Н.АЛИЕВ, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы
Қазақ тарихында билердің қазақ ұлтының дамуына және ел бірілігінің сақталуына қосқан үлестері орасан болғаны белгілі. Ұрпаққа мұра ретінде өшпес із қалдырған атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің айтқан сөздері осы кездері де баршамызға рухани азық болып келеді. Билер өзіне жүгінген тараптардың дауларын қараған кезде әрқашан тараптарды бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысқан. Сондықтан да олардың қоғам өмірінде және ел алдында беделдері ханнан да жоғары болған.
Қазіргі кезде дамыған Батыс Еуропа елдерінде тараптар арасындағы даулар көбінесе сот арқылы емес, татуластыру рәсімдері тәртібімен шешіледі.
2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» Заңының нормаларын бұрынғы билер сотымен салыстыратын болсақ, олардың арасында ұқсастық көп. Осы Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат қоғамда азаматтар арасында дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады. Бұл Заңның атауын қазақша татуластыру, өзара келісу туралы Заң деп түсіну қажет.
Ағартушы ғалым Шоқан Уәлиханов өзінің «Сот реформасы жайында хат» атты еңбегінде қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілгенін көрсеткен.
«Медиация туралы» Заңының 9-бабында тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады деп көрсетілген, яғни медиаторларды ешкім сайламайды және тағайындамайды.
Бүгінгі күні де дауласушы тараптар өздерінің алдында және ел арасында беделі жоғары, өздері адал және әділ деп санайтын кез келген тұлғаны дауды шешуші – медиатор ретінде таңдауға құқылы. Ол азаматтардың медиаторлар тізіміне қосылуларына заң тарапынан ешқандай кедергі жоқ.
«Медиация туралы» Заңның және дауды татуластыру тәртібімен шешудің дауды сотта шешуге қарағанда артықшылықтары көп. Дауды сотпен шешкен кезде талап қою арыз автоматты түрде қызмет атқарып жүрген судьялардың біреуіне бөлінеді және тараптар судьяны өздері таңдауға құқығы жоқ. Сот дауды заңда көзделген нормаларға ғана сүйеніп шешсе, медиатор екі тараптардың шынайы мүдделерінің негізінде тараптарды бітістіре алады. Сот шығарған шешімде міндетті түрде ұтқан жақ пен ұтылған жақ болады.
«Медиация» ұғымы «Медиация туралы» Заңның 2-бабында – тараптардың еріктің келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі деп түсіндіріледі.
Жоғарғы Соттың жеті түйінінің ішіндегі «Медиация: сотқа дейін және сотта» деген бағыттар бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Ауылдық округтарда дауласушы тараптар сотқа жүгінуден алдын ауыл билеріне медиацияның тиімділігін пайдаланып, бітістіру мүмкіндігін қарастыруға назар аудырылып келеді.
Заңның қабылданғанына 10 жыл уақыт өтсе де дауласушы тараптардың дауды бұл тәртіппен шешуге бел буған жағдайлар көп деп айтуға болмайды. Мұның бір себебі көпшіліктің бұл заңның басымдықтарын толық білмегенінен немесе тиісті деңгейде түсінбегенінен болуы мүмкін.
Мемлекет тарапынан татуластыруды қолдануда азаматтарға тиімді жағдайлар жасалуда. Мысалы, тараптар дауды сотсыз медиация немесе партисипативтік рәсімдермен шешкен жағдайда мемлекеттік баждың төлеу міндетінен босатылады және сотта дау қаралып жатқан кезде тараптар татуластыру рәсімінің кез келген түрін таңдап, келісімге келген жағдайда төленген мемлекеттік баж оны төлеген тұлғаға қайтарылады.
2016 жылы қолданысқа енген Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде татуластырудың 3 түрі көзделген. Қазіргі кезде тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап, дауды өзара реттей алады. Заң актілерінде жаңадан пайда болған ұғым – партисипативтік рәсім бұл екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
Қазіргі кезде дауласушы тараптар дауды сот тәртібімен немесе сотсыз медиация, партисипативтік рәсім тәртібімен шешуді өздері таңдау құқықтарына ие болды, себебі тараптар дауды сот тәртібінсіз медиация немесе партисипативтік келісіммен шешкен жағдайда, мұндай келісімдерді мәжбүрлеп орындату жөніндегі нормалар Азаматтық процестік кодексте қарастырылған.
Медиация тәртібімен дау қысқа мерзімде шешіледі, ал сотта басым көпшілік істер істі сотта қарауға әзірлік жасау мерзімі аяқталған соң 2 ай мерзім ішінде қаралып, шешім қабылданады. Сондай-ақ тараптар сот талқылауының кез келген сатысында сот шешімін күтпей, татуласу, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу келісімдерін жасауға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар сот актісін орындау кезінде де тараптардың татуласу келісімін жасау мүмкіндіктері кодексте нақты көрініс тапты.
Дау медиация тәртібімен шешілген жағдайда құпиялық сақталады, ал сотта қаралған дау (заңда көзделген істерді қоспағанда) тараптардың келісімінсіз бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкін.
Тараптар дауды медиация тәртібімен шешкен жағдайда олардың шынайы мүдделері қаралады, ал дау сотпен қаралғанда тараптардың құқықтары мен мүдделері заңның шеңберінде ғана қорғалады.
Қорыта айтқанда бүгінгі күнге дейін адамзат дауды татуласу арқылы шешуден артық тәсілді ойлап таппаған.
Сондықтан дауласушы тарап сотқа талап қою арызын тапсырардан алдын дауды медиатордың көмегін реттеу мүмкіндігін қарастырғаны бірінші кезекті оның өзіне тиімді екенін білуі тиіс.