Қазақта «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деген сөз бар. Келісіп пішкен тонның келте болмасын дана қазақ бұрыннан білген. Сондықтан болу керек, ауылдар арасында ақсақалдар алқасы, келісімге келе алмаған екі жақты татуластырып, тараптарға жөн сілтеп отырған. Солай қазыларға үлкен көмегін тигізеді екен. Бұл үрдіс бүгінгі күні де елімізде бой көрсетіп отыр. Тегі сол, аты басқа. Заманына қарай адамы, жасыра алмаймыз. Бүгінде дау-дамайлар өте көп. Біреулер қаржы мекемелерімен сөз қақтығысып жатса, біреулер отбасындағы дау-жанжалдарды реттей алмай немесе тіпті ажырасып ортақ балалары мен мүліктегі үлестері туралы көптеген дауларды тудырып келеді, ал кейбіреулер жоғалған затын талап етіп жаға жыртысып жүр. Міне осындай дауларды шеше білетін, заман талабына сай іс жүргізе алатын мамандар бар. Оларды «медиатор» деп атаймыз. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүрген қара халық, көбіне бастары даудан арылмайды. Керісуін керісіп, келісімге келе алмай бастарын тауға да тасқа да ұрып, шешімін таппай дал болуда. Егемен елімізде сауатсыз адам жоқ. Тек, ізденіп, сұрастырып, жаңалықтардан хабардар болып отырса немесе интернет желілеріне көз тастап қойса болғаны. Осы жәйттерді ескере отырып медиатор деген кім, медиация дегеніміз не? деген сұрақтарға жауап беруді жөн көріп отырмыз.
Медиация дегеніміз, тараптардың дау-дамайларды өзара келісіп шешетін шара екенін айтамыз. Медиация ұғымы ата-бабамыздан сақталып келе жатқан жүздермен рулардың арасындағы өзара келіспеушіліктен туындайтын, даулардың шешімін таба білетін, қызу айтыс-тартыстар ушығып кетер тұста тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні іспетті екенін білеміз. Ортақ шешімге келуге судья емес, медиатор деген маман көмектеседі. Келісімге келсе, тараптар өзара жазбаша келісім шартын жасасады. Бұл не үшін керек деген заңды сұрақ туындауы әбден мүмкін: “Медиация туралы” Заң 2011 жылы қабылданған. Осы Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.
«Медиация туралы» Заң күшіне енгелі осы Заң туралы сот саласы қызметкерлері, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар қарапайым халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргіп жатыр. Мұндай іс-шараның соттан қандай айырмашылығы бар?
Оның соттан ең басты айырмашылығы — медиацияда ұтқан, ұтылған деген тарап жоқ, себебі олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келуі керек. Сот ісін ашу үшін бір тараптың арызы жеткілікті, ал медиацияға қос тарап ерікті түрде келісіп барады. Медиация рәсімі сотқа жүгінуге қарағанда оңай. Сотқа жүгіну үшін тұлға талап арыз жазып, мемлекеттік бажды төлеуі қажет. Сот талап-арызды қабылдағаннан кейін тұлға бірнеше айға дейін сот отырысын күтеді. Сотқа жүгіну үшін заңгерге барады, қызметі үшін ақша төлейді. Ал медиацияда тараптар медиаторлар тізімінен қажет маманды таңдап, тіпті бір күннің ішінде мәмілеге келе алады.
Медиацияның мақсаты тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету, яғни, тараптарды бітімгерлікке шақыру болып табылады. Медиация барысында тараптар өздерінің қалауы бойынша талап мөлшерін ұлғайтуға немесе кемітуге, тіпті даудан бас тартуға құқылы. Екі жақтың да талабын даудамайсыз-ақ шешуге қол жеткізу медиаторлардың басты мақсаттарының бірі де бірегейі десе болады. Жеке азаматтар мен жалпы қоғам үшін маңызы жоғары бұл істі жүргізу барысында медиаторлар тараптардан, мемлекеттік органдардан және өзге де лауазымды, жеке тұлғалардан тәуелсіз болады.
«Ауру қалса да әдет қалмайды» дейді атам қазақ. Әлі де сәл нәрсеге ұрынсақ полицияға жүгінеміз немесе сотқа жүгіреміз. Елімізде кез келген адамның медиацияға жүгінуге құқы бар. Медиацияға ол сотқа дейін де, кейін де баруына болады. Бірақ бұл медиация арқылы кез келген дауды шешуге болады деген сөз емес. Медиация тек еңбектегі, отбасындағы және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешуге, онша ауыр емес, орташа ауыр және кейбір жағдайда ауыр қылмыстық істі шеше алады.
Енді бұл мамадардың кім екенін айта кетсек дейміз. Медиацияға міндетті түрде үшінші тарап — медиатор қатысуы керек. Ол тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі болмауға тиіс. Оны тараптар өзара келісіп таңдайды. Оның басты міндеті — даудан қос тараптың қанағаттанып шығуына жағдай жасау. Медиатор тараптарды қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Сол себептерден кейде екі жақ келісімге келе алмай, дауларын өршітіп алатын жағдайлар болуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда медиация тоқтайды. Кейін дауды сот арқылы шешуіне мәжбүр болады.
Көп жағдайда біз өз істерімізге салғырттау қарап, «онда тұрған не бар? қоя салшы, ертең де күн бар ғой» деген сияқты босаңсып қалатын кездеріміз жиі боп тұрады. Солай тараптардың бірі медиация туралы шартты орындамауы мүмкін. Ондай жағдайда екінші тарап сотқа жүгіне алады. Сондай-ақ медиацияда екі тарап бір келісімге келеді. Бірақ оның шартын орындалуын мемлекет қамтамасыз етпейді, қадағаламайды. Бір тарап шартты елемесе, онда екінші тарап сотқа жүгінуі қажет.
Қол алысып, төс қағысып, әр нәрсені ақылға салып, шешілмейді деген түйіннің шешімін келісе отырып тарқатып үйренген халықпыз. Ендігі күні жер дауы мен жесір дауы, құн өндіру секілді бітіспестің бітімін кесіп айтатын, толғақты дүниені тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып тарқататын бабамыздың билік жасау өнері, дау шешудің озық жүйесі медиацияның, қоғамға келтірер тиімділігі мол болатынына сенімдіміз.
Шымкент қаласы бойынша азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы
Бакирова Элеонора Курбанбаевна