Қазақ халқы ежелден «Бітімшілікке тоқтамағаннан – береке іздеме» деген қағиданы ту етіп ұстаған. Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген ұлы халық. Тарихи деректер бойынша қазақ билері дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешіп отырған және олардың шешімдеріне бүкіл жұртшылық риза болған. Қазақ өркениетінде татуластыру, ымыраға келу шаралары хандық дәуірде қолданылған. Себебі билердің негізгі міндеті дауласушыларды татуластыру болды. Кешегі дана бабаларымыздың бітімгершілік заңымен бүгінгі қолданыстағы татуластыру рәсімдеріне қатысты заңнаманың сабақтасуы заңдылық.
Сот дау-жанжалдарды қарауды жедел аяқтау және азайту мақсатында тараптарды бітімге келтіруге тырысады, дауларды шешудің басқа баламалы тәсілдерін қолданады, дауласушыларға жәрдемдеседі. Яғни, қазіргі кезде дауды аяқтау ғана емес, дауласушы тараптарды бітімге келтіру – судьяның міндеті. Дауларды сотқа дейін, азаматтық істі сот талқылауына дайындық жүргізу және сот отырысы кезінде реттеудің процессуалдық жолдары ретінде Заңда татуластыру рәсімдері көзделген.
ҚК-тің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Татуластыру рәсімдерін жасауда татуласу (бітімге келу) келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу келісімін (билер кеңесі, кәсіби немесе кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен және сот жүргізетін медиацияны қолдану арқылы), дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін (тараптардың адвокаттарының қатысуымен) қолдану қағидалары қарастырылған.
Дауды татуластыру рәсімдерімен, соның ішінде медиация тәртібімен реттеу тараптардың еріктілігі, тең құқылылығы, татуласу рәсімін жүзеге асыратын судьяның немесе медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, татуласу рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық пен қолданыстағы заңнаманың талаптарына сай болуы қағидаттарына негізделеді.
Татуластыру рәсімдері қолданылатын даулар санатына: отбасылық даулар (алимент өндіру, баланың тұрғылықты жерін анықтау, ата-ананың баламен араласу тәртібін анықтау, неке бұзу, ортақ бірлескен мүлікті бөлу, т.б. даулар), міндетті түрде сотқа дейін келісім комиссиясына жүгіну тәртібі көзделмеген еңбек даулары, мұрагерлік даулар, жер даулары, тұрғын үйден, пәтерден шығару туралы даулар, қарыз келісімшарттары туралы, сақтандыру даулары жатады.
Азаматтардың, заңды тұлғалардың соттарға жүгінуі олардың соттарға деген сенімінің арта түскенін білдіреді. Соттарда қаралатын дау бойынша екі тарап болады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта тіпті отбасындағы мәселелерді де сотта шешуге тырысады: ағасы інісімен, әкесі не болмаса анасы балаларымен, я болмаса, балалары ата-анасымен соттасып жатады. Кейде көршілердің, тіпті бірге жұмыс істейтіндердің де соттасып жатқаны кездеседі.
Ел бірлігінің бастауы халқымыздың «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген асыл сөзінде жатыр. Егер ағайын-туыс, көршілер мен әріптестер арасында бірлік болмаса, ел бірлігі қайдан болсын?
Дауласушы тараптар ұзақ мерзімге, кейде өмір бойы дауласып, ол шешілмей, үдеп кететін дау-дамайдан арылмай жүргенше, арадағы туыстық, көршілік, әріптестік ізгі қатынастарды, ауызбіршілік пен ынтымақтастықты сақтап қалу үшін қалай да болса, бітімге келгеннің артықшылығын және екі тарап үшін де ұтымды екенін түсінген жағдайда татуластыру шаралары нәтижелі болмақ.
Әрине, дауласушы тараптарды татуластыру келісімдерін жасауға мәжбүрлеуге болмайды. Себебі тараптар татуласу рәсімдері бойынша келісімді жасауды өздері үшін арадағы даудың сәтті аяқталуының, дауды қысқа мерзімде әрі аз шығынмен шешудің мүмкіндігі деп түсінуі қажет.
Болат Қарабаев, әл-Фараби аудандық сотының судьясы