Бірлігі жарасқан елдің берекесі қашпайды. Елімізде «Медиация туралы» Заң қабылданғанына биыл 12 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында аталмыш заңның құндылығы мен тиімділігі арта түсуде. Медиацияның мақсаты — екі жақты ортақ мәмілеге келтіру, процес барысында екі жақтың құқығын бірдей сақтап, мұқият тыңдай отырып, екі тараптың да көңілінен шығатын шешім ұсыну. Түрлі деңгейдегі даулар, келіспеушіліктер мен құқық бұзушылықтар соттардың жүктемесін арттырады әрі ұзақ уақыт алады. Ал медиация тәсілі – уақыт пен қаражатты қала берді азаматтардың жүйкесін тоздырмай тиімді нәтижеге жетудің бірден бір жолы. Осы орайдан қарағанда медиаторға жүктелетін міндет өте ауыр, себебі, бұл процес сабыр мен байыптылықты, білім мен психологиялық шеберлікті талап етеді.
Уақыт үнемділігінің маңызы артып тұрған бүгінгі қоғамда кез-келген мәселенің тез әрі оңды шешім табуы кезек күттірмейтін мәселе. Осы жағынан алғанда ел арасында медиаторлардың аса қажеттігі айтпаса да түсінікті. Отбасылық, жасөспірімдер мен әріптестер арасындағы түсініспеушілік, жекелеген азаматтардың керісі секілді түрлі деңгейдегі дауларды шешуде бұл саланың атқарып отырған ролі орасан зор.
Әсіресе отбасылық және жасөспірімдер арасындағы кикілжіңді екі тарапқа ортақ мәмілеге келтіру арқылы шешудің маңызы зор. «Отан отбасынан басталады» деген аксиомалық қағидатқа сүйенетін халқымыз үшін әрбір ерлі-зайыптының татулығы, бүлдіршін балалардың толыққанды семяда ержетуі өзекті мәселе. Тұрмыстық кемшілік, психологиялық керағарлық және басқа да түрлі себептердің салдарынан қаншама отбасының іргесі сетінеп, шаңырағы шайқалып жатады. Осы орайда жас жұбайлардың түсіністікке келуі, өзара кемшіліктеріне кешіріммен қарап, ортақ тіл табысуларына кәсіби медиаторлардың атқаратын ролі зор. Жалпы қазақ халқы ерлі-зайыптылардың татулығына аса мән берген. Әлдебір үйдің түтіні қисық ұшса, бүкіл ауыл сол шаңырақтың шайқалмауы үшін атсалысып, абыройлы қариялары мен ақжаулықты әжелерінің ақыл кеңесіне жүгінген. Демек бүгінгі медиация, кешегі данагөй бабаларымыз салған іздің жалғасы деуге әбден болады.
Солндай-ақ, ғылыми технология сәт сайын дамып бара жатқан бүгінгі қоғамда жасөспрімдер арасындағы даудың ушықпауы да ойланарлық мәселе. Ақылынан бұрын күшіне жүгінетін, бойында қаруы тасып тұрған жастардың, шалағайлықпен заң бұзушылыққа бармауын, қандай жағдайда да сабырмен, ақылмен, ортақ мәмілеге келуін қадағалп отыру бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Бұл жағынан алғанда да медиаторлар орасан зор еңбек сіңіріп жатыр.
Соңғы жылдары медиатордың көмегіне жүгінетіндердің қатары арта түсуде. Осы ретте қоғамда медиатор маманына да сұраныс көбейіп келеді. Сондықтан алдағы уақытта медиаторларды тез дайындап үлгеру міндеті тұр.
Қазақстанда 5-тамыз медиация күні болып бекітілген. Осы орайда еліміздің барлық өңірінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл іс-шаралар ел арасындағы татулық пен бірліктің, келісім мен түсіністіктің негізгі принціптерін ұсынатын маңызды басқосу. Сондықтан барлық әріптестерімді айтулы мерекемен құттықтай отырып, ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің бірлігі мен татулығының жолында талмай еңбек етуіне тілектеспін.
Шымкент қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы
Отарбаев Еркен Бостанбекулы