Ата-бабамыз сонау ықылым заманнан бері бірліктің береке, татулықтың тыныш тірлік екенін ұрпағына насихаттап өтті. Қазақты ұлт ретінде сақтап қалған батырлығы мен дархан мінезі досқа да дұшпанға да мейірімді, кешірімшіл дархан мінезі еді. Достық пен ынтымақты ту еткен бабаларымыз береке мен ырыстан айырылған жоқ. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластықты табиғи жаратылысына тірек етіп келді. Төле би соңғы демін алар шағында үш жүздің игі жақсыларына: «Малға салсаң баспайтын, ұрсаң шаппайтын жабы бар. Қусаң жететін, қашсаң құтқаратын желден жүйрік тұлпар бар. Екі адамның басы қосылса өсек айтатын әйел бар. Бір елге ана, пана болатын әйел бар. Шешім – айтқанда осылардың ара-жігін ашып, екшеп барып, құн кесулеріңді өтінемін» деген екен. Даналығы шексіз қарт келер ұрпағының татулығы мен бірлігіне, сыйластығы мен берекесіне алаңдап өсиет еткенін көреміз.
Дана қазақ: «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» десе, хакім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп келешегіне аманат қалдырады.
Қоғам барда, ел болған соң келіспеушілік туындамай тұрмайды. Тарихқа көз жүгіртсек қазақтың бағына біткен данагөйлері қайсыбір дауды болмасын аса тапқырлықпен, тиімді әрі нәтижелі етіп шеше білген.
Бүгінде бабадан қалған осынау даналық жолын медиаторлар жалғастырып келеді десек болар. Бүгінгі медиация байырғы дала заңының жаңарған жалғасы. Дауласып, бір келісімге келе алмаған екі тарапты жарастырып отыратын кәсіби медиаторлар екені анық. АҚШ, Ұлыбритания, Австралияда кеңінен таралған медиация әдісі қазақ даласына жат емес. Заманында қиын таластың түйінін бір ауыз сөзбен шешкен ақылгөй бабаның бүгінгі ұрпағы жарастыруға келгенде қамшы салдырмасы анық. Артық шығынсыз, уақыт үнемділігімен тиімді болып отырған бұл әдіс соңғы уақытта қазақ еліне кеңінен тарала бастады. Медиацияны қазіргі таңда татуласуға қол жеткізетін ең тиімді институт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауында «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады» дей келе, «Он жылдай уақыт бұрын біз «Медиация туралы заң» қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек» деп атап көрсетті. Президент медиация институтын әрі қарай дамыту керектігіне нақты тоқталды. Осынау әділ жүйенің отаны саналатын Қазақстанда әзірше 90 пайыз іс бір ғана сот үкімін күтеді. Бітімгершіліктің үлесі 10-ақ пайыз. Расында бүгінгі күні медиаторлар отбасылық даудың жарасым табуына, тіпті мектеп оқушыларының тәрбиесіне де оң әсерін тигізе алады. Абайсызда аяғын шалыс басқан, қызуқандық пен албырт жастарымыздың тағдырына араша болады. Аса ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстарды сотқа жеткізбей-ақ айыпталушы мен жәбірленуші жақты ортақ мәмілеге келтіруде атқарар ролі зор.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Малайзиада бітімгершілік арқылы сотқа жетпей бітетін істер саны 90 пайызды, Англияның сот жүйесінде медиация арқылы 50 пайызды құрайды екен. Қазақстанда бітімгершіліктің үлесі 10-ақ пайызды құрайды. Демек, даудың түйінін бір ауыз сөз бен тоқтатып, бітімге келтіретін дала билерінің мәмілегерлік институтын жандандыру кемшін түсіп жатқан сыңайлы.
Қазақтың мәміле жасау үлгісін әлемге паш етіп, дау шешудің озық жүйесі ретінде пайдалана білсек нұр үстіне нұр болар еді. Бабалар салған сүрлеуден жаңылмаған, кешегі мен бүгінгінің тәжірибесін ұштастыра білген медиацияның, қоғамға келтірер пайдасы мол.
А.Рустемова, Шымкент қаласының Кәмелетке толмағандардың істері жөндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы