Біріншіден, қазіргі таңда судъялардың жүктемесі тым ауыр екені аян. Сондықтан, ең алдымен, кейбір істерді медиаторлардың қарауына беріп, соттардың жүгін әжептәуір жеңілдетуге қол жеткізіледі. Тіпті, бұл өзі – соттың баламасы. Сонымен қатар сотқа жүгінуші жақтың бірі көп жағдайда сот шешіміне қанағаттанбай, жоғарғы жаққа арызданып, жазаланған жақ жаза ауыр болды десе, жәбірленуші жақ жаза жеңіл болды, деп наразы болып жатады. Медиацияның артықшылығы ол араздасушы екі жақты міндетті түрде келісімге келтіріп, ризашылықтарын алып татуластырады.
Екіншіден, бұл жол тараптардың өздері үшін де тиімді екені белгілі. Оның үстіне қазір адамдар арасындағы кейбір қақтығыстар қантөгіспен аяқталып жатқаны ащы да болса шындық. Мұндай жағдайда араздасқан адамдарды бітімгершілік жолмен татуластырғанның өзі неге тұрады? «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегендей, бүгінгінің билері есептелетін медиаторлардың араласуымен дүрдараздық, қырғиқабақтық жойылып, адамдар арасында тату-тәтті, жылы шырайлы қарым-қатынас орнап жатса, қоғамдағы ахуал да жақсара түсері сөзсіз. «Ұрыс тұрған жерде ырыс тұрмас» деп жатады ғой. Ендеше ұрысты азайтсақ, елге ырыс қонары анық.
Дегенмен, ел даусыз болмайды. Бірақ «Дәлдеп атып жауды жең, дәлелдеп айтып дауды жең» деген. Ендеше бітіспес дау жоқ. Бәрі де бидің төрелігіне байланысты.
Үшіншіден, Медиативтік тәсіл барлық тараптардың тең құқықты және өзін-өзі көрсету және өз мүдделерін қорғау үшін тең кеңістік беруді көздейтін диалогтық қарым-қатынасына негізделген. Ал осы мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін барлық тараптар өздерінің құқықтары мен міндеттерін нақты көрсетіп қана қоймай, өз жауапкершілігінің шекарасын ұғынуы керек. Осылайша, тараптарға кең мүмкіншіліктер бере отырып, олардың жауапкершілігін арттыра отырып бітімге келтіру де медиацияның бір артықшылығы деуге болады.
Previous ArticleМедиатордың қызметін кімдер жүргізуге құқылы?
Next Article Медиаторға «Үздік бітімгер» төсбелгісін тапсырды
Related Posts
Add A Comment