Заңның ерекше назар аударуды қажет ететін баптарының бірі – 15 бап, яғни жергілікті қоғамдастық мүшелерінің медиацияны жүргізуі.
Нақтырақ айтқанда, өз қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлармен қатар, медиацияны жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) осындай мақсатта сайлайтын жергілікті қоғамдастықтың өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар мүшелері жүргізе алады.
Заңның 15 бабының 2 тармағына сәйкес, жергілікті қоғамдастық мүшелерін кәсіпқой емес медиаторлар ретінде сайлау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) хаттамасы он жұмыс күні ішінде Заңда көзделген құжаттармен, сондай-ақ мәліметтермен қоса, кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосу үшін уәкілетті органға жіберіледі.
Сонымен қатар, Заңның 16 бабына сәйкес қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімі (уәкілетті орган) Қазақстан Республикасының аумағында кәсіби емес негізде медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой емес медиаторлардың тізілімін жүргізеді.
Медиацияны кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлар кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосылу үшін уәкілетті органға жеке куәліктерінің көшірмелерін (салыстырып тексеру үшін жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариат куәландырған көшірмесін); үміткердің тұрғылықты жері бойынша наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымнан және психоневрологиялық ұйымнан берілген медициналық анықтамаларды; соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы қоса ұсына отырып жүгінуге міндетті.
Кәсіпқой емес медиаторлардың тізілімі уәкілетті органның интернет-ресурсында не жұртшылық үшін қолжетімді жерлерде қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға және оған медиаторлардың енгізілуіне қарай жаңартылып отыруға тиіс.
Уәкілетті орган мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы.