Сыбайлас жемқорлықтың белең алуы қай кезде де қоғамға аса қауіпті. Жемқорлық дерті адам бойындағы асыл қасиеттерді жоюмен қатар, мемлекеттің қарқынды дамуына елеулі зиянын тигізері сөзсіз. Азаматтардың Үкімет пен билікке деген теріс көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тұтас қоғам болып күресуді қажет ететін, күрделі түйткілге айналды. Лауазымды тұлғалардың, қоғамдық және саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде сараңдық мен сатқындық танытуы жемқорлықтың бастауы болмақ. Әлемде экономикалық, технологиялық және басқа бәсекелестік қарқын алып тұрған кезеңде жемқорлыққа белшеден батқан қоғамның құрдымға кетері анық. Анығында бұл кеселден аман қалған, немесе түп-тамырымен жойып жіберген мемлекет жоқтың қасы. Әйтсе де, бұл бағытта елімізде сан алуан жұмыстар жасалды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заңның 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң болып өзгертілуі де маңызды қадам болды. Бұл заңның өзгеруі жемқорлықтың алдын алу үшін жасалған нақты шара еді. Оның аясында әлеуметтік кеселдің зияны, мемлекетке келтірер зардабы, дамуға келтірер кедергісі туралы насихат шаралары жүргізіліп, жемқорлықпен күреске қоғамды жұмылдыруды да көздейді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жемқорлықтың дендеп кеткенін жасырмай айтып, алаңдаушылық білдіргені есімізде. Қазақстанда жылына орташа есеппен алғанда 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркелетін көрінеді. Мыңға жуық адам жауапқа тартылады. Көріп отырғанымыздай бұл кеселдің мысқылдап шығар түрі бар. Жемқорлықпен тұтас қоғам бірігіп күреспесек, жеңіске жету мүмкін болмай тұр.
– Біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын. Біздің елді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоспарларымыз жемқорлықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының бірнеше негізгі шарасын атап өткен болатын. Атап айтсақ, азаматтардың құқығын қорғау және қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылардың тікелей жауап беруі. Әділет министрлігіне берілген тапсырма бойынша көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейту. Білім және ғылым министрлігінің де балаларды жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алуы. Қоғамдық бақылауды күшейту мен бюджеттік саясаттың ашықтығы. Жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөліне басымдық беріп, мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі үдемелі цифрландыру. Мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету.
Президент тапсырмасы өз кезегімен жүзеге асып келеді. Әрине, заң талабына сай жұмыстар атқарыла беретіні сөзсіз.
Дегенмен, бабаларымыздың «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген қанатты сөзін адалдық жолындағы басты бағыт етіп ұстанғанымыз абзал. Біздің ендігі міндетіміз болашақ ұрпағымыздың бойында парақорлыққа мүлде төзбейтін мәдениет қалыптастыру болмақ. Сыбайлас жемқорлықтың экономикаға ғана емес ұлттық қауіпсіздігімізге де тікелей қауіп төндіретінін түсіндіре білу. Бүгінгі баланың тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы ләзім. Тәрбие отбасынан басталады. Келешек ұрпақты сауатты отансүйгіш азамат болуы үшін тәрбиенің алғашқы қадамын өзімізден бастасақ та артық емес. Ата-анасының пара алып, табысқа кенеліп отырғанын көрген бала, ержеткен соң ұяда көргенін жасарына күмән жоқ. Сондықтан қалтаның емес, халықтың қамын ойлайтын азамат тәрбиелеу бүгінгі күннің басты борышы болмақ.
Көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан еліміздің алдында әлі талай үлкен міндеттер тұр. Тағы да талай сын кезеңдерден сүрінбей өтіп, сапалы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет.
Абуов Каирбек Касымбекович,
Шымкент қаласының Кәмелетке
толмағандардың істері жөндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының кеңсе меңгерушісі