
Шымкент қалалық сотының
азаматтық істер жөніндегі
сот алқасының судьясы
Даулардың деңгейін, соның ішінде олардың соттағы үлесін төмендету мақсатында Шымкент қалалық сотының ғимаратында «Дауларды соттан тыс шешу әдістерін қолдану» және «Отбасылық қатынастардан туындайтын дауларды алдын ала реттеу» тақырыптарында дөңгелек үстел өткізілген болатын. Оған жергілікті атқарушы билік өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, банк пен сақтандыру компаниялары, медиаторлар, жариялық шарттар бойынша қызмет көрсететін мекемелер, нотариалдық палата өкілдерінің, адвокаттар, кәсіби және қоACғамдық медиаторлар және мүдделі басқа да тұлғалар қатысты.
Кездесу барысында дауларды алдын ала реттейтін және құқықтық кеңес беретін Әділет департаментінде – сот орындаушылардың әрекетінен туындайтын дауларды, банктерде – банк шарттарынан туындаған, нотариаттық палатасында – нотариустардың әрекетінен туындаған, «Атамекен» ҰКП филиалында – жеке және заңды тұлғалар арасында туындаған, жария шарттары бойынша қызмет көрсететін ұйымдарда – коммуналдық қызмет көрсетуден туындаған дауларды реттеу жөніндегі комиссияларды; аудандық әкімдіктер жанынан отбасылық қарым-қатынастан туындайтын дауларды реттейтін «Отбасылық кеңестер» құру мәселелері талқыланып, олардың дауларды алдын ала реттеуде тиімділігін ескере отырып, осындай кеңестер мен комиссияларды құру туралы шешім қабылданды.
Аталған кеңестер мен комиссияларды құру бағытында соттар мүдделі ұйымдармен бірлесе отырып пәрменді жұмыстар атқаруда.
Соның нәтижесінде 2019 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімдігімен бірлесе «Отбасылық кеңес» жұмысының кабинеті ашылған. Онда аудан активінің белсенділері қатарынан құрылған тұрақты комиссия жұмыс атқаруда.
Осы ретте, «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобасын іске асыру барысында Шымкент қаласының Абай аудандық сотында «Отбасы шуағы» жұмыс тобын атап өткен жөн.
Аталған топ уәкілетті орган өкімімен 2019 жылғы 10 маусымда құрылып, сол уақыттан бері жүйелі жұмыс жасауда. Топтың құрамында білім беру, бұқаралық ақпарат құралы, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау ұйымдарының, ішкі істер органдары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, психолог пен наркологтар бар.
Бұл топ мүшелері әр аптаның бір күні жиналып, Абай аудандық сотының өндірісіндегі отбасы қатынастарынан туындайтын даулар тараптарының келісімімен олармен кездесіп сұхбат жүргізеді.
2019 жылдың шілде айынан 6 айда топтың 22 отырысы өтіп, онда 200 астам дау тараптарымен кездесу өткізілді. Соның нәтижесінде 103 іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы тоқтатылып, 61 іс бойынша талап қоюшылар талап қою арыздарын қайтарып алған.
Осыған орай, 2019 жылғы 21 қарашада қалалық соттың ұйымдастырумен прокуратура, Әділет департаменті, Мемлекеттік қызмет департаменті, «Атамекен» ҰКП филиалы, заң қызметін көрсету кеңестері палаталарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуымен кездесу өткізілді.
Кездесу нәтижесі бойынша Жариялық – құқықтық қатынастан туындайтын даулардың алдын алу мақсатында заңнамаларды қолдану және оларды жетілдіру жұмыстарын үйлестіру үшін прокуратура, Әділет департаменті, Мемлекеттік қызмет департаментінің және заңгерлер қауымдастықтарының ұсыныстары негізінде жұмыс тобын құру жоспарланған.
Шымкент қаласының билер кеңесімен өзара іс-қимыл бойынша орталық құру туралы 07.12.2018 жылғы өкімімен: «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында және дәстүрлі дала құқығы мен қазақ билерінің дау шешудегі бай тәжірибесін пайдалану негізінде, дауларды сотқа жеткізбей шешу, «Билер кеңесінің» жұмысын үйлестіру, оларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында Шымкент қалалық сотында Билер кеңестерінің жұмысын үйлестіру орталығы құрылды.
Орталық 7 мүшеден тұрады, яғни қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, зиялы қауым өкілдері, БАҚ, отставкадағы судьялар және Қазақстан халықтар достығы Ассамблеясының Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы.
Дауларды сотқа дейінгі шешудің артықшылықтары: уақыт пен қаражатты үнемдеу, жүктеменің азаюы, дау-дамайдың қатысушыларының бір-біріне деген оң қарым-қатынасын сақтау.
Дауларды соттан тыс реттеу, яғни ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын арттыру, татуласу рәсімдерінің артықшылықтарын насихаттау, сотқа жүгіну тиімсіз екенін нақты мысалдар арқылы жеткізу, осы сияқты тағы басқа шараларды тиімді түрде іске асыру үшін Шымкент қаласының аудандық және мамандандырылған сот ғимараттарында медиаторларға арналған кабинеттер ашылған.
Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы Құқықтық қызмет көрсету орталығында ашылған медиаторларға арналған жеке кабинеттерде кәсіби медиаторлар азаматтарға күнделікті қызмет көрсетуде.
Оған қоса 4 аудан әкімдіктерінде қоғамдық медиаторларға соттан тыс татуластыру рәсімдерін жүргізу үшін осындай кабинеттер ұсынылған.
Татуластыру рәсімдерін насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.
Мысалы, «Татуласу – сотқа дейін, сотта» жобасын іске асыру мақсатында, Шымкент қалалық сотының 2019-жылдың 1-ші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарына сай:
2019 жылдың 28 қаңтарында дауларды (жанжалдарды) сотқа дейінгі және соттан тыс реттеудің институттарын жан-жақты дамыту және белсенді түрде енгізу, сот өндірісінде ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану және тағы басқа мәселелер бойынша әрекеттестікті күшейту және ынтымақтастықты дамыту мақсатында Шымкент қаласы әкімімен Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Осы кездесу барысында татуластыру рәсімдерін қолданудың аясын кеңейту бағытында белсенді жұмыс атқарған судьялар мен кәсіби және қоғамдық медиаторлар Алғыс хаттармен марапатталды.
2019 жылғы ақпан айында Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласы бойынша филиалымен бірлесіп, аудандық Билер кеңестері мүшелері мен кәсіби емес (қоғамдық) медиаторлардың құқықтық білімін арттыру мақсатында Шымкент қалалық сотының ғимаратында «Татуластыру рәсімдерін жүргізу ерекшеліктері» жөнінде семинар-тренинг өткізілді.
Семинар-тренинг барысында кәсіби медиаторлар татуластыру рәсімдерін жүргізу ерекшеліктері, ал судьялар татуластыру рәсімдерін жүргізуде процестік құқық нормаларын қолдану мәселелері туралы баяндама жасады.
Тренингтің мақсаты Билер кеңесі мен қоғамдық медиаторларға татуластыру рәсімдерін жүргізу ерекшеліктерін үйрету болып табылады.
2019 жылғы ақпан-наурыз айларында Шымкент қаласының аудандық және оған теңестірілген аудандық соттарында Медиация институтын дамыту мақсатына арналған кездесулер өткізілді.
Іс-шара барысында Билер кеңесімен өзара іс-қимыл жасау орталығымен жұмысты үйлестіру, дауды баламалы жолдармен шешудің тиімділігі туралы мәселелер көтеріліп, судьялар қауымдастығы мен медиаторлар медиация институтын дамыту бойынша пікір алмасып, оны насихаттау тәжірибесімен бөлісті.
2019 жылдың сәуір айында Шымкент қалалық соты, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, Шымкент қаласының нотариаттық палатасы, Шымкент қаласының Әділет департаменті, Шымкент қалалық адвокаттар алқасы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетудің баламалы тәсілдерін дамытуда бірлесе жұмыс істеу, сотқа дейінгі дауларды реттеу институтын нығайту бағытында түрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізу болып табылады.
Мұндай іс-шаралар қала аумағындағы аудандық және оған теңестірілген соттарымен жоспарлы және жүйелі түрде өткізілуде.
2019 жылы жергілікті соттармен «Медиация туралы» заңын қолдану аясы туралы 58 мақала, 30 дөңгелек үстел, 50-ден астам семинар, семинар-тренингтер, 18 халықпен кездесулер өткізіліп, телесұхбат, 70-тен астам баспасөз хабарламалары веб-сайтқа жарияланған.