
Карантин кезінде медиатор-психологтардың қажеттілігі арта түсті. Оларға ерлі зайыптылардан бөлек, ұстаздар мен дәрігерлер, бизнестегі серіктестер көптеп хабарласады. Медиаторлар түрлі тақырыптағы түсініспеушілік, даулар мен жанжалды жағдайларды шешуге онлайн режим арқылы шешіп жатыр.
Күллі әлемді қарусыз-ақ, аз уақытта жаулап алған коронавирус пандемиясы халыққа айтарлықтай ауыртпалығын түсірді. Тарихқа жүгінсек, әлемді әр ғасырда аты жаман ауру бір шарпып тұрған. 1720 жылы Еуропаны Марсель обасы, 1820 жылы Филиппин, Индонезия және Тайланд елдерінде тырысқақ эпидемиясы, 1920 жылы Испанияда «испан тұмауы» жайлаған. 2020 жылы Қытайдан басталған коронавирус індеті әлемді жаулап отыр. Айта кетелік, Коронавирус бұған дейін де бірқатар елдерде белгі берген. 2002-2003 жылдары әлемнің 37 елінде 8 мыңнан астам адам ауыр өткір респираторлық синдром (TOPC) немесе SARS-пен ауырған.
Елімізде бұрын-соңды бұндай сынақтан өтпеген халық әлеуметтік-экономикалық қиындықпен қатар психологиялық күйзеліске түсті. Әсіресе қазақ халқына ұзақ уақыт шектеулі кеңістікте болу өте қиынға соқты. Туыстарымен, достарымен, көршілерімен, әріптестерімен үздіксіз қатынаста жүретін адамның еркіндігіне кенеттен тосқауыл қойылғаны санаға ауыр тиді. Әсіресе көп уақытын түзде өткізетін ер адамдар үшін отбасымен күн ұзаққа бірге болу психологиялық шиеленіс тудыратыны анық. Бұл ыңғайсыздық көптеген адамдарда сыртқа ашық шықпай, депрессия түрінде өтуі мүмкін. Бұл тарауға қаржылық қыспаққа ұшырағандарды қоссақ ел ішіндегі түрлі келеңсіз оқиғалардың себебі айшықтала түседі. Түрлі ақпараттық кеңістікте таралған негативті пікірлер мен экономикалық тұрақсыздықтың да адамды күйзеліске ұшыратып, үрейге батырғаны тағы бар.
Қордаланған себептер жиналып келіп адамдар арасындағы түсініспеушіліктің көбеюіне соқтырып отыр. Төтенше жағдай уақытында тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары да арта түсті. Жанжалдың негізгі себебі алкогольді ішімдік, қызғаныш, ерлі-зайыптылардың сенімсіздігі, жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі болуда.
Карантин кезінде медиатор-психологтардың қажеттілігі арта түсті. Оларға ерлі зайыптылардан бөлек, ұстаздар мен дәрігерлер, бизнестегі серіктестер көптеп хабарласады. Медиаторлар түрлі тақырыптағы түсініспеушілік, даулар мен жанжалды жағдайларды шешуге онлайн режим арқылы шешіп жатыр. Медиаторлардың тиімді шешім қабылдауының арқасында көршілер арасындағы түсініспеушілік, жұбайлар арасындағы қарым-қатынас, әріптестер арасындағы келіспеушілік т.б. оқиғалар оң шешімін тапты. Медиаторлық орталықтың онлайн-режимдегі жұмысы алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Адамдар әдеттегі өмір сүру салты өзгергенде дағдарысқа ұшырайды. Әсіресе экстремальды жағдайда эмоциясын реттей алмайтындар сенімсіздікке бой алдырады. Бұндай жағдайда әркімнің өзін өзі сабырға келтіріп, эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыруға тырысқаны абзал. Сонымен қатар бүгінгі жағдайды сол қалпында қабылдап, жақындарыңызға түсіністікпен қарау, алдағы уақытты дұрыс пайдалана білу, үй ішілік физикалық жұмысқа белсене араласу тиімді болмақ. Негативті ақпараттардан барынша аулақ болып, өзіңізге күтіммен қараудың да маңызы зор.
Нұрбала Оразқұлова «Халық медиаторы» газетінің редакторы.