Өз әділдігімен елге танымал болған қазақтың атақты билерінің бірі — Кенжалы би.
Кенжалы Ырғызбайұлы 1823 жылы Семей өңірінде Тарбағатай шығыс жақ қойнауындағы ауылда дүниеге келген.
Кенжалының 16-17 жастар шамасы кезінде мынадай бір дау көтеріледі. Туған ағасы Төлеке жылқы жайып жүреді. Бір жас жылқышы оған кызмет етіп, сыйлайды екен. Бір күні әлгі жігіт жылқының асықты жілігін балтамен шағып майын алып берем деп, жілікті қақ бөлгенде жаңқасы Төлекенің көзіне тиіп, бір көзі майып болады. Төлеке «көзімді шығарып, соқыр еттің, айыбын төле» дейді. Әлгі жігіт: «Мен әдейі істеген жоқпын, абайсызда тиіп кетті» деп бас тартады. Сонымен екеуі биге жүгінбек болады.
— Қайсы биге барамыз? — дегенде, Төлеке өзінің інісі Кенжалыға бұра тартады. Жігіт алғашқыда көніңкіремей жүреді де: «Мейлі барсақ, барайық, ақырын көре жатармыз, әділ келісім болмаса, аға билер бар ғой» дейді. Сөйтеді де екеуі Кенжалыға барып жүгінеді. Төлеке ағасы: — Мына жігіт менің бір көзімді шығарып соқыр ғып қойды, айыбын төлесін, — дейді. Кенжалы әлгі жігітке: — Қане сен сөйлеші? — депті. Сонда ол: — Мен бұл кісінің жасын сыйлап, өне бойы атын ерттеп беріп, мал сойса алдыңа бас қойып, жіліктің майын шағып беруші едім. Жілік шағып отырғанда, оқыстан көзіне жаңқа тиіп жазым болды. Мен әдейі істеген жоқпын. «Жазым болса быламықтан да тіс сынады» деген, әділ билігін өзіңіз айтыңыз, — дейді. Кенжалы ағасынан: — Бұл жігіттің өне бойы сізге жілік шағып майын әперетіні рас па? — деп сұрайды.
— Рас, — дейді Төлеке.
— Олай болса, — дейді Кенжалы — Көзіңіздің кұны төленіпті ғой.
— Қалайша?
— Солай, бұл жігіт жеті жыл бойы сізді сыйлап жілік шағып, май жегізіп келіпті. Жіліктің майы — көздің майына теңеліпті. «Ненің қызығын көп көрсең, соның азабын бір тартасың» деген емес пе. Жігіт әдейі істеген жоқ бұл даудан азат! — дейді.
Add A Comment