Әлемді жайлаған коронавирустық пандемияның салдары бәрімізді сарсаңға салғаны белгілі. Жұртшылықтың қалыпты тіршілігі өзгеріп, қоғамның барлық саласында азды-көпті әсері анық байқалды. Десекте, сот жүйесі жұмысын тоқтатқан жоқ. Індеттің таралмауы үшін қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Бұған дейін де цифрландыруға бет алған қала соттары мұндай жағдайға екі-үш айда бейімделді.
Сот ісін жүргізудің электронды түрі бұрыннан біртіндеп енгізіліп, бұдан бірнеше жыл бұрын заңға енгізілген болатын. Бірақ пандемияға дейін қала соттарында күніне 10 шақты іс қана қашықтан жүргізілетін. Ал, елде төтенше жағдай режимі, одан əрі карантиндік тəртіп енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш аз уақыттың ішінде 90 пайызға жетті. Мысалы, былтыр мамыр айынан бастап, қала соттарында күнделікті 240-қа жуық сот процесін «WhatsApp», «TrueConf», «Zoom», «Skype» жəне т.б. мобильді қосымшаларының көмегімен өткізіп отырды. Осы артықшылықтың арқасында, 2020 жылы Шымкентте өткен онлайн сот процестеріне Ресей, Грузия, Өзбекстан, Түркия, Корея жəне Біріккен Араб Əмірліктерінен қатысушылар қосылды.
Бір жағынан, жұмыс жүргізудің мұндай түрі тараптар үшін де тиімді болды. Өйткені, бұл сотқа қатысушылардың уақыты мен қаржысын үнемдеудің бірден бір тəсілі. Қазір карантин жалғасып жатқандықтан, сотқа қатысушылар онлайнға бейімделіп, оның тиімділігіне көздері жеткендіктен, қашықтан қатысуды жөн көретіндер саны да көбейген. Былайша айтқанда, жақсы үрдіс қалыптасты. Бұлай деуге негіз бар. Мəселен, карантинге дейін 2019 жылы қала соттарына электронды түрде түскен қылмыстық істердің үлесі 18 пайыз ғана болса, ал 2020 жылы қала соттарына түскен 2000 қылмыстық істің 38 пайызы электронды түрде болған. Ал əкімшілік істер 100 пайызға жуық электронды форматта түседі.
Сот жүйесі цифрландыруды енгізуден көш басында деп айтсақ қателеспейміз. Бұл материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында мүмкін болып отыр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қала соттарындағы сот отырыстарының іс жүргізу залдары толығымен жабдықталған. Олардың əрбірінде қажетті техникалар қойылып, бейнекамералар орнатылған.
Цифрландырудың артықшылығының бірі – ашықтыққа қарай жақындай түсуінде. Жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында БАҚ өкілдерін қызықтырған сот процесстерін қашықтықтан бақылауына жағдай жасалады. Қатысамын деушілерге алдын ала сот процесінің уақыты хабарланып отырады. Қаласа, сот ғимаратының ішінде болып, сот процесін телеэкраннан көріп отыруына да мүмкіндік беріледі.
Бұдан бөлек, сот мамандары əлеуметтік желілерден жеке парақшаларын ашып, сот кеңселерінің мобильді телефон нөмірлері жарияланды. Мұндай қадам халықпен кері байланыс орнатып, сот қызметіне қатысты сауалдарға дер кезінде жауап беру үшін жасалды. Осылайша заманауи технологияларды қолдана отырып, азаматтардың құқығын қорғау – басы артық жұмыстан арылтып, адам факторы мен ретсіз шығындарды азайтатынын іс жүзінде көрсетуде.
Соңғы жетістіктердің бірі «QR-code» жүйесі. Бұл жүйе азаматтарға керек ақпараттарды тез əрі оңай тауып, соттардың мекен жайы, сенім телефондары, мемлекеттік баждың, процестік шығындардың деректемелері, тағы басқа да пайдалы ақпараттарды алу оңайлана түсті. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар тоқтамайды, соттағы цифрландыру жалғаса бермек.
Сонымен қатар, тағы бір айта кететін жағымды жаңалық, ол біраздан бері күрмеулі мəселеге айналған мамандандырылған соттар отырған ғимарат былтыр жөндеуден өтті. «Үлгілі сот» жобасын іске асыру аясында мамандандырылған соттардың ғимаратында фронт-кеңсе ашылды. Бұл ғимаратта сотқа келушілерге жəне мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін барлық жағдайлар жасалған. Фронт-кеңсенің ішінде ақпарат орталығы, кіріс хат-хабарлар, өзіне-өзі қызмет көрсету орындары мен күту залы жəне медиаторға, адвокатқа, прокурорға арналған кабинеттер бар.
Б.МЕЙІРХАНОВ,Шымкент қаласы бойынша Соттар əкімшісінің басшысы.