Жамбыл аудандық сотында бір аптаның ішінде неке-отбасылық қатынастар саласында 4 азаматтық іс бойынша даулар медиация тәртібімен реттелді.
Бірінші азаматтық іс бойынша тараптар 2013 жылы заңды некені тіркеген. Бұл некеден кәмелетке толмаған 2 қызы бар. Отбасының ыдырау себебі ерлі-зайыптылар арасындағы сенімсіздік пен күйеуінің тарапынан қол көтередін жиілеуі. Талап қоюшы сотқа неке бұзу туралы арызбен жүгінді. Өз кезегінде жауапкер некені бұзуға қарсы емес екендігі туралы сотқа арыз берген. Алайда судья тараптармен әнгімелесіп, оларға татуласуға мерзім берген соң, тараптар бір –бірімен түсінісіп, медиациялық келісім жасады. Бұл келісім бойынша жауапкер талап қоюшымен татуласып, отбасына қатысты мәселелерді жанжалсыз шешуге және талапкерге түсіністікпен қарауға міндеттенеді.
Келесі жас отбасы некелерін 2018 жылы қиды және некеден бір жарым жастағы баласы бар. Талапкер сот отырысында көрсеткендей, жұбайы отбасына ешқандай материалдық көмек көрсетпегендіктен талап қоюшы сотқа өзін зайыбы ретінде асырауға алимент өндіру туралы талап арызбен жүгінді. Сотта тараптар татуласып, медиациялық келісімге келді. Келісім бойынша жауапкер материалдық көмек көрсетіп, зайыбына баласы үш жасқа толғанға дейін алимент төлеуге міндеттенеді.
Үшінші азаматтық істің құжаттарына сайкес, ерлі-зайыптылар отбасындағы жиі ұрыс-керіс салдарынан ыдырау шегіне жетті. Үш жылдан кейін ерлі-зайыптылар бөлек өмір сүре бастады. Талап қоюшы сотқа неке бұзу туралы және алимент өндіру туралы талап арыз берген. Бұдан бөлек талап қоюшы тұрмысқа шыққан кезде артынан келген жасау мүлкін қайтару туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Өкінішке орай, ерлі-зайыптыларды әзірше татуластыруға мүмкіндік болмады, бірақ кәсіби медиатор Н.Амированың қатысуымен жасау мүлкін қайтару бойынша дау медиациялық тәртіппен реттелді.
С. және А. 2012 жылы некелерін қиған, бірақ 2018 жылы бұл неке бұзылған. Осы жылдың басында С. сотқа ортақ бірлескен меншік болып табылатын мүлікті бөлу туралы талап арызбен жүгінді. Істі қараған судья тараптарға медиациялық келісімнің артықшылығын түсіндіріп, оларға дауды медиациямен реттеуді ұсынды. Тараптар медиациялық келісімге келді. Келісім бойынша жауапкер 2021 жылдың маусым айына дейін ортақ бірлескен меншік болып табылатын мүліктің жарты бағасын төлеуге міндеттенді.
Татуластыру рәсімінің артықшылығы – өзара тиімді шешім, уақытты, материалдық және моральдық ресурстарды үнемдеу. Сондай-ақ, сот талқылауына қарағанда дауды медиация тәртібімен реттегенде көптеген келіспеушіліктерді шешуге және достық қарым-қатынастарды сақтауға болады.
Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметі