Әділдік, туралық, адалдық. Бұл қасиеттер атала бастаса болды кешегі бабамыздың асыл дініміз бен сабақтастыра ұстаған салт-дәстүрі, алтын байлықтан биік қоятын ар – намысын ардақ тұтқаны көз алдымызға келері хақ емес пе?! Болашақ ұрпағының қамын оның анасын құрметтеуден бастап, “талбесіктен жер бесікке” – дейін құран үнімен сусындатып, есі кіргеннен «біреудің ала жібін аттама», «тірі жанға қиянат қылма», «кісі ақысын жеме» деген сынды сөздерін құлағына сіңдіре тәрбие беретін қазақ еліміз – әділдікті ту етіп, оны жоғары қойып, ұрпақ санасына сіңдіре білгені мәлім. «Жанымды қисам қияйын, алайда арымды қимаймын» – дейтін дана халқымыз қашан да ары мен намысын бек биік ұстаған. Солай дей тұра өзгелердің де ақысын жемей, адами құндылықтарын аяқ асты етуден аулақ болған еді. Егерде біреулер әлсіз бен кедейлерге әлімжеттік жасаған болса, топқа салып, қазы мен би алдына апарып, тура шешімін шығарып жолға салып отырған болатын. Ал сондай үлкендауларда шешім шығару жолында билер мен қазылардың атқаратын міндеті өте жауапты әрі қос тарапқа әділ болып, тапқырлық пен даналықты тең ұстай білуі маңызды болғаны белгілі.
Кезіндегі ата-бабамыз “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” – деп әділдік пен шешім қабылдай білген. Сондай дана билеріміздің бірегейі – Төле би. Сол кісінің тұсында бір мынандай оқиға болады:
«…Төле бидің ұлдарының бірі Жолан кең даламен келе жатып, киімдері жыртық-жыртық мүсәпір қарт кісіге кездеседі. Сақалы ұйпа-тұйпа, жағы суалып, көздері қызарып кеткен:
– Ассалаумағалайкүм, ата жол болсың!
– Уағалейкумассалам болсын, шырағым. Мен бір мүсәпір едім – деп кемсініп, бүгілген белін қолымен ұстап жерге отыра кетті. Жолан атынан түсіп қасына келді.
– Ата, күн ыстық, жүріңіз, анау жиденің түбіне барайық, асықпай жайыңызды айтарсыз – деген күйі қолтығынан демей берді.
– Қарағым-ай, өзің қандай мейірбан бала едің, деп егіле жылап, екі қолымен басын ұстап, отырып қалды. Жолан ер үстіндегі қоржынын алып, торсықтағы қымызын қартқа ұсынды. Ішіп, шөлін басып, үһ деп демін алған қарт жиде саясына өткен жайды баяндады:
– Қарағым, балам, «өлмегенге өлі балық жолығады» жолыққаның жақсы болды, не істерімді білмей, есім шығып отыр едім. Өзім тақыр кедеймін. Бала-шағам көп. Көрші ауылда ұзатылған қызым бар. Үйде азығымыз таусылып, сол қызыма барып едім. – Бала-шағам аш, ептеп-септеп азық бер, дедім. – Жа-райды, – деп күйеу бала мен қызым аздаған азық-түлік, киім-кешек тауып берді. Жаяубарғанедім, жаяуқайттым. Қоржынымды ана-мұныға толтырып, иығыма асып, осы жерге әзер деп жеткен едім. Мына жалғыз түп жиденің түбінде құркұдық бар екен. Осында қондым. Қайғырып жатып, қалғып кетіппін. Біреу бассалып, тұншықтырып, катты соққылай бастады. Есімді жисам, қоржын жоқ. Жылап-жылап: – Енді қайттім? Үйдегі аш – жалаңаш балаларыма қалай көрінем? Қызыма қайта барғаныммен, сырым әлім, соңғы азығын аузынан жырып бергенін білем. Әбден масқара болдым-ау, айдалада ұйықтап нем бареді? – деп қайғырып отырмын, балам – деп бастан кешкенін баян етеді. Үнсіз тыңдап отырған жас жігіт: -Ата, саспаңыз, бекер босқа жасып, жыламаңыз. Жасыңызды тыйыңыз. Бұл төңіректе біздің ауылдан басқа ауыл жоқ. Екеуміз мына атқа мінгеселік. Ерге қартты отырғызып, өзі артына мінгесіп, ауылына келді. Ақ сақалы атжақты, қыр мұрынды, кең жауырынды, өткір жанарлы Төле би бар жайды ұйып тыңдап: – Жарайды, қариям, қазір жұртты тегіс жинап хабарлаймын, – дейді. Көп кешікпей ел жиналып, әділ бидің үкімін күтті. Төле би орнынан тұрып, халық алдына келіп: – Оу, жұртым, түгел жиналдыңдар ма? Біркісі келмей қалмасын, – деді. – Бәрі жиналды, биеке, – деп жұрт шулады. «Не болып қалды екен? Би бізді неге шақырды?» – деп бәрі аң-таң. Төле би кедей, мүсәпір қартты отырған жұрттың алдына шығарып: – Иә, мүсәпір, сенің нең жоғалды? – деді.
– Менің аш балаларыма әкеле жатқан азығымды, киім-кешегімді біреу құр құдықтың жанындағы жалғыз жиденің түбінде ұйықтап жатқан жерімнен ұрып-соғып, тартып ап кетті. Жұрт тым-тырыс. Бәрі мұңайып, төмен қарап, үнсіз отыр.
– Уа, халқым, – деді Төле би. – Мына кедейді жылатпа. Сорлының киімі мен азығын бер. Бермесіңе шындық қоймайды. Біреуің ұсталасың. Ұсынған мойынды қылыш кеспейді деген, алғаным рас еді деп мойында. Ешкім үндемеді: – Жоқ табылғанша бір адамды босатпаймын. Бұл жерден бірде бірің кетпейсің. Жүрт іштен тынып отыр. Ешқайсысында үн жоқ. Күн батуға таяды. – Ой-пырым-ай, иттің баласы-ай, қайсысы алды екен? Алған соң шынын айтпай ма? Жұртты босқа иіріп қойғаны несі? – деген секілді күңкіл шықты. «Мен алып едім» деген жауап болмаған соң, Төле би мүсәпір қартқа қарап: – Сізді алғаш құр құдықтағы жалғыз жиденің түбінде тонады ғой. Қазір сол құдыққа жаяу барыңыз. Кімнің алғанын сол кұдық пен жалғыз түп жиденің өзі айтады. Оларда тіл жоқ емес, бар, – деді. Мүсәпір қарт топтан бөлініп, жаяу ұзай берді. – Сіз барып келгеніңізше ешкімді үйіне қайтармаймын. Егер кететін адам табылса, жоғалған мүлкіңізді сол адамға төлетемін. Жұрт бір-біріне қарап: – Ол құдық пен жидеге қанша уақытта барып келе алады, ол қай жерде екен? Жаяу қашан келеді? Білетіндер бар ма? – десті күңкілдеп. Көп ішінде отырған мүсәпір қарттың киімі мен азығын ұрлап алған адам байқамастан: – Ой, ол жиде мен құдыққа барып келгенше таң атады. Ұзақ жер ғой, – деп қалды. Кімнің аузынан қандай сөз шығады деп аңдып отырған Төле бидің жігіттері шап беріп ұстап, әлгіге: – Тұр орныңнан! Мына жұртқа жауап бер! – деді.
– Ұзақ жер ғой деп сен біліп айтып тұрсың. Оның мүлкін сенен басқа ешкім алған жоқ. Төле би халықты үйлеріне қайтарып, кос атты қуғыншы жұмсап, кедей қартты алдыртты. Ұрыға: – Бер мынаның мүлкін! – деді бұйырып.
– Алғаным жоқ!
– Қазір мынаны дарға асыңдар! Екі жігіт білегінен ұстап сүйрей жөнелгенде: – Ататай, алып едім, жанымды қиыңыз, өлтіре көрмеңіз! – деп жалынды. – Алған заттарымның бәрін қайтарайын.
– Бұдан былай ұрлық істемеймін деген уәдеңді бер.
-Мақұл ата. Енді ұрлық істесем дарға асылайын…”
Міне, осылай Төле бидің тапқырлығы мен алдын тасалап барған бейбақты жәрдемсіз қайтармай, әділ шешімімен шығарып салған.
Тимур Қайдарұлы