Бүгінде еліміздің «Медиация туралы» Заңы екі тараптың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуіне, келіссөз арқылы, ерікті түрде, құпиялылығын сақтай отырып, бітімге келуіне жол ашып отыр. Ал азаматтық, еңбек, отбасылық дауларды шешуде медиаторлардың еңбегін айрықша бағалауға болады.
Елімізде медиаторлардың көмегіне жүгіну арқылы соталды дау-жанжалдарды шешу тәсілі біртіндеп қалыптасып келеді. Медиация институты жанжалдарды шешудің баламалы құралы деп қарасақ, оның қоғамдағы орнының айрықша екенін аңғаруға болады. Ал медиаторлардың басты жетістігі медиация рәсімінен кейін қақтығысушы тараптардың жақсы қарым-қатынаста қалуында болып отыр. Сондай-ақ медиаторлар қоғамдық келісімді нығайтуға, әлеуметтік, өзге де қайшылықтарды, қақтығыстар мен дауларды шешуді үлкен еңбек жасап келеді. Медиаторлар әділ төрелік жасай отырып, қос тарапты татуластыру рәсіміне қол жеткізеді. Әлбетте бұл рәсім қазақ халқы үшін жат ұғым емес. Ежелгі билер институты халқымыздың бірлігі мен тыныштығына, татулығы мен бейбітшілігіне қызмет еткені белгілі. Бітімгершілікке шақыру арқылы билік айтудың ең озық өнегесін көрсете білген қаншама би-шешендеріміз тарих төрінен орын алды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» дала жұртшылығын бітімге бастады. Академик Салық Зиманов «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын», – деп жазады. Шындығында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді Ұлы даланың даналары ел арасындағы кез-келген дауды әділ жолмен шеше отырып, ұлттық тұтастығымыздың бұзылмауына атсалысты. Демек, бүгінгі медиация кең даланы мекен еткен дарабоз билеріміздің дәстүрлі тәсілінің заңды жалғасы екені анық. Яғни, медиация қызметі қазақ халқының дәстүрлі билер мен бабалар тағылымын қалпына келтіруге жасалған игі қадам. Бүгінгі қоғамда медиацияның тиімділігі мен пайдасы айқын көрініп келеді. Медиаторлар сот жұмысын жеңілдетумен қатар, азаматтарға мәселені шешу жолында таңдау еркіндігін береді. Азаматтық қатынастың заманауи формасын қалыптастырады. Мәселені конструктивті диалог арқылы шешуге мүмкіндік жасайды.
Қаржы мен уақытты үнемдеудің әдемі тәсілі. Сонымен қатар, медиацияның нәтижесінде «кінәлі» мен «кінәсіз» деген тараптар болмайды. Медиаторлардың қоғам үшін тағы бір пайдасы адамгершілік құндылықтардың сақталуына басымдық беруінде.
Яғни, кешіре білу, түсіністік сияқты адамгершілік қатынастарды қалыптастыруда медиаторлардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олар кәсіби білімі мен шеберлігін қолдана отырып ашу мен ыза, өкпе-ренішті үдетпей, арағайын жасайды, екі тарапты ортақ мүддеге біріктіреді. Осылайша адам бойындағы парасаттылық қасиетін оятады. Дауласқандарды бітіспес жауға айналдырмай, бітімгершілікке шақыра отырып, татулыққа қол жеткізеді. Медиаторлардың қызметі бүгінгі сот жүйесіне де өте қажет екені даусыз. Медиатордың көмегімен соттың, сотталушы мен соттасушының жұмысын жеңілдете отырып, адамдар арасында келісімге келудің ізгілікті жолын қалыптастыруға болады. Қазіргі таңда медиаторлардың еңбегі отбасылық қатынастардан бастап, көптеген саладағы күрделі дауларды шешуде оң нәтиже көрсетіп келеді. Медиация әдісі адам құқықтарының әділ сақталуының кепілі бола алатынын да көріп жүрміз. Сондай-ақ, бұл адамның өзіне деген құрметін арттыруда, өркениетті азаматтық және парасатты қарым-қатынастарды қалыптастыруға оң әсерін тигізеді. Қоғам санасын нығайтуға бағытталған құқықтық құрал бола алады. Сондықтан, елімізде бітімгершілік рәсімдері мен медиация тәжірибесін дамытудың маңызы зор екені даусыз.
Нұрланұлы Арман,
Шымкент қаласының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының приставы