Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық сотының және Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қолдауымен «Республикалық медиаторлар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің» президенті, жаттықтырушы-медиатор Оразкулова Нурбала Алтынкановна осы ауданның қоғамдық медиаторлары және ауыл билерінің қатысуымен «Медиация рәсімін жүргізу ережелері және дауларды реттеудің практикалық дағдылары» тақырыбында семинар тренинг өткізді.
Семинар барысында Еңбекші ауданының татуластырушы соты Отарбаев Еркен Бостанбекұлы, Еңбекші ауданы әкімі аппаратының бас маман-заңгері Абдуллаев Құрмет Сейдуллаұлы соттан тыс медиацияны дамыту және қоғамдағы қақтығыстардың деңгейін төмендету үшін билер кеңесін құруды атап өтті. Ұмытылуға шақ қалған көне дәстүрлерді жаңғырту арқылы бүгінгі күннің мәселелерін шешу керектігі алдағы кездерге жоспарланды. Ал бірегей бұл құрылым енді аудандағы азаматтармен ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайларды бітімгершілікпен шешілуіне жол ашады. Сонымен қатар тараптар билер кеңесінің қызметін жандандырып қана қоймай, жігерлі жастарды ұлттық құндылықтарға баулуға аянбай атсалысады. Қоғамдық тәртіпті қадағалауға байланысты алдын-алу шараларына ерекше екпін қояды. Кеңестің мүшелері халық арасында туындаған жанжалдарды, талас-тартыстарды көне дәстүр негізінде, медиацияның тәртіптерін қолдана отырып шешуге ықпал етпек.
Билер – зиялы қауым өкілдері мен беделді ақсақалдар медиацияны кеңінен насихаттай отырып, өңір тұрғындарымен профилактикалық әңгімелерді белсенді жүргізуде. Ел болған соң дау-дамайсыз болмайтыны анық. Бірақ сол жанжалды ушықтармай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту, бүгінгі күнде қай жиынның болса да басты тақырыбына айналып отыр. Өйткені ұлтымызға жат жағдайлардың белең алуы, салт-дәстүріміздің ұмытылып, құндылықтарымыздың құнсызданып, дүние игіліктері көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, қатыгезденіп бара жатқаны жасырын емес. Би халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білумен бірге сөз таласында шешендігімен, даулы істі қарауда тапқырлығымен дараланып, ел ішінде беделді тұлға болуы тиіс. Билердің шешімінің әділдігіне ешкім күмән келтірмеген және оған қатысты тиісті үкім сол сәтте орындалатын болған. Сондықтан да халық қандай да бір заңсыз әрекетке барудан қаймыққан. Өнегелі қарияларымыз ер балаларға «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деп тегін бата бермеген.
Жаттықтырушы билерді – отбасылық дауларда тараптарды татуластырудың, жанжалға түсетін тараптармен байланыс орната білудің, ымыраға келу, сендіру, медиацияның артықшылықтары және оның қолдану әдістері оған қоса практикалық дағдыларымен таныстырды. Семинарда даудың құрылымы мен қақтығыстың бастамашылары туралы кеңінен сөз қозғады. Семинар соңында қазыналы қарияларға арнайы куәліктер табысталып, қарияларымыз бір марқайып тарқасты.
Оразкулова Нурбала,
«Республикалық медиаторлар қауымдастығы»
заңды тұлғалар бірлестігінің» президенті,
жаттықтырушы-медиатор