Қазақ қоғамында әрдайым адалдық, азаматтық тәрізді қасиеттер жоғары бағаланды. Халқымыз жас ұрпақты ар тазалығына, абыройлы болуға тәрбиелеген. Ұлттық тәрбиеміздің негізі адалдық, ар, намыс, ұят, адамгершілік секілді қасиеттермен астасып жатыр. Бабалар даналығы «біреудің ала жібін аттама», «Жарлыболсаң да, арлы бол», деген тиымдарымен адами құндылықтарды жоғары қояды. Ұлы Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол» десе, Шәкәрім қажы: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен адалдық ар үшін жи» деп бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айтады.
«Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді» дейді қазақта. Осындай текті елдің ұрпағы мекендеген елді сыбайластық жайлап кеткені өте өкінішті. Сыбайлас жемқорлық еліміздің экономикасына, болашағына елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Елбасымыз Н. Назарбаев сыбайлас жемқорлықты қоғамның көмегінсіз жеңу мүмкін еместігін бірнеше рет атап өтті. Ал қоғам болып күресу үшін бабадан қалған тəрбиені негізге ала отырып қарапайым қағидаттарды сақтай білген абзал.
Бірінші кезекте сыбайластыққа жол бермеу əрбір азаматтың міндеті. Қазақстан Республикасының заңын, өзінің құқығын білген адам ешқашан сыбайластыққа бармасы анық. Заңды белден баса отырып, пара ұсынып, байқаудан қиындықсыз өтуге, уақыт үнемдеуге, дипломды сатып алып, баласын беделді жұмысқа орналастыруға жол бермейді. Себебі əрбір саналы адам бұл қадамның жекелеген адамнан бастап, тұтас қоғамға зиян екенін біледі. Бойында ұлттық сенімі мен елге деген жанашырлық қасиеті бар əрбір жан теріс қылыққа бармасы анық. Сыбайлас жемқорлық оң нəтижеге жеткізбейді.
Сыбайлас жемқорлықпен айналысу жеке адамның сана-сезімін улап, дүниетанымдарын бұзады. Елімізден қоғамның осынау дертімен күресудің сан алуан жолдары қарастырылып келеді. Елбасымыз өзінің Жолдауларында сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізгі бағдарламалық бағыттарын белгілеп берді. Ата Заңынымызда арнайы бап қарастырылған. Өкінішке орай аталмыш баб бойынша жыл сайын бірқатар азаматтарымыз жауапқа тартылып жатады. Əйтсе де қоғамда кеңінен белең алған дерттің тиылар түрі байқалмайды. Сондықтан Қазақстан жемқорлықпен күрес тəсілін бір сəт те тоқтатпақ емес.
Жалпы алғанда жемқорлық мəселесі əлемнің көптеген елдерінің бас ауруына айналып үлгерген. Онымен үздіксіз күрес жүргізу əлем елдерінің басты міндеттерінің біріне айналып үлгерген. Əр елдің сыбайлас жемқорлықпен күресу əдісі саяси жəне экономикалық тұрақтылығына, қатар əдет-ғұрпы мен салт-дəстүріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мəдениет деңгейіне жəне аумағына, халқының саны мен орналасу тығыздығына байланысты.
Қазақстанда 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітілді. Стратегияның мақсаты – Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар қолданып, құқық қорғау жəне сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мəдениет деңгейін қалыптастыру секілді бағыттарда жұмыс жасап жатыр.
«Адал болғың келсе, жаныңда адал достарың болсын» дейді Менандр. Тəуелсіз еліміздің кемел келешегі мен дүниежүзінің алдындағы абыройы үшін əрбір қазақстандық өзі-өзі адалдыққа, адамгершілікке баулыса, айналасына адал жандар жиналары сөзсіз. Халқымызда «адалдық ұмытылса, ақыл мен ерлік бос дыбыс» деген тамаша даналық бар. Демек бүгінгі аға буынның алдында жас ұрпақты адалдыққа тəрбиелеу міндеті тұр. Жаны таза адам біріне-бірі жаны ашитын, елім, жерім дейтін тұлға болып ержетері анық. Демек сыбайластыққа қарсы іс-қимыл тек мемлекет тарапынан ғана емес, жекелеген, Отанының болашағына бей-жай қарамайтын əрбір азаматтың міндеті болмақ.
М.Ахметова, жетекші маман.