Даму бар жерде өзгерістің де орын алатыны табиғи заңдылық. Бұл заң саласы мен құқық қорғау органдарын да айналып өтпейді. Қоғам алға қадам басқан сайын заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындайды. Ағымдағы жылдың 10 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойған «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы да осындай қажеттіліктен туындаған құжаттардың бірі.
Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінен судьяның процестік рөлін нақтылауға, атап айтқанда, судьяның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, процеске тиімді басшылық жасау үшін қосымша өкілеттіктер беруге бағытталған. Судьяның жұмысы істерді формальды түрде қараудан құқықтық жағдайды барынша толық шешуге ауысуына басымдық беріледі. Бұл ретте судьяның процестік әрекеттері тараптардың әділ сот талқылауы құқығына нұқсан келтірмей, процестік экономия көзқарасы тұрғысынан оңтайлы болуы тиіс.
Кодексте көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында сотқа бірқатар қосымша өкілеттіктер берілді. Атап айтқанда, тараптармен істің мән-жайларын талқылау, олардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, іске қатысушы адамдарға сұрақтар қою, оларды процестік міндеттерін орындамағаны үшін заңдарда белгіленген жауапкершілік және процестік салдарлар туралы ескертумен қатар іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде өз бастамасымен сот тапсырмаларын беру, дәлелдемелерді талап ету секілді өкілеттіліктер берілді. Сондай-ақ, тараптардың дәлелдерінің негізділігін және сотқа берілген дәлелдемелердің шынайылығын тексеруге мүмкіндік туды. Тараптарды татуластыру ендігі жерде апелляциялық және кассациялық сатыларда да жүзеге асырылатын болды.
Татуластыру рәсімдерін одан әрі дамыту мақсатында аталған санаттағы талап қою арызын қабылдау үшін 10 күндік мерзім белгіленген. Дау реттелген жағдайда судья талап қою арызын өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және тиісті келісімді бекітеді. Егер келісімге қол жеткізілмесе, сот тараптардың істі сол судьяның қарауына келісімін анықтауға, ал ол болмаған жағдайда талапты басқа судьяға қайта бөлу үшін беруге міндетті. Сотта медиация рәсімі барысында алынған дәлелдемелер тараптардың қарсылықтары болмаған жағдайда ғана істі мәні бойынша қарайтын судьяға ұсынылуы мүмкін. Партисипативтік рәсімді өткізуге екі тараптың да адвокаттарының, сондай-ақ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР-ның Заңына сәйкес заң консультанттары палатасы мүшелерінің жәрдемдесуіне жол беріледі.
Өзге де өзгерістерге тоқталсақ, жаңа заңнама ережесі бойынша төрелікті одан әрі дамыту мақсатында төрелік шешімнің күшін тікелей жою туралы өтінішхаттарды апелляциялық сатыдағы алқалы құрамда қарауы туралы норма көзделген. Сондай-ақ, төрелікпен істі қарау нәтижесінде атқару парағының мазмұны мен берілуіне қатысты талаптар енгізілді. Сот талқылауына қатысушыларға заңнамалық талаптарды күшейту үшін аудармашы, сот приставы процестік тұлғалары енгізілді. Арнаулы бөлме ретіндегі кеңесу бөлмесі ұғымы алынып тасталды. Алайда, сот төрелігі қағидаттарын іске асыру мақсатында шешім (ұйғарым) шығару үшін судьяның шығып кетуі және кеңесу құпиясын жария етпеу (алқамен қарау кезінде) туралы ережелер сақталады. Осылайша, судьяның кеңесу бөлмесінен демалуға арналған үзіліс тәртібімен ғана шығуы туралы норма бір мезгілде жойылды.
Оңайлатылған іс жүргізу ісін қарау, тиісті шешім мен сот бұйрығын шығару тек электрондық форматта ғана мүмкін болады. Істің қалған санаттары талап қою арызының, арыздың қандай нысанда берілгеніне, тараптардың келісімі мен техникалық мүмкіндіктері бар-жоғына байланысты электрондық форматта қаралуы мүмкін. Оңайлатылған іс жүргізуде қарауға жататын талап қою талаптарының шегі артты. Ендігі жерде оңайлатылған іс жүргізу істері бойынша тек кіріспе және қарар бөліктерінен тұратын сот шешімі шығарылады. Қате түсінуді болдырмау үшін АПК-дан қысқа, дәлелді шешім ұғымдары алынып тасталды. Кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын шешім тараптардың шешім заңды күшіне енгенге дейін мәлімделген жазбаша өтініші, соттың бастамасы бойынша, сондай-ақ сот шешімінің күшін жоюдан бас тартқан жағдайда беріледі. Шешім шығарылғаннан кейін сотқа келіп түскен дауды жалпы тәртіппен қарау туралы өтініш осы шешімнің күшін жою туралы арыз ретінде қабылданады және қаралады.
Процеске қатысушылардың өздерінің техникалық құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін нормалар енгізілді. Бұл ретте соттар қатысушыларға бейне емес, тек талқылаудың аудиожазбасын беретін болады. Сонымен қатар, аудио, бейнежазба материалдарымен танысу құқығы сақталады.
Сот бұйрығын, атқару парағын аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жіберу көзделген. Бұл олардың тікелей жеке сот орындаушысына жіберілуіне, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының мемлекеттік баж бойынша өндіруді қайтаруына жол бермейді.
Кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар судьялардың әділ шешім шығару мүмкіндігін арттырғаны анық. Ендігі жерде осы заңнаманы сауатты қолдана білсек, тараптардың наразылығы төмендейді деген сенімдеміз.
Айгүл Жүсіпова,
Шымкент қаласының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы