Қазақта «Жақсының қасиеті – жарастыру, жаманның қасиеті – таластыру» деген сөз бар. Елбасы ел ішіндегі даукестілікті төмендетудің бірден-бір жолы медиация екенін айтып, 2011 жылы «Медиация туралы» Заңға қол қойғанына биыл 10 жыл. Бұл заңда көптеген даулы мәселелерді ушықтырмай, сотқа дейін жеткізбей-ақ тараптарды ортақ мәмілеге келтіру тетіктері көрсетілген.
Еліміздің соттарында 10 жылдан бері медиация мәселесі күн тәртібінен түскен емес. 2018 жылы Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Асановтың бастамасымен «Татуласу: сотқа дейін және сотта» жобасы қолға алынып, жергілікті соттарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, өткен жылы Ж.Асановтың «Татуласу – дауды шешудің ең дұрыс жолы» деген Үндеуі де жариялаған болатын. Жоғарғы Соттың игі бастамалары елімізде өзінің тиімділігін көрсетіп, нәтижелерін беруде.
Бұған дәлел ретінде 2018 жылы 39 мың іс татуласу тәртібімен аяқталса, кейінгі жылы 49 мың іс медиация тәртібімен шешілгенін айтсақ та жеткілікті.
Шымкент қалалық соты құрылған күннен бастап, медиацияны дамыту мен насихаттауды қарқынды жүргізіп келеді. Мысалы, биыл төраға Е.Рахымбековтің бастамасымен және «Ontustik» телеарнасының директоры У.Қыдырдың қолдауымен «Сот және қоғам» бағдарламасы ұйымдастырылып, ақпан айынан бері, апта сайын эфирге шығуда.
Бұл бағдарламаны өзім жүргіземін. 7-шығарылым «Дауды шешудің ең тиімді жолы – медиация» тақырыбына арналды. Соны назарларыңызға ұсынамын. Оны мына төмендегі сілтемеден көруге болады.
Қабыл Дүйсенбі,
Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы