(неке бұзу және алимент өндіру бойынша)
Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі отбасылық құндылықтарды қорғау болып табылады. Ажырасу – бүгінгі таңда әлеуметтік проблемалардың біріне айналып отыр.
2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Аталған заң медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазіргі таңда соттарда дауларды медиация тәртібімен сотқа дейін реттеуге арналған пилоттық жоба іске асырылуда. Жоба міндеттері – татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, халықтың соттан тыс дауды (жанжалды) реттеу мүдделілігін анықтау болып табылады. Жоба мақсаты – дау-жанжалдардың кейбір түрлерін медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу. Яғни, татуластыру рәсімдерін қолдану аясын одан әрі кеңейтіп, азаматтардың сот шығындарын барынша азайтуды көздейді. Себебі, сотқа келіп түсетін істердің арасында өзара келісіммен бітетін даулар жеткілікті. Мысалы, неке бұзу, ата-аналарының, жұбайының, кәмелетке толмаған балаларының асырауына алимент өндіру туралы дауларға қатысты талап арыздар өте жиі кездеседі.
Медиацияның отбасылық қатынастар саласындағы ерекшеліктері – некені жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ отбасылық қатынастардан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешілуі мүмкін. Осындай жағдайларда медиация институтының маңызы зор. Қазіргі таңда сотта медиация тәртібімен шешіліп жатқан даулар саны артуда.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларға түсетін жүктемені азайту, дауларды шешудің сотқа дейінгі және соттан тыс рәсімдерінің санын ұлғайту, тараптардың татуласуына жәрдемдесу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.
Статистикалық деректер республика соттары қарайтын істердің едәуір бөлігі некені бұзу, балаларды, жұбайларын, ата-аналарын асырауға алимент өндіріп алу туралы талаптармен істерді құрайтынын көрсетеді.
Әдетте, мұндай талаптар даусыз және татуластыру рәсімдерінде келісімдер жасасу арқылы істердің аяқталуы мүмкін.
Соттардың некені бұзу туралы талаптарды сотқа дейін реттеу үшін қайтаруы талап қоюшының немесе тараптардың өтініші бойынша ғана мүмкін болады.
Сонымен қатар, соттарда алимент өндіру туралы даусыз талаптардың өсуі байқалады. Мұндай талаптар бойынша тараптар нотариусқа жүгіне алады, өйткені алименттік келісімдер жасасудың белгілі бір артықшылықтары бар – ол құпиялылық, ерікті орындау, қарым-қатынасты сақтау, бұл тараптар үшін өте маңызды. Келісім орындалмаған жағдайда өндіріп алушы АПК-не енгізілген түзетулерге байланысты келісім негізінде сот бұйрығын шығару туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
Аудандық сотта бүгінгі күнге дейін отбасылық қатынастар саласында дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеу бойынша татуласу рәсімдерін қолдану арқылы, некені бұзу бойынша 39 азаматтық іс қысқартылған, оның ішінде бітімгершілік келісімге келу арқылы 4 азаматтық іс, медиация тәртібімен 34 іс, партисипативтік рәсімді қолдану арқылы 1 іс және жұбайының асырауына алимент өндіру бойынша 2 іс медиация тәртібімен аяқталған.
Еңселі ел болу жолында шайқалған шаңырақ, баспанасынан безген ата-ана мен отбасының жылуын көрмеген балалардың артуы біздің елдігімізге, бірлігімізге сын. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», біздің мақсат ата-бабамыздан бастау алатын осынау бітімгершіліктің, татуласудың мәнін түсіндіріп, өз елімізде өркениет көшіне батыл қадаммен бет бұру. Отбасылық дауларды бітіммен шешудің нәтижесі мен күш-қуаты осында жатыр. Туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнауы үшін әр шаңырақ бүтін болуы керек.
М.Ғ.Мыстаев,
Шу аудандық сотының судьясы