Қазақстандық әрбір отбасы жекелеген адамның алтын мектебі ғана емес, тұтас мемлекеттің түпқазығы, діңгегі. Қоршаған ортаның, тұтас қоғамның беріктігі мен жас ұрпақтың маңызды, ұлттық тәрбие алуы отбасынан басталады. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ал жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор.
Ерлі-зайыптылардың өзара қатынасы сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтың ошағы болуы тиіс. Кез-келген ұлттың дамуы мен келешегі екі жұптың татулығына байланысты. Себебі олардан тараған бүгінгі жеткіншек, ертең елдің тірегі болар азамат. Ол жас жұбайлардың перзенті ғана емес, ұлт пен мемлекеттің басты байлығы.
Яғни, Артур Шопенгауэр айтқандай «Үйлену дегеніміз – өз құқығының жарымын азайтып, міндетіңді екі есе көбейту деген сөз». Өкінішке орай соңғы жылдары жиілеп бара жатқан ажырасу тақырыбы ақылды сананы алаңдатып отыр. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінде ерлі-зайыптыларға бала тәрбиелеуде теңдей міндет жүктейді. Өкініштісі, көптеген ата-ана бүгін осы жауапкершіліктің салмағын сезінбей жүр. Заң жүйесіндегі «құқық» және «міндет» делінетін терминнің «құқығына» ғана жүгініп «міндетіне» бас ауыртып жатпайды. Түрлі себеппен туындаған дауды өзара түсіністікпен шешуге талпыныс кейбір жұптарда жоқтың қасы. Екеуара дауды соттың төрелігімен шешуге деген ұтылыс басым. Отбасының басты құндылығы бала, денсаулық, бірлік секілді ұғымдар кейінгі орынға ысырылып қалып жатыр. Табыстың аздығы, бірінен бірінің төмендемеуі, «өз арбамды өзім сүйрей аламын» деген паңдық түсінік алдыңғы орыннан көрініс тауып тұрады. Осы себептер жұбайлардың сот залынан табылуына итермелейді. Бұның салдары «жарты жетім», жалғызбасты ана, толық емес отбасылар қатарының көбеюіне
әкеліп отыр. Осы ретте ажырасушылар қатарын азайтып, бақыттың отбасының қатарын көбейту мақсатында елімізде түрлі шаралар қолға алынып жатқанын айта кетуіміз керек. Бүгінгі қоғамның міндеті, жас отбасын екіге бөліп, алимент өндіру ғана емес, болашағы айқын, тамыры терең отбасын сақтап қалу. Сол арқылы төрт құбыласы түгел, күлкісі бейғам ұрпақ өсіру болып отыр.
Бұл мәселеде еліміз бірқатар жұмыстарды қолға алған. Жоғарғы Соттың бастамасымен «Отбасылық сот» пилоттық жобасы қолға алынып, жанұя жарасымын сақтауда, жақындар арасындағы сыйластықты қорғауда отбасылық медиацияны қолдануға барынша басымдық беріліп келеді.
Жалпы, қазіргі кезде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істердің барлығында медиация жиі қолданылады, тараптар да
бітіммен дауды бітіруге ынталы болып жүр. Бұл қуантарлық жағдай. Ал, енді кәмелетке толмағандардың қатысуымен қаралатын істерде медиацияны қолдану өте маңызды. Мұның себептері көп. Медиация сот отырыстарын айырбастай алмайды. Ол заңдық тетіктерді толықтырып, отбасы мүшелерін бір ымыраға келтіру үшін керек. Даудың сотта шешілуі сыйластыққа сызат түсіреді, үлкен мен кішінің арасындағы байланысты әлсіретеді, туыстардың бір-біріне деген қадірін кетіреді. Өйткені, сот барысында өзінікін дұрыс дейтін тараптардың бет жыртысып, бір-біріне ауыр сөз айтатынын жиі көреміз. Жүсіпбек Аймауытов «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге». Ал, осы дау сотқа дейін, болмаса судья шешім шығарғанға дейін реттеліп, медиация арқылы шешіліп жатса, тарап тардың ұтары көп. Уақыт пен қаржыны айтпағанда, істің бітімгершілікпен аяқталуы отбасындағы татулықты нығайтуға, текетіресті азайтуға, туыстық байланысты жақсартуға ықпалын тигізеді. Медиацияның тағы бір артықшылығы – құпиялылығында. Дауды шешу барысында тараптар арасындағы келіспеушілікті тек медиатор біледі. Екеуара құпияның жария болмауына медиатор кепілдік береді. Бұл әрі қазақы құқықтық ұстаныммен де үндес. Өйткені, байырғы бабаларымыз «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп әулеттің ішіндегі дауды сыртқа шығармауға, олқылықты үйден тысқары жария етпеуге тырысқан. Бұл маңызды міндетті ертеден түсінген бабаларымыз ажырасуға мүлде жол бермеген. Тіпті сирек болған күннің өзінде он ойланып, жүз толғанып барып, шарасыздықтан келіскен. Ауыл ақсақалдары мен билердің талқысына түспей, өз беттерінше шешім қабылдау жұбайлар арасында жат, өте өрескел жағдай болатын. Үйлену, бірігіп шаңырақ көтеруге келгенде екі жақтан да үлкен жауапкершілік талап етілген. Сол бір тамаша қағидат іргеміздің бүтін, шаңырағымыздың биік болуына ғасырлар бойы қызмет етіп келді. Ел болған соң дау-дамайсыз болмайтыны анық. Бірақ сол жанжалды ушықтырмай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту, бүгінгі күнде қай жиынның болса да басты тақырыбына айналып отыр.
Айгүл Рүстемова,
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы