Көпшілігіміз дау туындаған жағдайда, бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы сотқа жүгіну деп санаймыз. «Сотқа беремін» деген суық сөз бүгінде жиі айтылатын болды. Алайда, елімізде дау-жанжалдарды шешудің балама әдістері танымал бола бастады, олар көбінесе тез, әрі ыңғайлы болып келеді.
Дауларды шешудің балама әдістерін енгізу сот жүйесіне қойылған ауқымды міндеттердің ішінде ерекше орын алады. Сондай тәсілдердің бірі-медиация институты болып табылады.
Медиация дегеніміз- тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі болып табылады.
2011 жылы 26 қаңтарда «Медиация туралы» заңының қабылдануымен еліміздің сот жүйесінде медиация құқықтық институт ретінде орнығып, жылдан-жылға дамып келеді десек қателеспейміз. Өйткені медиация уақытыңды үнемдеуге септігін тигізіп, сот шығындарын азайтады. Өзара татуласқанда жанұялық, достық және іскерлік қарым-қатынастар сақталып қана қоймай, өзара нығая түседі.
Елімізде медиация ұғымы кең көлемде насихатталып, татуластыру бойынша бірқатар пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы аясында «Татуласу: сотқа дейін, сотта», «Соттағы татуластыру рәсімдері», «Отбасылық сот» пилоттық жобалары жүзеге асырылып, тараптарды татуластыруда өз нәтижесін беруде.
Аталған жобаларды іске асыру мақсатында Мойынқұм аудандық сотында татуластыру бөлмесі, фронт-офис іске қосылды. Сонымен қатар, ауданда азаматтарға құқықтық көмек көрсету орталығы, «Билер кеңесі», «Бастау» жұмыс тобы құрылып, жұмыс атқаруда. Халық арасында «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген қанатты сөз қалыптасқан. Сондықтан билер ел бүтіндігін, татулығы мен амандығын тілеп, сол үшін еңбек етіп, елдің қамын жеген. Қазақ тарихындағы қай биді алып қарасаңыз да ел мүддесі жолында ерен еңбек еткен. Мәселен,Әз Тәуке ханның тұсында «Күл төбенің басында күнде жиын» болғандағы «Жеті жарғысының» өзі сөзіміздің жарқын дәлелі.
Мойынқұм ауданында құрылған аудандық билер және ауылдық билер кеңесі аудан тұрғындары арасында орын алған дау-дамайларды шешумен бірге, қазақтың салт-дәстүрін сақтауға және имандылық қағидаларын жастар бойына сіңіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, Билер кеңесі мүшелері мектеп оқушылары және ауыл тұрғындарымен имандылық қағидалары туралы келелі кездесу өткізіп, пікір алмасып отыруды да әдетке айналдырып келеді.
2020 жылдың 7 айында 16 әкімшілік іс, 10 азаматтық іс, 6 қылмыстық іс бойынша аудандық Билер кеңесінің және «Бастау» жұмыс тобының қатысуымен тараптар татуластырылып, медиация тәртібімен аяқталды.
Жалпы татуластыру рәсімдерін қолдану азаматтар үшін тиімді. Татуластыру рәсімі арқылы шешімін тапқан іс уақыт пен қаржы үнемдеуге септігін тигізеді, төленген мемлекеттік баж салығы тараптарға толығымен қайтарылады, азаматтар арасындағы сыйластықты сақтауға ықпалын тигізеді.
Қорыта айтқанда, «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» деген дана жұртымыз үшін қай кезде де татулықтың төрі елдіктің жолы екендігін есте сақтай отырып, бір-бірімізбен соттасудан бас тартуға, татуласуға, төзімділік танытуға шақырамын.
Cоттасатын уақыт емес, татуласатын уақыт!
Мойынқұм аудандық соты