Дана халқымыздың «Жол мұраты – жету, дау мұраты – біту» деген мақалы бекер айтылмаған. Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегендей, кешіріп, келісімге келу бұл бұрыннан қазақтың қанында бар қасиет. Соңғы жылдары Шымкент қаласының соттары тараптар арасындағы дау-жанжалға қатысты бірқатар істерді, оларды өзара татуластыру арқылы бітімгершілікпен бітіру мәселесіне аянбай атсалысып келеді. Өздеріңізге белгілі, 2015 жылы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне өзгерістер енгізіліп, бір тарау толығымен татуласуға арналған болатын. Оның басты мақсаты – қоғамды сабырлыққа, түсіністікке, татуласуға шақыру. Дау туындаған жағдайда азаматтар бір-бірімен түсіністікпен қарап келісімге келіп, татуласу арқылы істі бітімгершілікпен бітіру мәселесі кодекске енгізілген ерекшелік еді.
Осы заңның шеңберінде, шешім қабылдау – біздің күнделікті міндетіміз, ал бірақ тараптардың адам ретінде өзара түсінісіп, татуласқаны қоғамға керек. 2016 жылдан бері осы татуласуға арналған бір тарау еліміздің соттарында қолданылып келеді. Оның нәтижесі де жаман емес. Егер нақты айтсам, Еңбекші аудандық сотында 2020 жылдың төрт айында сот өндірісіне жалпы 1405 талап қою арыздары тіркелген, ал қаралып біткен азаматтық істердің саны 1299 болды. Осы қаралған істердің 73-і татуласу келісімімен аяқталған. Оның ішінде, 61-і медиация және 2-еуі партисипативтік тәртібімен, ал 10-ы бітімгершілік келісіммен біткен.
Медиацияның маңыздылығы – дауды шешудің бұл тәртібі екі жақты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Сонымен қатар, сот өндірісінде қаралып жатқан іс бойынша тараптар бітімге келген жағдайда, «Медиация туралы» заңға сәйкес төленген мемлекеттік баж «Қазақстан Республикасының Салық кодексінде» көзделген тәртіппен оны төлеушіге кері қайтарады.
Осы ретте, дауласушы тараптарға бітімгершілікке келу, дауды оңтайлы жағынан шешу тиімді деп есептеймін. Егер олай етпес, онда олар сотқа келіп біраз уақыт әуреге түседі. Бұл іс қаралып біткенша, 2-3 ай өтеді. Одан кейін тағы да шағымданып жатады. Тіпті, кейде Жоғарғы Сотқа дейін барып соттасады. Сөйтіп, жұмыстан қалып, бүкіл тірлікті тоқтатып, әуре-сарсаңға түседі. Әрине, мемлекеттік баж төлейсіз, барып-келуге жолға қаражатыңыз кетеді, адвокатты жалдайсыз. Сонымен ең соңында сотта ұтылып қалсаңыз, соттасқан туыс-бауыр, досыңыз немесе көршіңізбен арадағы сыйластыққа сызат түседі.
Жалпы иенің айтайын дегенім, «Дау мұраты – біту» десек, сол даудың бітімгершілік келісіммен біткені екі жаққа да тиімді екендігін жеткізу.
Қазіргі карантин кезінде сотқа келіп, өзіңіздің және өзгелердің денсаулығына қауіп төндіргенше, үйде отырып, отбасы құндылығын сақтаған жөн. Сондықтан, баршаңызды мүмкіндігінше дауласпауға, ал дау туындаған жағдайда, бітімге келуге шақырамын.
С.Нурбекова, Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының судьясы