұра тартқан тұстары болса, бірін-бірі тоқтатып, əділетке шақырған, «айтқан сөзі-құрған қақпандай» болған беделді билер қазақ қоғамындағы əділеттіліктің жаршысы болған. Бүгінде «би» сөзінің шығу тегі жайлы бірауызды кесіліп-пішілген пікір жоқ. Осы мəселені зерттеген ғалымдар Г.Вамбери, В.Радловтар «би» сөзінің төркінін түркі тіліндегі биіктік, жоғарылылық деген мағыналардан іздесе, Леонтьев, Ш.Уəлиханов, Халид жəне т.б. зерттеуші ғалымдар өзге де пікірлерге тоқталған.
Турасына келер болсақ, «би» сөзі ежелгі түркінің «бек» сөзінен бастау алып, негізінен «басқару», «билеу», «билік ету» деген ұғымдарды білдірсе керек. Осы пікірге тоқталсақ «би» терминінің шығу уақыты да ежелгі түркі заманы екені талас тудырмайды. Қазақ халқының өмірінде билер институтының алар орны мен үлес-салмағы, маңыздылығы айрықша болды. Өйткені, оның – мемлекеттің саяси жəне əлеуметтік жағдайын тек əдеттегі құқықпен ғана емес, рухани-мəдени салт-дəстүр негізінде де ұштастыра əрі теңестіре отырып қамтамасыз етуші бірден-бір құрылым ретіндегі рөлі ерекше. Бұл құрылым ол кезде мемлекеттік басқару жүйесімен тығыз астасып жатты. Билер ел, жер, жесір дауын, мал-жан, кəсіп мəселесін түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, қарарсыз, ауызша жүзеге асырып, бітіріп отырған. Қазіргідей алтын уақыттарын жиын, мəжіліс съезбен өткізіп, құлаш-құлаш қаулы–қарар қабылдап, оны жоғары-төменді бұйрықпен таратып, төрешілдікке, қағазбастылыққа салынбаған. Ол кезде бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, өзге де құқық қорғау органдарының қызметтерін атқарған ғой. «Би – əлеуметтік категория ретінде қазақ халқының тарихында ерте заманнан бері қолданылып келе жатыр…
Əлеуметтік қатынастардың дамып шиеленісумен бірге, кейде билердің көпшілігі қанаушы таптардың уəкіліне айналған. Билердің əдет-заң нормаларын талқылауда, билік айтуда, ол биліктің орындалу əдістерін белгілеуде кең құқықтары болды. Билер соты Қазан төңкерісіне дейін қылмыстық жəне азаматтық істердің көпшілігін қарайтын ресми орган болып, құн, барымта, қалың мал, əмеңгерлік, көп əйел алу, т.б. патриархтық кертартпа қалдықтарды қорғап келеді» – деп (Қазақ Совет Энциклопедиясы 2-том, 322-323бб.) билердің қоғамдағы рөлін əдейі төмендетіп көрсеткен. Ел басқаруда билердің орны ханнан кем еместігін, тіпті ханның өзін «Билер кеңесі» сайлайтынынан сескенген Ресей империясы Қазақстанды отарлау барысында олардың рөлін шектеп, мүлдем жойып тынды. Ал, қарауындағы бодан елдің күшті хандықтардан тұруы, ондағы билердің кей жағдайда хандардан да беделдері асып тұратындығы Ресей империясының отарлау саясатын ойдағыдай жүзеге асыруына кедергі деп білді. Осы себептен билердің қызметін мүлдем жою көзделді. 1868 жылы қабылданған «Жаңа устав» қазақ даласында сұлтандық пен елді басқарудың ежелден келе жатқан дəстүрлі жүйесін жойып тынды.
Енді «бөліп ал да, билей бер» деген саясатпен қазақ даласы ұсақ болыстарға бағынышты болды. Осындай ұсақталған болыстарды, бұрын көсемдігімен, шешендігімен халыққа танылғанда ғана өздігімен би атанатындарды енді халық сайлап, Ресей патшасының еркеше құқықты өкілдері заңдастырып бекітетін болды. Мұндай қадамға бару ғасырлар бойы мінсіз қызмет етіп, тарихтың, қоғамның қалыптасуына олардың бойындағы сан-алуан тума таланттарын біржолата жою еді. Өйткені, енді болыстыққа би – қазылыққа өзінің дара қасиеттерімен би атанғандар емес, пара беру арқылы, халықтың емес, қара басының құлқынын ойлайтын, Ресей патшасы өкілдерінің айтқанын істеп, айдағандармен жүретін дарынсыз, жетесіз мансапқорлар «сайланды». Бұл жөнінде дана Абай өзінің «Үшінші сөзінде» əрбір старшын басы бір би сайлау саясатын сынай келіп, былай деген еді: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде əрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», əз Тəуке ханның күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті Жарғысын» білмек керек. Бұл ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ». Абайдың – «бас-басына би болған өңшең қиқым» деп қынжылуы осы кездің көрінісіне айқын куə деп білеміз. Ал, шығыс жұлдыздарының бірі Ш.Уəлиханов «Билер сотының ертеден келе жатқан халықтық түрі» деген мақаласында, «Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына əбден жеттік, сонымен қатар, тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің ісіне жетіктігі жəне шешендік қабілеті бар екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бəріне мəлім болып отырған». Тап осындай пікірлерді қазақ сахарасын көп кезіп, ауыз-əдебиетіміз, əдет-ғұрып, салт-санамыз туралы көптеген еңбектер жазған Ə.Диваев, А.Васильев, В.Радловың шығармаларынан да көптеп кездестіреміз. Басқаны былай қойғанда, жат жұрттың өкілдерінің өзі «би үстем таптың өкілі, ол тек қана хан-сұлтандардың, бай-манаптардың сойылын соғып, халықты қанаушы» деген пікірді бірде-бірі жазбапты. Арғы-бергі ауызша тараған немесе жинақталып қағазға түскен көне шежірелерімізге зер салсақ, бидің тек байлардың ғана арасынан емес, жоқ-жітікті кедейлер арасынан да талай шыққанын, «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» саңлақ билер болғанын тарих растайды. Сонымен, би дегеніміз – ел жұртының əдет-ғұрпын, салт-дəстүрін, өткен шежіресін, тарихын, қоғамының даму барысын, айнала қоршаған табиғаттың сан-алуан қасиеттері мен құпияларын білетін, адамдардың көкірек көздеріне ой көзімен қарай алатын, қырлы-қырлы мінез-құлықтарды айтқызбай-ақ тап басатын, ғылым-білімнен хабардар, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізіп беруде дара қасиеті бар жандар болды. Біз бұл тұжырымымызбен би атаулының бəрі бірдей шетінен кемеңгер, көсем болған деген ұшқары пікір айтудан аулақпыз. Өзінің азды-көпті көрген-түйгенімен, бір қағар шешен тілімен ортаға түсіп, қара басының, құлқынының қамы үшін малы барлардың, хан-сұлтандардың теріс екендігін көре-тұра бұрыс тартып, өз руларының сойылын соққан бисымақтар да ел арасында аз ұшыраспағанын айтпасақ, ақиқат ауылынан іргемізді аулақ салғанымыз болар еді. Əрине, ондай бисымақтар ақыға алған атымен, киген тонымен бірге тозып, халық жадынан тез ұмыт болып отырған.
Би дегенге үш арысымыз – Төле, Қазыбек, Əйтеке жеткен заңғар биіктен қарағанымыз абзал. Енді халық даналықтарына сүйене отырып, билер бойындағы дара қасиеттерге қысқаша болса да жеке-жеке тоқталып, сараласақ. Ол қасиеттер бірін-бірі толықтырып, төрт аяғынан тең басып тұрмаған жағдайда атышулы билер додасында қарсы жағы осал тұстан орып түсіп, омақастырып кете беретін болған.
Иə, би көпті көрген, яғни «көре-көре көсем болған», көкірек көзі қиядағыны шалатын, ойы орамды, көнені ғана біліп қоймай, болашақты да тап басып, байламды, бағаналы болжам жасай алатын, əрдайым халық көңілінен шығатын жан болуы шарт. Шешендік – көп халықтарда ертеден ұшырасатын қасиет. Тіпті, Ежелгі Рим империясы мен Грек, Мысыр елдеріндегі оқу орындарында шешендік өнер «Риторика» аталып, негізгі пəндердің бірі болып саналған. Ал, қазақ даласында билер біздегі секілді ешбір пəнді оқымай-ақ салиқалы ойдың түйінін дəл жеткізуге шебер болған. Биді бұрынғы да, қазіргі де жазба тілдерімізде сот деп жүрміз. Бұл бір жақты пікір.
Əдетте, даулы мəселені шешкен жерде кемі үш би қатысқан, бірі – айыптаушы (прокурор), екіншісі – ақтаушы (адвокат), үшіншісі –төбе би (судья). Ал, сот дегеніміз бір ғана үкім шығарушы судья деген мағынаны ғана білдіреді. Сондықтан биді сот деп емес, заңгер деп қараған дұрыс секілді. Əйтпесе, жалпыға түсінікті жағдайда «би» – деп атаған да жөн.
Осы арада тағы бір айта кететін жай – қазақта, сондай-ақ жалпы түркі елдерінде би секілді қазы деген сөз жиі кезігеді. Қазы да билік айтушы, төрелік етуші болып саналады. Əйтсе де би мен қазы сөздерінің арасы жер мен көктей. Қазы бір өзі ғана даулы іспен жүгінушілерге шешім шығарып, төрелік айтады. Ал оның əділдігі мен əділетсіздігі көп жағдайда тең түсіп жатуы ықтимал. Ондай жағдайда даушылар қазыдан асып, билер алдына жүгінетін болған. Əрі жоғарыда айтқан жəне төменде баяндалатын тек биге тəн қасиеттерді қазыдан талап ету – орынсыз, білместік болады. Яғни, қазы өзінің дүниетаным, көзқарасына қарай дұрыс болсын, бұрыс болсын – төрелік айтушы ғана. Биге орай тағы бір ескере кететін жайт бар. Халық арасында «би екеу болса, дау төртеу» деген астарлы сөз бар. Бұл сөзді кейде билер жүрген жерде дауда көп деп сыңаржақты ұғып қаламыз. Мұндай пікір қате. Бұл арада даулы мəселені екі би емес, үш би (яғни, тақ санды) шешсін дегені. Яғни, бірі айыптаушы, екіншісі – ақтаушы болса, ал үшіншісі – ортақ, əділ шешім айтатын Төбе би болсын дегенді меңзегені. Бұл əдіс сол кезеңдегі дала демократиясының таптырмас туындысы болып табылады.
Би елші (дипломат) мəмілегер ретінде де тарихтан орын алған. «Жауластырмақ-жаушыдан, елдестірмек-елшіден», «Елшісіне қарап елін таны» деген секілді тек қана қазаққа тəн емес, түркі дəуірінен келе жатқан көптеген мақал-мəтелдерде қаншама терең мағына жатқанын біз əлі де жете пайымдай алмай келеміз. Яғни, би тек ел ішіндегі даулы мəселені шешеді екен деп қарауымыз да жете бағамдамаушылық. Əрине, жеке адамдар, ру, тайпа, ұлыс аралығындағы кикілжіңді ел мен ел арасындағы даулы істермен қатар қоюға болмайды. Сол себепті де, соңғы мəселені шешу үшін жат жұртқа нағыз беделді билерді жіберіп реттеп отырған.
Қазақтармен жауласып келген Жоңғар хандығына соғысты тоқтатып, тату көршілік қатынас орнату үшін кезінде Қазыбек би бастаған елші жіберілген. Сонда Қазбек бидің Жоңғар ханына елшілікке барғанда айтқаны: «Сен темір де мен көмір, Еріткелі келгемін. Екі еліктің баласын, Теліткелі келгемін. Егесетін ел шықса, Иілткелі келгемін. Тұтқыр сары желіммін, Жабысқалы келгемін. Жаңа үйреткен жас тұлпар Шабысқалы келгемін. Танымайтын жаттарға, Танысқалы келгемін. Қазақ-қалмақ баласы, Табысқалы келгемін. Табысуға келмесең, Тұрысатын жеріңді айт, Сен қабан да мен арыстан Алысқалы келгемін». Ел басшылары сол заманда билер арқылы барлық түйінделген мəселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, бəтуаластыруды мұрат тұтқан. Билер саясатпен де айналысып, қоғам қайраткері дəрежесіне дейін көтеріліп отырған. Би – жекелеген адамдар, ру мен ру, тайпа мен тайпа арасындағы дау-жанжалды шешумен ғана шектелмегені баршаға мəлім жай. Олар елмен еларасындағы қоғамдық мəні зор саяси мəселелерді шешуде хан-сұлтандардың негізгі тірегі, кеңесшісі болған. Хан қаншама қаҺарлы болғанның өзінде «Билер кеңесінде» көпшілік дауыспен қабылданған шешімді жеке билікпен бұза алмаған. Əйгілі əз Жəнібек ханның жанында ел ішінің сыртқы саясатының барлық мəселелерін талқылап, баға беріп, жөн-жоралғы сілтейтін алпыс би болған екен дейді. Атақты Абылай ханның жанында үнемі кеңесші 8 би болғаны тарихтан белгілі. Ал, иісі қазақтың кемеңгер ханы əз Тəуке, бүгінде ежелгі гректердің заңгері Салон шығарған заңмен пара-пар делініп жүрген, «Жеті Жарғыны» жазғанда ошақтың үш аяғындай тең тұрған билеріміз – Төле, Қазыбек, Əйтекелердің ақыл-кеңесін басшылыққа алғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Күлтөбе, Мəртөбе бастарында өткен талай əйгілі кеңестерде ел бірлігі, ас-ауқаты, амандығы мен болашағы жайында келелі іске кеңес берген де осы билеріміз болатын. Ел ішінде би ой түйіп, сөз ұстап, əділ төрелік айтумен бірге, бүкіл бір халықтың болашақ ұрпағын тəрбиелеуде де теңдессіз қызмет атқарумен қадірменді саналған. Қалай болғанда да сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып, оның ел басқару жүйесінде айрықша қоғамдық маңыз атқарып келген билердің рөлін қайта жандандырсақ, ұлттық қадір-қасиеттерімізді сақтауға көмектесер еді. Осы қастерлі мұра, даналық, «қара қылды қақ жарар» əділдіктің адал оғы, сатылмаған қазақтың киелі ауызды билерінен шыққан сөздер бүгінгі таңда да қазақ қоғамына үлгі болуы қажет екендігіне ешкімнің таласы жоқ деген ойдамыз.
Қуандық ЕСЕНҒАЗЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
www.egemen.kz