Медиация сөзі ағылшын тілінде кез келген дауды оған ешқандай да қатысы жоқ үшінші бір адамның – медиатордың араласуы арқылы альтернативті түрде реттеу деген мағынаны білдіреді. Демек, медиатор дегеніміз – өзара жанжалдасушы немесе дауласушы тараптардың арасында орын алған даулы мәселелерді олардың өздерін қатыстыра отырып, тараптарға тиімді жағдайда шешуді жүзеге асыратын маман. Жалпы, осы саланың бүге-шігесін терең меңгерген мамандардың айтуынша, медиаторларды бітімгер немесе мәмілегер деуге әбден болады. «Бітімгер» деген мамандық қазірде қоғамда болмаса да, ауыл арасында қолданылады. Сөзге шешен ақсақалдар араздасқан екі жақты мәмілеге келтіріп, ауызша келісіммен айыбын төлетіп, бейбіт жағдайда мәселені шешеді.
Медиация тарихы тереңде. Адамдар арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол ықылым заманда пайда болған. Сондықтан бұл әдіс алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде де болған. Бұрын медиация халықаралық, этносаралық дауларды шешу барысында қолданылғанынан тарихшылар хабардар. Мұндай жол келіссөздер нәтиже бермей, екі жақ тығырыққа тірелген кезде қолданылатын.
Тарихшылар мұның түп-тамырын ежелгі Финикия мен Вавилоннан тапқан. Өйткені, оларда сауда жақсы дамыған болатын, соған байланысты дау-шар да тыйылмайтын. Одан кейін бітімгершілік институты Грекияда дамығанға ұқсайды. Ал, ежелгі Римде медиаторлар ережесі алғаш рет заңды тұрғыда бекітілген. Ежелгі Русьте делдал қызметін діни қауым өкілдері атқарған. Қазақ халқында да бітімгершілік институты көне замандардан бар. Аңыз-ертегілерімізден бастап, батырлар жырларында да дауласушы, араздасушы екі жақты бітімгершілікке шақырушы билер болған. Билер екі жақты қатыстыра отырып дауды зерттеп, бітім айтып, айыбының мөлшерін белгілеп, екі жақты татуластырған.
Ал қазіргі күйіндегі медиация институты ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та қалыптасты. Дәл осы кезеңде Америка экономикасында даулардың жаңа түрі – кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер орын ала бастады. Оларды шешу үшін арнайы федералды орган – медиация және бітімгершілік процедуралары жөніндегі АҚШ-тың федералдық қызметі құрылды. Ол әлі күнге дейін жұмыс істейді. Кейін медиация тек еңбек дауларында ғана емес, отбасындағы, коммерциялық саладағы келіспеушіліктерді де реттеу үшін қолданыла бастады.