Енді бірер аптадан кейін былтыр жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі» (ӘРПК) күшіне еніп, Шымкент қаласының жаңадан құрылған Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қызметін бастайды. Шын мәнінде бұл Кодекс, мемлекеттік орган мен азаматтардың арасындағы дауларды реттейтін, еліміздің сот-құқық жүйесіндегі жаңа заң.
Ел Президентінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы «Мамандандырылған әкімшілік соттар туралы» Жарлығына сәйкес, биылғы 1 шілдеден бастап, елімізде 21 аудан-аралық әкімшілік сот жұмыс атқаратын болады. Солардың қатарында, Шымкент қаласының жаңадан құрылған Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты да биылғы 1 шілдеден өз жұмысына кіріспек. Ал, қазіргі Шымкент қаласының Мамандандырылған әкімшілік сотының атауы Шымкент қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты болып өзгертіліп, өзінің жұмысын бұрынғысынша жалғастыра береді.
Бұдан 10-15 жылдай бұрын ТМД елдерінің барлығында Әкімшілік әділет жүйесі құрылып жұмыс істеуде. Және ол елдерде бұл әкімшілік әділеттілік жүйе заң үстемдігінің, мемлекеттік басқарудың және әкімшілік құқықтың маңызды сипаты болып саналады екен. Сарапшылардың айтуына қарағанда: «Әкімшілік әділет азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға ықпал етеді. Бұл дегеніміз – әкімшілік іс қаралғанда дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа емес, мемлекеттік органға жүктеледі деген сөз. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс болады» – дейді.
Ағымдағы жылдың 17-18 маусым күндері Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов әлеуметтік желі арқылы орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін республикалық семинар өткізіп, жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің ережелерін түсіндірді. Төраға елдің дамуындағы ӘРПК-нің маңыздылығына тоқталып, жаңа Кодекс жеке азаматтар мен бизнестің әкімшілік органдармен дауларды шешу тәртібін реттейтінін атап өтті. Одан әрі ол өз сөзінде: «Кодекс соттармен қатар барлық мемлекеттік органдардың қызметінде көп нәрсені өзгертеді. Заң талаптарын жеткілікті түсінбеу үлкен қателіктерге әкеп соқтырады. Сіз іргелі жоспары, жаңашыл идеялары бар тиімді менеджер болғаныңызбен, ӘРПК-нің талаптарын елемесеңіз, егер оған тиісті деңгейде мән бермесеңыз, мұны қарапайым орындаушылардың міндеті деп есептесеңіз, онда қиындықтарға кез боларыңыз анық», – деп ескертті.
Осы орайда, бір жылдан бері Шымкенттегі аудандық, қалалық соттардың тарапынан жаңа Кодекстің негізгі ережелерін халыққа түсіндіру мақсатында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келгенін айтқым келеді.
Сонымен жаңа ӘРПК әкімшілік актіні қабылдау бойынша өкілеттік берілген әкімшілік органдар үшін жауапкершіліктер жүктейді және азаматтардың құқықтары мен мүделерінің жүзеге асырылуына толықтай ықпал ететіндігін ескере отырып, баршаңызға «Іске сәт!» деймін!
Қ.Дүйсенби, Шымкент қаласы бойынша әкімшісінің «Ақпараттық қамтамасыз ету» бөлімінің басшысы