Маңғыстау облыстық сотында «Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс – құқықтық мемлекет нышаны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Маңғыстау облыстық сотының төрағасы м.а. Ержан Қарабаев, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев, судьялар, прокурорлар, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ғалым-оқытушылары қатысты.
Ержан Қарабаев пандемия жағдайларына қарамай, елде сот-құқық реформасы қарқынды жүргізіліп жатқанын, оның ішінде ең өзектісі – бүгінгі күні қабылданған жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мен жаңадан құрылатын соттар екенін атап өтті.
Іс-шарада сөз алған Нұрсапа Примашев 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа кодекстің маңыздылығы, мемлекет басшысының Жарлығымен Жоғары Сотта және облыстық соттарда әкімшілік істер бойынша сот алқасы құрылатыны туралы тереңірек баяндады. Сондай-ақ, аталған заңнаманы атқарушы билік пен құқық қорғау органдарында түсіндіру-насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізуді ұсынды.
Одан әрі облыстық соттың судьясы Гүлажар Бақытжанова билік органдарына қатысты азаматтардың белгілі бір салада құқықтары бұзылса, олар сотқа жүгіне алатындығын, ал, мемлекеттік орган сотта өз әрекетінің заңдылығын дәлелдеуі керектігін, сот бұл дәлелдерден бөлек қосымша мәліметтер де сұратуға құқылы екенін тілге тиек етті.
Аталған дөңгелек үстелде әкімшілік рәсім, ондағы прокурордың рөлі, мемлекеттік органдардағы ішкі әкімшілік рәсімдер, әкімшілік істердің соттылығы, сот талқылауының жалпы бастаулары, дәлелдемелер және дәлелдеу, әкімшілік талап қою туралы да ой-талқылар болды.
Қатысушылар жаңа кодекс қабылданған соң күшін жоятын «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдардың бүгінге дейін белсенді жұмыс жасамайтынын атап айтты. Сондықтан, нақты әрі жинақы дайындалған заңның өміршең болатындығына сенім білдірді.
Дөңгелек үстел соңы қатысушылардың еркін форматта ой-пікір алмасуына ұласты.
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.