Қазақ халқы «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген нақылымен кез-келген дауды шешкен дана екені ежелден-ақ белгілі. Жер дауы, жесір дауы, жаугершілік замандағы алапат соғыстардың да бір шамасын бір ауыз сөзбен шешіп отырған. Сөз таба білу – асқан ақылдылығы мен білімдарлығының белгісі деп құрметпен қараған. Шешімін таппаған кез-келген дауды шешуде би-шешендердің алатын орны ерекше. Сөзге келіп (түсінісіп) бітімгершілікпен даудың басын қайтарған өткен билерін қазіргі заманның тілімен медиатор дейміз.
2011 жылдың 28 қаңтарында қабылдан Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, оны жүргізу қағидаттары арқылы көптеген дау-дамайды шешуге себепкер болып келеді.
Медиатор – Медиация заңының негізінде жұмыс жүргізетін, яғни екі жақты татуластыратын үшінші тұлға. Бір ескеретін дүние, медиация арқылы азаматтық, еңбекке қатысты жəне отбасылық жанжалдарға қатысты дауларды шешу жеңілдеп келеді. Болашақта медиацияның қоғамға берер пайдасы мол екенін айта келе, медиация — бұл екі тарапты татуластырудың ең төте жолы дегім келеді.
Қоғамды жаңғыртуда медиацияның рөлі маңызды екенін Елбасы Н.Ə. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ерекше атап көрсеткен болатын. Осыған орай, Н.Ə.Назарбаев елімізде медиацияны дамытуды Қазақстан Халқы Ассамблеясына тапсырған еді. Нəтижесінде, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанынан Медиация кеңесі құрылды. Ассамблея мен Жоғарғы сот арасында өзара ынтымақтастық түзілді. Ал тиімді тұстарына келетін болсақ: біріншіден – соттарға түскен арыз-шағымдардың уақыты мен қаржысы үнемделеді, екіншіден – екі тарапты татуластыру арқылы азаматтық қарым-қатынас нығая түседі, үшіншіден – медиаторлық қабілеті арқылы сауатын арттыра отырып, халыққа заң тілін қарапайым тілмен жеткізу орын алады. Қысқасы, медиация кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтауға емес, өзара тиімді шешімді табуға бағытталған.
Заңдық мағынасында тараптардың қақтығысы дау шешілген жағдайда да жиі сақталады, өйткені, кей жағдайда дау шешімі тек қана жеңген бір тарапты ғана қанағаттандырады, ал кей жағдайларда екі тарапты да қанағаттандырмайды, себебі, шешімді дау тараптары қабылдамайды, сайланған тұлғалармен қабылданады.
Дауды медиация арқылы реттеу кезінде «шешім» дау тараптарының өздерімен қабылданады, олар дауды реттеу туралы келісімді (мысалы, медиативтік келісімді) жасай отырып, өздерінің болашақ қатынастарын өз бетімен айқындайды. Осылайша, тараптар арасында болған жанжал толығымен немесе тараптармен келісілген бөлігінде тоқтатылады деп айтуға болады. Осылайша, «дауды шешу» ұғымы тараптардың даулы қатынастарының (келіспеушіліктерінің) сақтау мүмкіндігін білдіреді, бұл көбінесе сот шешімдерін ерікті түрде орындаудан бас тартуына жəне тараптар арасындағы болашақтағы əріптестік қатынастарының тоқтауына əкеліп соғады, ал «жанжалды шешу», керісінше, жанжалды тоқтатуға, оның жоюға, өзіне алған міндеттемелерді өз еркімен белсенді орындауға əкеледі, мұның өзі тараптардың əріптестік қатынастарының сақталуына септігін тигізеді.
Сот жүйесіндегі тазалықты, əділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болған медиация саласын татуласудың төте жолы деп білеміз.
А. Рустемова. Шымкент қаласы кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.