Қазақстандағы ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп мәселелерді көтеріп жүр. Әрбір ел қалыптасқан мемлекеттік басқару, ұлттық ерекшеліктер мен мәдениет жүйесін ескере отырып, өзінің отбасылық және гендерлік саясатын қалыптастырады. Ал гендер дегеніміз не? Гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердің мінез құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдердің жиынтығы. «GENDER» – сөзі ағылшын тілінен аударғанда жыныс – еркек, әйел дегенді білдіреді. Ал, гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. 1995 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес жұмыс істеді. Кейін ол Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия болып қайта құрылды. Қазақстанда әйелдердің экономикалық тәуелсiздiгі, жеке бизнесiн дамыту, қызмет бабында iлгерiлеуі, отбасында құқығы мен міндеттері секілді қоғамдық қажеттіліктерін бақылап отыру гендерлік саясаттың міндеттемесіне жатқызылған.
Елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілген.
Бұл тұжырымдаманың мақсаты қоғамның барлық саласында әйелдердің тепе-теңдігін, мүмкіндігін сақтау болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңында ерлер мен әйелдердің тең құқылық мәдениетін тәрбиелеу және насихаттау, кемсітушілікке жол бермеу, қоғамның құқықтық және саяси мәдениеті деңгейін көтеру болып табылатындығы көрсетілген. Кейбір кісілердің түсінігінде гендерлік саясат «әйелдердің еркектермен иық тірестіріп тұруы» немесе «төмен етектілердің еркектерден бұрын төрге шығуы». Осы бір керағар түсінік психологиялық тұрғыдан кері әсерін тигізіп, «байтал шауып бәйге алмас» дегізіп жатады. Жалпы алғанда бұл саясаттың негізгі мақсаты – ерлер мен әйелдер қызметінің теңдігін белгілеу, нәзік жандыларға қамқорлық көрсете отырып, құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа жол бермеу. Сонымен қатар, отбасындағы тепе-теңдік пен үйлесімділік гармониясын жоғалтпай, саясат-қоғамдық өмірдің барлық саласында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу. Бір сөзбен айтқанда гендерлік теңдік арқылы әйелдердің әлеуметтік, экономикалық, мәдени, азаматтық және саяси мәртебесін анықтау болмақ.
Қазақстан гендерлік саясатқа баса көңіл аударған жылдары жеткізген жетістіктеріне көз жүгіртсе, бірқатар оңды нәтижеге куә боламыз. Мәселен, еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалар жүкті әйелдердің және баласы (балалары) бар әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін бекітетін нормалар да пайда болды. Бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне, мүгедек баланы тәрбиелеушілерге, 18 жасқа дейінгі балаларға, көпбалалы аналар мен отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қамтылған. 2008 жылы жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайға сондай-ақ бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен әлеуметтік төлемдер төлеу енгізілген.
Бүгінгі таңда қыз-келіншектеріміздің азаматтық белсенділігі артып келеді. Елімізде əйелдер қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар санының қатары арта түсуде. Республикада əйелдер мəселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар 150-ге жуықтаған. Сонымен қатар саясатта да саяси тəжірибесі өте жоғары заңгер, бизнесмен əйелдер саны өсіп келеді.
Педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы әйелдер екен. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы әйелдердің үлесінде. Осы жылдары бірқатар әйелдер министр және мемлекеттік органдардың басшылары болып тағайындалды. Жүздеген әйелдер Парламент пен мәслихат депутаттары болып сайланды. Әйелдер қай салада жүрсе де, жауапкершілігін арттырып, жұртшылықтың құрметіне бөлене алатынын дәлелдеді. Гендерлік саясат қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін нәзікте мейірімді әйелдер қауымының тұғырын бекітеді әрі елімізде демократияны, теңдікті, әділеттілікті орнықтыратындығы сөзсіз.
Нұрланұлы Арман, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының приставы