Ұлтымыз ежелден татулық пен бірлік қасиеттерін қанымызға сіңген құндылық ретінде жоғары бағалаған. Өмір сүру қағидатында отбасылық татулықтан бастап, өзге ұлттармен сыпайы қарым-қатынаста, көршілермен тату болғанын қалаған. Елдің үлкендері мен сыйлы адамдары ақыл-кеңесін айтып, ұрпақтарына ұлағатты өсиет қалдырып, елдің тыныштығын сақтаған. Қазақ ынтымақ пен бірлікті сүйгендіктен болар тілінде татулықты білдіретін сөздер өте көп. Ел арасында «Ынтымақ түбі – береке», «Ынтымақ түбі – игілік» деген өсиеттер көптеп кездеседі. Сондай-ақ, қазақ даласында араздасқанды жарастырған, текетірескенді татуластырған билер соты үнемі мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған. Қазақ тарихында да билер институты ерекше орын алатынын және бүгінгі күнгі қолданыстағы медиацияны бабалар мұрасы деп атауға толық құқығымыз бар.
Медиация əдісі дүниежүзілік деңгейде оңды нəтиже беріп отыр. Мəселен, Еуропа комиссиясы Медиатордың кодексін бекіткен. Еуропалық Одақ медиаторлардың қызметін реттейтін бірқатар директивалар шығарды. БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы (ІІМСІТРАІ) медиация туралы заңның үлгісін əзірледі. Ұлыбританияда медиация əдісі өте кең тараған. Германияда бітістірушілер тікелей соттардың жанында жұмыс істейді. Австрия – медиаторларды дайындауды жəне дайындықтың белгіленген нормативтерін реттейтін медиация туралы федералдық заң қабылдаған. ТМД елдерінің ішінде медиация туралы заң Қазақстанда, Молдовада қабылданған. Елімізде «2011 жылы даулар мен жанжалдарды соттан тыс қарауды қамтамасыз ететін «Медиация туралы» Заң қабылданды. Қазіргі кезде медиация отбасы жанжалдарынан бастап əр-түрлі саладағы дауларды шешуге қолданылып жүр.
Яғни медиация дау-дамайды сотқа жеткізбей бітімгершілік жолмен шешудің бірден бір жолы. Медиация тəртібінде дауда жүрген екі жақ тарап пайдалы шешімге ерікті түрде келеді. Медиацияның мақсаты – дауды шешу барысында екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Азаматтық, еңбек, отбасылық, сондай-ақ, аса ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстарға қатысты істерге медиация тəртібін қолданады. Істі жүргізу кезінде медиаторлар тəуелсіз болады. Анығырақ айтқанда қазақтың дала демократиясындағы билердің мəмілегерлік институты өркениеттік үлгіде қайта оралды деуге болады. Медиация – істердің сапалы қаралуына ықпал етеді, уақытты үнемдейді, сот барысында орын алатын моральдық, материалдық қиындықтардан құтқарады. Əрі соттағы сияқты екі тараптың бірі жеңіліп, бірі жеңбей, екі жақтың да көңілінен шығатын ортақ шешім қабылдайды. Яғни дауды шешудің озық жүйесі медиацияның қоғамға келтірер тиімділігі мол. Медиация институты – қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды элементтерінің бірі.
Сондай-ақ, қоғамдағы тұрақтылыққа жағымды əсер береді. Ендігі басты миссия – медиация институтын кеңінен насихаттау болмақ.
Медиацияның мүмкіндігі, мақсаты мен пайдасы туралы халық көбірек білуі керек. Медиация мамандарын дайындау, медиация мектептерін ашу мəселесіне баса мəн беру де қажеттілік туғызады.
Бауыржан Жүнісов, Ордабасы аудандык сотының бас маманы.