«Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» – деген халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы.
Жер бетіндегі кез-келген халықтың мәңгілік болып қалуы – ұлттық тілінің сақталып қалуы болып табылады.
Осыдан 32 жыл бұрын, яғни 22 қыркүйек 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып «Тіл туралы» заң қабылданды. Кейін егемендік алған соң 1995 жылғы Ата заңымыздың 7 бабына сай «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» болып айқындалды.
Әрі қарай 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданып, республика аумағындағы тілдердің қолдануының құқықтық негіздері, барлық тілдерге бірдей құрметпен қарау қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қазақ тіліміздің мәртебесі белгіленген болатын.
Қазақ тілі – дүниедегі ең шұрайлы, кестелі тілдің бірі. Қазақ тілі – өте бай тіл! Қазақ тілінде жазылған тамаша шығармалар қанша, жылытатын, жұбататын жырлар қаншама?! Қазақ халқының бойына сіңген ата – бабаларымыздың тәлім – тәрбиесі, үлгі – өнегесі, біздің тұлға болып қалыптасуымызға себепкер болғаны, үлкен үлес қосқаны байқалатыны анық.
Осы орайда, Елбасы өзінің алғашқы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген.
Иә, өте дұрыс. Егемен елімізде өмір сүретін барлық ұлттарға мемлекеттік тілді меңгеруге толықтай жағдай жасалған.
Мемлекеттік тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық, патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Түптеп келгенде, ол өңірдің, елдің ұлттық қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылығы мен интеллектуалды даму мәселесі де. Сонымен бірге, мемлекеттік тіл – мемлекеттің бет-бейнесі, туы, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты рәмізі болып табылады. Ол – азаматтық патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі бола отырып, ел азаматтарын біріктіретін күш. Тіл – елдің мәдениетін қалыптастыратын ұйытқы, ұлттық бірліктің негізі, адамның рухани және имандылық қасиеттерінің басты факторы. Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдеп-ғұрпын және салт- дәстүрлерін терең тануға жол ашады. Басқаларға ұлттық мемлекет ретінде танылғымыз келсе, біз ең алдымен қасиетті ана тілімізді сақтауымыз керек. Тілі жоғалған күні ұлттың өзі де жоғалатыны белгілі. Тілін жоғалтып, артынан өздері ұлт ретінде құрып кеткен халықтар қаншама. Тек бұрынғы Кеңестер Одағының шеңберінде ондай халықтар ондап саналады. Біздің тіліміз ең ескі, тамыры тіптен тереңде жатқан тілдердің бірі. Мыңдаған жылдық тарихы бар сол тілді қайта жаңарту, оның қолдану аясын кеңейту, жүздеген жылдар бойы отаршылдықтың әсерінен бағы ашылмай келе жатқан қасиетті тілімізді от басы-ошақ қасынан төрге шығару біздің, яғни қазақ тілі пәні мұғалімдерінің алдында тұрған үлкен міндет деп білемін.
Мемлекеттік тіл – сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Тарихтан да белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші мемлекеттік тілінің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында күшті ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Күшті ұлт болу үшін күшті мәдениет жасау керек. Сонда ғана әлемдік өркениет кеңістігінен өзіне тиесілі орынды ала алады.
Мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтардың тілі. Сондықтан да «Мемлекеттік тілдің проблемасы – тек қазақ халқының ғана проблемасы» – деп қарауға болмайды. Әлемдегі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет істейтіндердің бәрі бұл тілді білуге міндетті. Онсыз ол мемлекеттік тіл болып есептелмейді. Конституциялық талап осы. Оған қоса мәдениеті жоғары адам басқа тілдерді білуге өзі де ұмтылуға тиісті. Басқа шет елдерде халқының тілін білмесең, лауазымды қызметке орналасуды былай қойғанда, тіпті күніңді де көре алмайсың. Республикамызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Ал бұл істің шешуі шыдамдылық пен табандылықты талап етеді және тілді үйрету зорлықпен емес, шынайы ынтамен ыңғайланатын шаруа. Қазақ тілін білуге міндеттеу ешкімнің құқығына қол салғандық болмайды. Мемлекеттік тілді білу – кәсіби талап. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде атап көрсеткен болатын: «Қоғамға біздің тіл саясатымыздың мәнін тереңірек және дәлірек түсіндіру керек… Қазақстандағы жастар мынаны білуі тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеуге мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол тілде жауап беруге тура келеді. Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар – өз функцияларыңды қажетті деңгейде жүзеге асыру үшін тілді үйрену керек. Бұл әбден қалыпты және өркениетті шарт».
Елбасының қазақстандықтардың жаңа ұрпағы кем дегенде үш тілді білуге тиіс деген пікірі де өте орынды. Себебі, бұл – уақыт талабы, сондықтан да оны заңдылық әрі өзекті деп қабылдаған дұрыс. Ағылшын тілін кеңінен білмейінше, ұлттың бәсекеге шынайы қабілеттілігі туралы айту қиын.
Қазақ тілі республика азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары кәміл. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал. Өйткені, қазақ тілі – еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта мемлекеттік тіл ретінде оның мәртебесі біздің елімізде қоғам биігінен көрінуге тиіс.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар барлық салада толық қамтамасыз етілді деуге әлі ертерек. Қай тұлғаның болса да жұмысқа қабылданар алдында мемлекеттік тілді білуі және іс қағаздарымен жұмыс жасай алуы туралы мәселелер ескерілер болса, біршама атқарылар шаралар өзінің оң шешімін табатыны сөзсіз.
Және айта кететін бір жайт бар қазіргі таңда әлеуметтік желілерде блог жүргізуді қазақ тілді аудитория кең қолдануда. Осы сәтте қазақ тіліміздің насихатталуы үшін өздігінен блог жүргізетін аудиториялар саны күн санап өсіп жатқандықтан тиімді болып отыр. Алайда қазақ тіліміз насихатталуы өздігінен жүріп жатқанымен, шұбарлануы қаупі бар, олай дейтініміз көптеген жаргон сөздерді қолдану көптеп кездеседі. Оның алдын алу үшін әлеуметтік желілерде тілімізді дұрыс қолдануымыз – сауатты жазуды үйренуіміз керек.
Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметте бірлі-жарым кісі ғана емес, барлық адам білуге міндетті.
Тасболатова Зарина Сакеновна
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот мәжілісінің хатшысшы