Отбасы – бұл әрбір адамның өміріндегі ең басты нәрсе. Отбасы – ол Отан.
Дегенмен өмірдің кейбір кезеңдерінде отбасында да қарым қатынас қиындықтары болып тұрады. Ондай сәттерде бір біріне ауыр болатындай отбасылық қатынасты бұзуға асықпау қажет. Мұндай кезде балаларға қиын соғады. Себебі, бала жүрегіне ата-ананың екеуі де өте жақын әрі қымбат. Олар оны бөле алмайды.
Жамбыл облысында 2018 жылдан бері өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасыларға көмек көрсету үшін «Отбасылық сот» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты – отбасыларға сотқа дейін, сондай-ақ сот кезінде отбасылық және әлеуметтік жанжалдарды реттеу мамандарының қатысуымен атаулы жәрдем жасау, татуласу процестері, құқықтық кеңес беру арқылы балаға, отбасыға көмек көрсету.
Бұл жұмысты облыстағы соттар жергілікті мекемелер мен әлеуметтік ұйымдармен бірлесе жүргізеді.
Меморандум негізінде өңірдегі (облыстың әрбір ауданындағы) әкімдіктер жанынан «Бастау» жұмыс тобы құрылып, отбасыларға ресурстық қолдау көрсетіледі.
Ресурстық топ құрамында жергілікті мекемелер мен әлеуметтік ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар психологтар, медиаторлар, адвокаттар, Билер Кеңесінің, ҚХА аналар Кеңесінің, денсаулық сақтау басқармасының, әлеуметтік қорғау басқармасының, қамқоршылық органдарының және АХАТ өкілдері бар.
Аталған топ белгілі бір отбасылардың қажеттілігіне байланысты тегін түрде құқықтық кеңес береді, медиативті қызмет (тараптарды татуластыру бойынша) көрсетеді, психолоиялық, әлеуметтік (құжаттарды рәсімдеу, жұмысқа орналасу және т.б.) жәрдем жасайды.
Соттар жұмысына отбасылық некеге байланысты істерді қараудың тың тәсілінің енгізілуі сот кезіндегі дауды реттеу статистикасы бойынша оң нәтиже бере бастағанын көрсетуде. Татуластыру тәсілдерін (психолог, медиатор, Билер Кеңесі, «Бастау» ресурстық жұмыс тобы) пайдаланатын белсенді әрі кәсіби судьялар қызметінің арқасында отбасыны сақтап қалуға жол ашылуда.
Нәтижесінде, ағымдағы жылдың бес айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда осы категория бойынша сот істері аз түсетіні байқалып отыр. Дәлірек айтқанда, былтыр 2392 сот ісі болса, биыл 1382 ғана. Олардың 1381 қаралса (былтыр 1968 іс), шешім шыққандары – 858 (былтыр 1315). Жоғарыда аталған жоба судьяларымен қабылданған шаралар арқасында 491 отбасының кикілжіңі шешілді.
Некені тоқтату бойынша 990 сот ісі түсті (былтыр 1714). Барлығы 999 іс қаралса (былтыр 1435), шешім шыққандары 646 (былтыр 1044).
Соттармен, оның ішінде «Бастау» ресурстық тобы қатысуымен 337 отбасы сақталды.
Бастысы, жоба бізге отбасылық неке істері, оның ішінде некені тоқтату туралы істерді қарауда жаңа тәсілдің тиімді енгізілгенін көрсетті.
Істі қарау кезінде судьялар кикілжің деңгейін азайту, отбасыны сақтау үшін барлық шараларды қабылдайды.
Істі сотта қарағанда ерлі-зайыптыларға татуласу үшін берілетін кезеңде отбасыға, балаға атаулы көмек көрсету үшін «Бастау» ресурстық топтары татуластыру процедуралары арқылы белсенді түрде кірісуі қажет.
Бұл кезеңде негізгі рөл жергілікті мекемелер мен әлеуметтік ұйымдар өкілдеріне қойылады.
Ресурстық топ жұмыстарының тиімділігі ондағы мамандардың кәсібилігінің деңгейіне, қабылданатын профилактикалық шаралардың сапасына көбірек байланысты болады.
Негізі жобаның негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының 2015 жылдың 9 ақпанындағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының 2 бап 19 тармағында қарастырылғандай, облыстық әкімдіктердің Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша қызметімен байланысты.
Отбасылық кикілжіңдерді реттеу, тұрақтандыру, әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін отбасылық даудың сотқа дейінгі кезеңінде негізгі назарды аудару қажет.
Қоғамдағы ғаламдық өзгерістер отбасыны сақтауда жергілікті мекемелердің жұмысының жүйелі өзгеруін талап етеді.
Жергілікті органның ресурстық топтарының жұмыстары ақылы емес екендігін атап өту керек. Топ өкілдері өздерінің негізгі жұмыстарынан бөлек мұнда қоғамдық негізде қатынасады. Бұл өз кезегінде топтардың белсенді жұмыс жасауына әсер етпей қоймайды.
Жергілікті органдардың жұмысындағы сапалық өзгеріс республикалық органдар деңгейіне шығады деп сенемін.
Отбасы, балалар мәселелерімен айналысатын жергілікті мемлекеттік органдар мен әлеуметтік ұйымдардың жүргізіп отырған қызметіннің тиімділігін анықтау және жұмыстың қайталанбауын қадағалау үшін мониторинг жүргізу керек.
Қабылданған шаралардың тиімділігі мазасыз отбасылар, ажырасулар статистикасымен байланысуы тиіс.
Әрі қарай мұндай ұйымдардың жұмысын оңтайландыру қажет. Артығын қоспай, штаттық бірліктерді қысқарту керек.
Психолог, әлеуметтанушы, педагог мамандардың сапалы кәсіби деңгейіне сөзсіз назар аудару қажет.
Отбасылық некелік кикілжіңдердің себептерінің бірі тұрғындардың құқықтық инфантилизмі немесе құқықтық сауатсыздық болып табылады.
Кейде ерлі-зайыптылар отбасы-некелік заңнаманың нормаларын сақтамау жауапкершілік жүктейтінін түсіне бермейді. Яғни некені тоқтатудың артында баланың қайда тұратынын анықтау, балалармен қарым қатынасу тәртібі, балаға, жолдасына алимент төлеу, мұлік бөлісу секілді және тағы да басқа даулар пайда болады.
Осыған байланысты, АХАТ жанынан отбасылық консультация құру өзекті.
Отбасы және балалар мәселелері бойынша жұмыстарды үйлестіретін бірыңғай орталықтандырылған республикалық органды анықтап, облыс әкімдеріне отбасылар мен балаларға атаулы ресурстық көмек көрсету, құқықтық кеңес беру міндеттемелерін қою керек.
Отбасыны сақтауға бағытталған мемлекет қаражатының тиімді үлестірілуін қадағалау керек.
Барлық облыста «Облыс әкімдігі жанындағы жас ісі жөніндегі басқарма» ММ бар. Сонымен бірге мемлекет қазынасынан қаржыландырылатын өзге де құрылымдар бар. Бастапқыда осындай басқармалар отбасыларға атаулы және ресурстық қолдау бойынша көрсетілетін өкілеттіліктерді өздеріне алса болады (олардың штатында 7 адамнан 12 адамға дейін).
Нақты профилактикалық шараларды жасау және қазына қаражатын мақсатты пайдалану үшін некені тоқтату, тұрмыстық зомбылық себептерін талдау статистикасын жүргізу қажет.
Отбасы-неке істерін қарау кезінде сынамалы жоба аясында енгізілген жаңа тәсіл ақталды. Қоғам өзгерді, сана жаңғыруы орын алды. Жергілікті органдарға отбасы және балалар мәселелері бойынша жұмыстарда жаңа тәсіл енгізуді тілеймін.
Гулнара Абдувалиқызы Асылбек, Жамбыл облыстық сотының судьясы