Ағымдағы жылдың 16 наурызы мен 18 сәуірге дейінгі төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында карантинге байланысты кейбір шектеулерді бұзғаны үшін, ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476 және 478-баптары бойынша 285 адамға қатысты әкімшілік іс қаралған.
Соның ішінде, 279 адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту және 71 адамды қамауға алу туралы сот қаулысы қабылданған. Сондай-ақ, 116 адамға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, 91 адамға ескерту жасалған, ал әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмағандықтан, 7 адам жауапкершіліктен босатылған. Егер, бұл жазаның қатал немесе жұмсақ екендігін өзге елдермен салыстырсақ: Ресейде карантинді бұзғаны үшін жеке тұлға 15 мыңнан 40 мың рубльге дейін, заңды тұлғалар 200 мыңнан 500 мың рубльге дейін айыппұл төлесе, ал Италияда 400-ден 3000 еуроға дейін айыппұл төлейді немесе 3 айға дейін түрмеге қамайды екен.
Қазақта «Елемеген ауру жаман» деген сөздің байыбына барып, бұл індеттің ауыр екендігін ескеріп, азаматтарды ТЖ режиміндегі шектеулерді сақтауға шақырамын. Пандемияны еңсеріп, бұрынғы тыныс-тіршілігіне оралып жатқан елдер сияқты, біз де сол қатарға қосылуды жақындату үшін, ТЖ кезінде әкімшілік құқық бұзушылыққа бармағанымыз жөн, ағайын!
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы