«Кешірімділік — анадан, кішіпейілділік — данадан» дейді ата бабаларымыз. Адам бойындағы жақсы қасиеттердің бірі кешірімді болу. Анықтап айтсақ, кешіру арқылы өзіңізді ренжіткен адамның бойындағы ұятты, қамқорлық пен мейірімділікті оята аласыз. Бүгінгі қоғамда кейбір адамдар кешірімді болуды қорқақтық, әлсіздікке балайды. Осы керағар қасиет адам бойындағы өш алу, кек сақтау секілді теріс қасиеттерді ұлғайтып, бауырмашылдық пен мейірімнің шоғын өшіріп жатады. Кешірімшіл адамның серігі төзім. Төзім сүйіспеншілікті оятып, түптің түбінде жеңіске жетудің алғашқы қадамы болмақ.
Шәкәрім Құдайбердіұлы жырлағандай:
Біреудің мінін кешірсең, Құдай да сені кешеді. Көңілі жұмсақ адамның, Күрмеуін тағдыр шешеді.
Бүгінгі қоғамда ажырасу ең өзекті мәселе екені жасырын емес. Ерлі зайыптылар, бірнеше балалы болып, бір жастықта бастары түйісіп жылдар өткенде, ажырасып жатады. Даудың негізгі себебі әлеуметтік жетіспеушілік, еркектің жұмыссыздығы, әйелдің қанағатсыздығы, өзара сүйіспеншіліктің жоғалуына тіреледі. Ең маңыздысы екеуа
ра текетірестің кеудемсоқ, тәкаппарлыққа ұласуы. Ері әйелінен, әйелі ерінен кешірім сұрауға тырыспайды. Әрқайсысы өзін дұрыс санайды. Әрқайсысы «ішімдегіні таппен» тоң теріс қабақ танытып жүреді. Екі адамның бір сәттік керісі отбасының басқа да мүшелеріне теріс әсерін тигізеді. Балалар екіо ртада не әкесін, не шешесін жақтарын білмей, іштей екіге жарылады. Бұл әсте сырт көзге байқалмайтын, әр баланың ішкі дүниесінде ұзаққа созылатын арпалыс. Кейбір жасөспірімдер ата-ананың түйілген қабағына қарап, бұйығы өседі. Қоршаған ортаға өзін керексіз сезініп, тұйықтала береді. Қазақта «бір күнгі ұрыс қырық күндік берекені кетіреді» деп тегін айтпаған.
Пенде болған соң ашуға бой алдырып жатамыз. Кесесі сылдырамайтын үй болмайтыны анық. Ашу үстінде жұбайлар бір біріне ауыр сөз айтып жатады. Жаныңа жайсыз тиетін сөз есту екі жаққа да оңайға түспесі анық. Тек жақсы адамдар ғана шайы орамал
кепкенше ашуланатынын ұмытпасақ игі. Сабырға келіп, тыныштық орнаған сәтте жұбайымен ашық диалогқа бару көп мәселенің алдын алады. Бойдағы кек пен құлазуды болдырмайды. Өзара әңгіме үстінде «мына сөзің ауыр тиді», «әлгі әрекетің дұрыс болмады» дей отырып, өз жағыңнан кеткен қателікті де мойындап, кешірім сұрап, кешірім ете білсең отбасыңның іргесі берік болары анық. Қырсық мінез араны суытып сезімді өшіруден басқа пайда әкелмейді. Өз талабыңды тізе бермей, бір сәт оны да тыңдай білу өте қажет. «Адам «Мені кешір» деп кешірім сұрауы қатесін мойындау немесе райынан қайту ғана емес. Мұның арғы жағында тұлғалық қадір-қасиеті мен жеке басына деген сенімнің бекуі тұрады. Соған қарамай, кешірім сұрау ер кісіге де, әйелге де өте қиын. Айта алмайды. Әйел күйеуінен кешірім сұрауға қорқады. Бұл оның абыройына нұқсан келтіреді деп ойлайды. Немесе күйеуінің сенімін жоғалтудан қорқады. Бұған ер кісінің араларындағы қарым-қатынастың нашарлауына кінәлі деп әйелін жазғыра беруі түрткі. Үнемі айыптай беруі кешірім сұрамауға итермелейді. Ал, ер азаматқа келсек, ол өз қатесін мойындауға қиналады. Өйткені, оның санасында өмірлік тәжірибе мен ақыл-парасаты әйелінен әлде қайда көбірек деген бек сенімде.
Ал, кешір деп бір ауыз сөз аузынан шықса, абыройдан жұрдай болатындай сезіледі. Себебі, кешірім сұраумен міндетін лайықты деңгейде орындамай жүргенін мойындау деп қабылдайды» дейді Аарон Лазар.
«Медиация және Психологиялық қолдау» орталығында М. және А. есімді ерлі-зайыптылардың ажырасуы бойынша әңгіме жүргізілді. Сөйлесе келе екеуінің бойында бір-біріне деген сүйіспеншілік пен сыйластықтың әлі де жоғалмағаны байқалады. Қала берді ортада үш бала бар. Ал жанжалдың себебі жұмыссыздық. Несиенің әлегі, отбасына кететін шығынның артып кетуі. Ал ең бастысы – екі жұптың бір-бірінің алдында кішірейгісі келмеуі даудың өршіп кетуіне себеп болған. Күйеуінің қызғанышы бір жағынан қосылады. Аарон Лазардың сөзімен айтсақ «әйел кешірім сұраудан қорқады, еркек абыройы түсетіндей сезінеді». «Медиация және психологиялық қолдау» орталығының кәсіби мамандары жүр
гізген әңгіменің нәтижесінде екі жақ өзара кешірім сұрасып, келісім тапты. Бұл бір ғана мысал. Ал қаншама отбасы кеудені керген менмендікке бой алдырып шаңырағын шайқап алып жатыр. Қателік ханның қызында да болатынын ескермей, болмашы қателік үшін кешіруге, кешірім сұрауға тырыспай, төте жол тауып жатады. Бойдағы тәкаппарлық иілуге келтірмейді. Өмір тек даңғыл жолдан тұрмасы белгілі. Пенде болған соң түрлі жағдайлар мен қателіктер болары сөзсіз. Әдетте адамдар өзгені кіналауға бейім. Кешірімді өзінен бастауға көпшілігінің мойны жар бермейді немесе өз кінәсін мойындамайды. Бұл үлкен қателік. Дербес өмір сүргіңіз келсе, кешірімді болудың маңызы зор екенін ұмытпаған абзал. Өмірдің барлық сәтсіздіктері – сәттіліктің бастамасы.
Бабаларымыз осынау қасиетті қағиданы өмірлік ұстаным етіп қабылдаған. Ерлі-зайыптылардың ашуға бой алдырмауына, отбасының берік болуына үлкен мән берген. Шалыс басқанды тура жолға салып, сыйлы қариялар өмірджен түйген тәжірибесін ортаға сала отырып, ақылға шақырған.
Бүгінде бабалар дәстүрінің жалғасы іспетті Медиация ұғымы ортаға шықты. Медиацияға жүгіну бүгінгі күннің талабы болып тұр. Медиация екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі екі тарапты өзара тиімді әрі қолайлы келісімге келтіріп, татуластырады. Яғни талапкер мен жауапкердің мәміле жасауы. Медиацияда «кінәлілер» мен «кінәсіз» деген тараптар болмайды. Бұл өте қолайлы әдіс. Арызданушылар сабасына түсе алады. Сонымен қатар кешірім мен сезімнің әлі де жоғалмағанына көз жеткізеді. Бұл өз кезегінде елімізде тағы бір отбасының бірлігін сақтап қалады.
Бүгінде медиация отбасы жанжалдарынан бастап коммерциялық көп жақты жанжалдарға дейінгі даулардың кең шеңберінде қолданылады. Аталмыш тәсілдің тиімділігі күн артқан сайын айқындалып келеді.
П.Сапар, тілші және «Медиация, құқық және психологиялық қолдау Орталығы» Қоғамдық бірлестігінің медиаторы