Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылықпен ғана айналысып қоймай, әділ де парасатты би, білікті заңгер болғанын да айтқанымыз абзал.
Құнанбай Өскенбайұлы айтулы шешен, қилы заманда еліне, халқына танылған көсем, қайраткер болды. Талай тартыс, дау-дамайда қалың елді шешендігімен сүйсіндіріп, есімі тірісінде аңызға айналды. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Міне Абайдың даналық жолында әке үлесі мол болған. Ол бала күнінен әкесінің қатал, қайсар мінезіне сын көзбен қарап, замана перзенті екенін жете түсінген. Болашақ ақын ел анасы атанған әжесі Зеренің аңыз ертегілерін естіп, ағайын-туысқа қадірлі, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өседі.
Абай бала кезінен ерекше қабілетімен көзге түседі. Ол әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашқаны белгілі. Құнанбай осы баласынан үлкен үміт күтеді. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, он жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіне береді. Ол осы беделді білім ордасында үш жыл оқиды. Бұл медреседе тарих, поэзия, математика, философия және жаратылыстану пәндері оқытылып, сабақ араб, парсы және түрік тілдерінде өтті. Жас Абай оқуға бар ынтасымен беріліп, үздік оқушы атанады. Білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылып, көптеген шығыстың классик ақындарының шығармаларымен, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен жете танысады. Медресенің қатаң тәртібіне қарамастан орыстың приходская школасында үш ай бойы дәріс алып, тез арада орыс тілін де меңгереді. Осы қабілетінің арқасында орыс және батыс әдебиетінің озық туындыларын оқиды.
Құнанбай көп үміт еткен баласының зеректігі мен іскерлігін байқап, он үш жасар Абайды оқудан шығарып алады да, ауылда өз жанында ұстап, ел басқару ісіне баулиды, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырады. Әкесінің ықпалымен елдің игі жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениетімен жете танысады, билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Абай әке қасында болған жылдарда атқамінер би-болыстардың қулық-сұмдықтарын, қазақ даласына ыдырай бастаған феодалдық, рулық қатынастардың кереғар қайшылықтары кіріптар еткен әлеуметтік теңсіздіктің зардаптарын, патриархалдық, кертартпа салт-сана, әдет-ғұрып зандарының олқы тұстарын жете түсінеді. Патша үкіметінің отаршылық саясаты мен парақор орыс әкімдерінің, жергілікті би-болыстардың арамза әрекеттерін байқайды, соларға қарсы күресу мақсатында болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады да, 1876-1878 жылдары Қоңыр-Көкше еліне болыс та болады.
Болыстық қызмет атқарған жылдары Абай өз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразысын тең ұстауға күш салады. Оның нағыз қайраткерлік мінезі мен би ретіндегі тұлғасы осы тұста нақ көрінеді. Әлсізге зорлық көрсеткендерді, ұрлық жасағандарды қатты жазаға тартып, халық қамқорына айналады.
Арнайы білімі болмаса да, білікті заңгер ретінде туған халқының дәстүрлі ел билеу жосындарын, әдет-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі түрлі әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Халық тұрмысындағы келеңсіздіктерді жоюға әрекет еткенімен соншалықты нәтиже шығара алмайды. Сол себепті де халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттау мақсатында жасы ұлғайған шағында биліктен бас тартып, біржола шығармашылықпен ғана шұғылданады.
Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының тірегі, сонымен бірге дала өңірінің орталығы болған Семей қаласы Абай өмірінде үлкен із қалдырды. Семейде Абай орыстың Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов, С.С.Гросс сияқты саяси жер аударылып келген озық ойлы адамдарымен танысады. Олармен пікірлес болуы оны орыс әдебиеті мен қоғамдық ойлар тарихын оқып біле түсуіне септігін тигізді, өз халқының өткені мен бүгінін бағдарлай алатын, сол үшін күресе алатын биік интеллектуалының қалыптасуына әсер етті.
Абайдың заңгер ретінде танылуында атақты Қарамола сьезінің орны бөлек. 1885 жылы мамыр айында қазіргі Семей қаласына жақын Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде сол кездегі Семей губерниясына қарайтын бес ояздың жүзден астам елге белгілі би-болыстары мен құрметті ақсақалдары бас қосқан төтенше съезде төбе би болып сайланған Абайға «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылады.
Ал шын мәнінде осы алқалы мәжіліске жиылған топтың ішінде Абайға қастық ниет ойлайтын адамдар Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын үкімді күтеді. Генерал-губернатор Цеклинский келіп жиылған кісілердің әрқайсысымен танысып, Абайды көргенде: «Партияшыл, ел бүлдіргіш Құнанбаев сенбісің?» дейді. Абай «мен» депті. «Неге партия қыласың?» дегенде: «Жалғыз мен партия қылмаймын, дүние түгел партия, жанды-жансыз мақұлықтың барлығы да алыс-тартыспен тіршілік етеді. Дүниедегі тіршілік күрес, партия тіршілігі, әуелі өзіңіз де партия қыласыз» дейді. «Сені ел неге көп жамандайды?» дегенде: «Ел көп, мен жалғызбын, көп әрқашан тентек, бұзық, бұзық көппен алысқан жалғыз жаманатты болмай тұрмайды. Қай қауымды алсаңыз да, жақсысынан жаманы көп емес пе? Бірақ, көп екен деп жаманның сөзін мақұлдау керек пе?» депті.Осы сөздерден кейін «Абайды не қылар екен» деп анталасып, асығып күтіп тұрған елдің барлығының көзінше жандарал Абайды өзіне тіккен үйге ертіп жүріп, ұзақ әңгімелесіп отырып қалады. Аздан соң, шәй ішіп шыққанда елге «сиезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын әперіңдер, сиезді жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңыздар» дейді. Сөйтіп, Семей губерниясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезде Абай осылай төбе би болып сайланады [1, 70].
Бұл оқиға Абайдың білімділігі, жүйіріктігі арқасында мұнымен алысқан кісілердің әрқашан тең түсе алмай, ұлық алдына келгенде жеңіліп шығатынын дәлелдейді.
Өз заманындағы қазақ қоғамының даму үрдісін, тұрмыс-тіршілігін, жұртшылықтың мұң-мұқтажын жете білген, жастайынан жергілікті атқару органдары мен әлеуметтік қилы мәселелерге араласқан Абай бұрыннан бар заң ережелерін жинақтап, қазақтың ерте кезден келе жатқан әдет-ғұрып нормаларын негізге алу барысында Қарамола жайлауында бес дуанның болыс билері бас қосқан жиында 73 баптан тұратын «Ережені» бірнеше күнде бірлесіп жазып шыққан. Осылаша Абай басқарып жазған «Ереже» деп аталатын заң нұсқасы осы Қарамола сьезінде қабылданып бекітіледі. «Ереженің» жазылуы – Қарамола съезінің басты тарихи оқиғасы болды. Төбе би сайланған әрі Ереже иесі Абай өзін ерекше сезініп, ауылына зор әсерге бөленіп қайтады. Ең бастысы, қаймана қазақтың көсемі болудың жауапкершілігін алғаш рет жан-жүрегімен сезінеді», – деп жазады Абай мұрасын зерттеуші ғалым А.Омаров [2].
Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Оның әсіресе ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды.Құжаттан Абайдың ел билеудің әдеттік-құқықтық жүйесі мен ислам діні бекіткен заң нормаларын заман талабына сай жаңарту идеялары айқын көрінеді. Съезд Абайдың ел арасында ғана емес, патша үкіметінің Семейдегі әкімдері арасында да беделі өсе түскендігін танытты. Бұл ереже ел билеудің әділеттік, құқықтық жүйесіне сай заң нормалары бойынша қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын өзгеше құжат болды. Абай қазақ қоғамында әділеттілік пен тұрақтылықтың белгісіндей болған ежелгі билер институтының имандылық және құқықтық мұрасын барынша пайдаланды. Осы ережені жазуға қатысқанға дейiн де қара қылды қақ жарған әдiл билiгiмен, халықтың жүрегiне жол таба бiлген ақын қазақ елінің құқығы мен билер сотын жаңартуға өзіндік үлес қосты.
Бір мысал үшін алсақ. Осы ереже бойынша «Дауласқан әр екі тарап қалаған билерін таңдап алады. Бірақ, би есебін ереже бойынша ұлықтар шығарады. Сұраймыз, әр тараптан үш биден артық болмаса екен. Би шешімін шығармас бұрын үштік бимен жарасады. Егер даугерлер үштік би бітімін бітпеймін десе һәм бітім болмаса, сонда жоғарыда айтылмыш бойынша билер таңдап шығарады. Екі жағының билері таласып, жұп болса, төменде айтылмыш рет бойынша бітіреді. Әр ояздың халқы орталарынан бір төбе басы би шығарады. Бұған қызметтегі һәм қызметсіз де құрметті кісілер сайлануға мүмкін. Егер билердің бітімі талас болса, сайланғандар екі төбе би шығартып алады, тиісті ояз халқынан. Егер бұлардың арасында талас болса, қалған ояздардың төбе басына жеребе салынып, шыққан кісі бітімдеріне араласып, сол кісінің ауған жағының бітімі орнығып, мақұл болады. Осы рет бойынша ояздық төтенше сьездерде екі жағы тең талас болса, төбе басы би бір жағына ауып тоқтатады» деп билерді таңдау мен билік жасау тәртібі ерекше бапта көрсетілген.
Қазақ тарихындағы тұңғыш заң нұсқасы – Тәуке ханның «Жеті жарғысы» десек, ал қазақ даласында тұңғыш жарық көрген құқықтық құжат –Абай Құнанбайұлының тікелей қатысуымен және басшылығымен сол кездегі осы өңірдің игі жақсылары, бес болыстың ел билеушілері бірігіп жазған осы «Қарамола ережесі» екендігін ерекше атап өткен жөн.
Осы тарихи құжат арқылы Абай даланың заң, ережелерін жетік меңгерген білікті би ғана емес, өз халқының құқық нормаларын патша үкіметінің заң ережелерімен тығыз ұштастыра алған заңгер де болған. Еліміздің қазіргі беталысын түсініп, жете ұғыну үшін де, болашақ дамуын көзге елестету үшін де өткен ұлы ақынның би, заңгер ретіндегі тарихи қызметін де жадымызда сақтауымыз қажет.
Алуа Байбулатова, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы