Бұрынғы қазақтың билері ертедегі қазақ қоғамындағы әділеттілік пен туралықты іс жүзінде қамтамасыз еткен. Олар тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, жанжалдасқанды татуластырып, ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп отырған. Қазақ қоғамындағы осындай дана шешімдер өз кезегінде халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтап отыруға шексіз үлес қосқан. Бір сөзбен түйіндесек, қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың озық өнегесі болған.
Қазақтың билері салған сара жолды жаңғыртып, әлемдік заңдылықтарды саралай отырып, соған сай толықтырулар қосып, елімізде 2011 жылы қаңтар айында «Медиация туралы» заң қабылданды. Бұл заңының дүниеге келуі қоғамның қажеттігінен туған дүние және ол 2011 жылы тамыз айында қолданысқа енгізілгенге дейін құқықтық сүзгіден өтіп, сот жүйесіне жаңашыл өзгеріс әкеліп, дауды шешудің тағы бір тетігін көрсетіп берді. Медиация – үшінші бейтарап тұлға – медиатордың көмегімен іске асырылатын соттан тыс дауды шешу рәсімі, әрі балама шешудің бір жолы болып табылады. Медиацияның тиімділігі жөнінде ескеретін тағы бір жайт, бұл жерде екі тарап ортақ келісімге келетіндіктен шешімнің орындалу деңгейі де жоғары болмақ. Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация еркін процесс.
Медиация тәсілімен дауды реттеу азаматтық іс жүргізуде кең көрініс тапқан. Бүгінде медиация, татуластыру институтының аясы кеңейіп келеді. Судьялар бұрынғыдай тараптарға қолданыстағы заң талаптарын, бітімгершілік рәсімдерін жан-жақты түсіндіреді. Тараптардың бірі дауды тек сотпен шешкісі келсе, енді бірі сот медиациясына немесе медиаторлар көмегіне жүгінуді қалайды. Кейбір дауды партисипативтік тәсілмен, яғни, адвокаттар арқылы шешкен де оңтайлы.
Осы орайда, соттарда олардың оңтайлы шешімі ұсыныстары қолдау табуда. Мәселен, Экономикалық сотта осы жылдың 5 айында медиация тәртібімен 61 іс қаралды. Тараптар онлайн режимінде татуласатын кездері де болды. Мысалы, бір ЖШС-нің басқа мекемеге берешекті және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талабы бойынша азаматтық іс қаралды. Бұрын серіктестіктер арасында келісім шарты жасалған. Дау шарт міндеттемелерінің орындалмауынан туындаған. Қатысушылар сот отырысына «Skype» қосымшасы арқылы қатысты. Судья істі қарау барысында тараптарға дауды медиация тәртібімен реттеу құқығын түсіндіріп, оның артықшылықтарын мәлімдеді. Тараптар өз кезегінде татуласуға келісіп, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өзара тиімді шарттармен келісімге қол қойды. Сот дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Серіктестікке төленген мемлекеттік баж кері қайтарылды.
Сотта үлкен соммадағы қарыздарды өндіру бойынша талап арыздар медиациямен аяқталып жатады. Осылайша, Шымкент қаласының Экономикалық сотына бір ЖШС-гі екінші ЖШС-нен 43 193 250 теңге қарызын өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінген. Серіктестіктер
арасында тауарды жеткізу туралы келісім шарты жасалынған. Талап қоюшы шарт бойынша өз міндеттемелерін толығымен орындаған, ал жауапкер тауар сомасын уақтылы әрі толығымен төлемей, өз міндеттемелерін орындамаған. Сот отырысы барысында татуластырушы судья тараптарға медиацияның тиімді тұстарын түсіндірді. Нәтижесінде, тараптар арасында дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім түзілді. Оның шарттары бойынша жауапкер қарызын толық көлемде медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісімге қол қойылған сәттен бастап 3 күн ішінде төлеуді міндеттенген, ал талапкер өз талаптарынан бас тартқан. Сот татуласу келісімін бекітті. Осыған байланысты, бұл іс бойынша іс жүргізу тоқтатылып, талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж салығы қайтарылды.
Медиация процесінде жеңімпаз немесе жеңілген тарап деген болмайды. Себебі, медиацияның мақсаты екі тарапты да қанағаттандыратын шешім табу. Тек осындай жағдайда ғана ол жемісті болады және шешімнің орындалуының үлкен ықтималдылығы бар. Шешімді бірге әзірлеген және келісімге өз бетімен қол жеткізген тұлғалар өз мүдделерін негізге ала отырып, олар үшін үшінші тарап қабылдаған шешіммен салыстырғанда қол жеткізген келісімді орындау өте қолайлы. Медиацияның тағы бір артықшылығы, ол осы рәсімнің құпиялығында. Сонымен бірге медиациялық келісімге келудің нәтижесінде тараптардың уақыты мен қаржысы үнемделеді. Сот өндірісімен салыстарғанда медиациялық жолмен дауларды шешу көп уақыт алмайды және тараптардың шығындарын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді.
Луара ҚАЛДИЕВА, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы