Л.Ауелбекова, Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының судьясы
Медиация – үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Ол бойынша үшінші тарап ретінде медиатор қатысады, ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау рәсімін толығымен бақылап отырады. Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады.
Дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолдану соттарда қаралатын істердің санын азайтуға және судьялардың жүктемесін төмендетуге бағытталған. Одан басқа, татуластыру рәсімдері тараптарға дауды барынша аз материалдық және моральдық шығын жұмсап, қысқа мерзімдерде шешуге мүмкіндік береді.
Бұдан екі тараптың татуласу рәсімі жүзеге асқан жағдайда іске соттың қатысуы мен азаматты айыптау мәселесі күн тәртібінен алынып, керісінше азаматтардың қатысу деңгейін арттырар еді.
Соттар бекіткен татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасқан кезде, төленген мемлекеттік баж толық көлемде бюджеттен қайтарылуға жатады.
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.
Медиация тәжірибесінің мақсаты билер соты сияқты дауласушы тараптардың дауласушылық деңгейін төмендетіп, тараптарды бітімге келтіріп татуластыруға қол жеткізу.
Шиеленіскен қоғамдағы шым-шытырыққа толы талас-тартыстарды сотқа жолдамай-ақ шешімін табуға мүмкіндік беріп, сот жүйесі жұмысының жеңілдеуіне септігін тигізеді. Сот шешімдері бір тарапты ғана қанағаттандырса, медиация мәмілеге келу арқылы екі жақтың мүддесін ескере отырып, бейбіт шешім шығарады. Бірақ, бітімгершілік заңына халық мейлінше сене бермейтінін байқауға болады. «Медиацияны дамыту орталығы» қауымдастығы қоғамдық ұйымының мамандары да осыны растап отыр. Дәлірек айтсақ, медиацияның мүмкіндіктері жайлы қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары ғана біледі екен.
Қазіргі қолданалып жүрген медиация рәсімі қазақтың билер институтынан бастау алады деуге толық негіз бар.
Біздің өмірлік тіршілігімізде, дауласушы тараптар арарасында кекшілдік, эмоциялық, бір беттілік, қыңыр, тәккапар қайтпайтын мінездер басымырақ болып, нәтижелі келісімге келуге кедергі болып тұрған жағдайларда, даудың әрі қарай өршімеуі үшін, білімді, беделді, ірілігі мол, бейтарап, мүдделі емес тұлға медиатордың көмегі өте қажет.
Қоғамды танып-білу қоғамда тіршілік етіп жүрген адамдарды танудан басталады. Ал, адамдардың адамдық қасиеттерін танып-білудің бірден-бір жолы – олардың өмір сүрген ортасы, яғни отбасы және сол жерде алған тәлім-тәрбиесі. Осы орайда, ізгі және имани тәрбие алған адам – өнегелі, иманды жанұяның ізгі жемісі екені сөзсіз.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген қазақтың нақыл сөзі отбасындағы тәрбиенің адам баласы үшін қаншалықты маңызды екенін айқындап тұр. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені отбасында өтіп жатады. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын, тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі. Отбасы тәрбиесінің негізгі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады. Алайда, қазіргі таңда сот өндірісінде отбасылық – тұрмыстық және неке бұзу жөніндегі талап арыздар жылдан жылға көбеюде.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен «ОТБАСЫЛЫҚ СОТ» жобасы қолға алынып, облыстық және Республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге асырылып келеді.
Әрине, сот өз кезегінде істі қарайды, сондай-ақ отбасы арасындағы түсініспеушілікті жою мақсатында психологтың көмегін ұсынады. Бүгін «Отбасылық сот» пилоттық жоба аясында психологтар да жұмысқа тартылды. Жоғарыда көрсетілген факторлардың алдын – алу мақсатында, судья-медиатор және кәсіби психолог-медиатор кеңестерімен отбасын сақтап қалу және осы факторлар бойынша ерлі-зайыптылардың үзілген үмітін жалғау басты мақсат болып табылады. «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас»,- деген сөзде де терең ой жатыр.
Қорытындылай келгенде, ата-аналар баланы бірге тәрбиелеуі тиіс. Тәрбиесі мен білім алуына қатысты барлық мәселелерді баланың мүдделерін негізге алып және оның пікірі ескере отырып, өзара келісіп шешулері керек. Әрбір ата-ана қандай жағдайда да болмасын, баласының мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, баласының жақсы азамат болып өсуіне барлық мүмкіншіліктеріне қарай жағдай жасау қажет.
Қазақстандағы әрбір баланың отбасында тәрбиеленуі және өмір сүруі, ата-ана қамқорлығына бөленуі және олармен бірге тұруы заңды құқығының бұзылуына жол бермеу керек. Сондықтан бақытты отбасында өскен баланың ғана бақытты болатын естен шығармауымыз керек.